Медиастенит ауруы туралы айтпас бұрын балалардың көкірек сүйегі мен омыртқа аралығының анатомиясының ерекшеліктеріне тоқталып өтейік.
Көкірек сүйегі (төс сүйегі) мен омыртқа аралығына өңеш, ауа жүретін бас кеңірдек — трахея, оң және сол жақ өкпеге ауа баратын үлкен бронхылар, қолқа қан тамыры — аорта; иық, бас артериясы, өкпе артериясы, төменгі және жоғарғы күре тамырлар, кеуде қуысының көптеген лимфа бездері, лимфа тамырлары, тимус безі, жүрек қабы және жүрек орналасқан.
Көкірек сүйегі мен омыртқа аралығы оң және сол жағынан кеуде қуысының көк еттері арқылы ажырап тұрады. Көкірек сүйегі мен омыртқа аралығындағы кеңістікті үшке бөледі. Оларды көкірек сүйегі мен омыртқа аралығының артқы, ортаңғы және алдыңғы бөлігі деп атауға келісілген.
Көкірек сүйегі мен омыртқа аралығының артқы бөлігіне — өңеш, лимфа бездері, көкірек қуысындағы лимфа тамырлары жайласқан. Ортаңғы бөлігіне — трахея, бронхылар, аорта, жүрек қалтасы мен жүрек орналасқан. Көкірек қуысының алдыңғы жағына — тимус безі мен жүрек қалтасы.
Осы аталған органдардың арасын үлпілдек мақтаға ұқсаған тканьдер жауып тұрады. Балалардың кеуде сүйегі мен омыртқа аралығының ортасына орналасқан органдар өте нәзік келеді. Кеуде тканінің үлпілдек нәзік болатындықтан, қан және лимфа тамырлары көкірек қуысындағы қабынуды денеге тез таратады, жалпы организмнің улануын тездетеді.
Көкірек сүйегі мен омыртқа аралығының қабынуын медиастенит деп атайды. Медиастениттің пайда болуына себептер көп. Ғалымдарымыздың тұжырымдауы бойынша, медиастенит өңештің жаралануынан пайда болады.
Бұл сәбидің түйреуіш сияқты үшкір заттарды жұтып қоюынан, құстардың және балық сүйектерінен де өңеш жарақаттанады. Өңештің бүлінуіне, тесілуіне ыстық тамақтан болатын күйіктің де әсері бар.
Өңеш өңешті кеңейтетін түрлі өңеш кергіш аппараттың жыруынан, құсудан да тесілуі мүмкін. Медиастениттің пайда болуына кеуде қуысындағы бездердің, жұтқыншақтың артындағы кеңістіктердің қабынуының да әсері бар. Бұған кеуде сүйегі мен омыртқа аралығы органдарының тікелей жаралануынан болатын — қан ұюы да себеп болады.
Өңеш тесіле салысымен-ақ оның айналасындағы үлпілдек тканьдер ісініп-қабынады, тесілген жерден жұтынған кезінде кеуде қуысына ауа келіп — эмфизема пайда болады. Мойын тканьдерінің ішіне және көкірек сүйегі мен омыртқа аралығындағы кеңістікке жиналған ауа кеңірдекті, өңештің өзін және нерв тамырларын қысып ығыстыра бастайды.
Сонымен бірге өңештің тесілген жеріне ауыздағы сілекей, тамақ қалдықтары түседі. Бұл қабынуды үдетіп, аурудың асқынуына әкеліп соғады. 6-8 сағаттың ішінде-ақ өңеш айналасы, көкірек сүйегінің асты мен омыртқа ортасындағы қуыс іріңге толады. Бұл кезде өңеш жарасы қара қошқылданып көмкеріліп, іріңнің фибрин түстес пленкасымен қоршалады.
Өңеш білеуленіп ісініп, үлкейіп көрінеді. Егер өңешпен бірге кеуде қуысының көк еті бүлінсе (тесілсе), кеуде қуысында пиопневмоторакс пайда болады.
Екі-үш күннен кейін өңештің тесілген жері үлкейіп, айналасы жансызданып, от қарығандай болады. Өңештің айналасындағы ірің (басқа жердің іріңіне ұқсамайды) қан араласып қызғылт түстес болып көрінеді. Ол асқазаннан өңеш тесігі арқылы келген асқазан қышқылының әсері. Асқазан қышқылы өңеш айналасындағы тканьдерді ірітіп, ерітіп жібереді.
Сондықтан да асқазан сөлі өңештің тесілген жеріне тисе медиастенит өрши түседі. Арада 7—8 күн өткеннен соң өңеш айналасындағы үлпілдек тканьдер қалталанып, әр түрлі ірің пайда болады. Ол ірің кеуде қуысының қабынуынан да байқалады. Медиастенитті шамамен үш жетіден 3 ай аралығына дейін емдейді.
Медиастенит ауруының білінуі мен оның пайда болу себептері.
Адам денесінің жоғарғы кеуде бөлігі көкрек туралы.
Медиастенит ауруын емдеудің қандай тәсілдері бар.
Өкпе деструкциясын рентгеннің көмегі арқылы тексеру.