«Аяулы Анам» байқауы «Ана жүрегі» атты шығарма

Ана жүрегі

    Түнімен жайсыз түс көріп, қара терге шомылып шыққандай болған Қадиша ана жылы төсектен әдеттегісінше ерте тұрды. Қабырғадағы сағатқа қараса, сағат тілі таңғы алтыны көрсетіп тұр екен. Өз түсінен өзі шошынып, «Жалғызым ештеңеге ұрынбай аман-сау болса екен» деп тілеген кейуана екі кісі әрең айналатын кішкентай ас үйге кіріп, электр шәйнекті токқа қыстырып, таңғы ас қамына кірісті.
Жеңіл-желпі аспен оразасын ашқасын да жүрегі атқақтай соғып, берекесі кетті. «Маған не болған өзі? Түс түлкінің боғы» деген ғой бұрынғылар. Қой, жаманат шақырмайын» деп өз-өзіне басу айтқан болды. Зейнеткерлікке шықса да жастайынан бейнет тартып, еңбекке ерте араласқан адамға күнұзақ үйде отыру азаптың нағыз өзі екен. Көрші кемпір-шалдарға қараса, ештеңемен ісі жоқ, таңның атысынан күннің батысына дейін есік алдында өсек айтып, карта ойнап уақыт өлтіреді. Бұл болса, ала жаз бойы зейнетке шығар алдында сатып алған саяжайда тырбанып, қысқыға көкөніс тұздап, түрлі жемістерден тосап қайнатып әуреленеді. Қолы қалт етсе болды, онан-мұнан сұрап алған шөкімдей жүнді түтіп, иіріп болған соң  кеш бойы көз майын тауысып, жылы шұлық, қолғап тоқиды. Азғантай зейнетақыма біраз сеп болсын. Одан қалса, әлгі ұл оқуын бітіріп келіп, үйленем десе үйде аздаған қаражат тұрса, шекемді жармас деп ойлайтын. «Құлыным да хабарласпай кетті ғой. Аптасына бір-екі рет қоңырау шалып тұрушы еді. Бірдеңе боп қалды ма?» деп ойлағанда тұла бойы шымырлап кетті.

ana-juregiҚарт ананың мазасын алып, санасын жайлаған ой мектепті үздік аяқтап, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияда оқып жүрген жалғыз ұлы Айдардың жайы еді. «О, Жасаған Ием, жалғызыма жар бола гөр. Қайдан ғана жібере қойып едім. Осы қалада оқитын институт құрып қалғандай? Қалқиып алдымда жүрсе, бүйтіп уайымдамас едім. Осыдан келсін, жанымнан екі елі шығармаспын. Ия, Алла құлыныма өзің пана бол. Мейірімі күшті Алла жалғызыма таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деп ойлады.

Ойы онға, санасы санға бөлінген Қадиша ана өзімен-өзі отырып, өткенін еске алды. Ойлап отырса, тартпаған бейнеті, көрмеген азабы жоқ екен. Анадан жалғыз туып, ақылшы болар аға, сырласар апа, мұңдасар іні-қарындасы болмағасын жастайынан-ақ біреуден қиянат көрсе жападан жалғыз отырып , көңілдің шыңырауына түсіп, ой тұңғиығына бойлаушы еді. Бүгін де түсіне енген анасының бейнесін көз алдына елестетіп, өзімен-өзі іштей сөйлесіп отырды. Анасынан жалғыз туғаны осындайда сезілуші еді. Қайтсін, марқұм анасы мұны әкесіздігін сездірмеймін деп жанын жеп, өсіріп еді. Үлде мен бүлдеге орамаса да, қатарынан кем еткен жоқ. Өзі де ауру-сырқаулы жан еді. Өмірден ерте кетті. Жалғыз қызынан туған жиен немересі Айдардың қызығын қызықтауға да Алла жазбапты. Айдарды кішкене күнінен бауырына басып, ауыл арасындағы жиын-тойға барса да қасынан тастамаушы еді. Ботасын ерткен інгендей жетектеп, әлжуаз неме шаршаса арқалап жүретін. «И-и-и, сұм ажал десеңші. Анашымды жалғыз немересі үй болып, шаңырақ көтергеннен кейін алсаң қайтер еді? Қайтейін, армансыз пенде бар ма? Анашым арманда кетті ғой» деп күрсінгенде көкірегі қарс айырыла жаздады. Анасы дүниеден өткеннен кейінгі асын ағайын-туыс, дос-жаранның көмегімен қолдан келгенше атқарды. «Марқұмның қызы жарады. Өресіз он ұлың болғанша, өнегелі бір қызың болсын деген осы да» деп қауқылдасты қаралы асқа жиылған кемпір-шалдар. Айдары ол кезде он үшке жаңа аяқ басқан. Сүйікті әжесінен айырылғанына қайғырса да, онысын сырт көзге сездірмей бекем жүрді. Жанына көршінің екі-үш баласын ертіп алып, келген кісінің қолына су құю, отын жару, су тасу секілді жақынынан айырылған үйдің бітпейтін күйбең жұмысының басын қайырған. Әжесінің денесін жүк машинаға артып, қорымға апарып жерлеп қайтқанда да көзінен мөлт еткен тамшы жасын байқамады. «Ұлым әкесіз өсіп, өзін қатарлас құрбысынан кем санап, қатыгезге айналды ма?» деп алғашында кәдімгідей тіксініп қалды. Сөйтсе, мұнысы бекершілік екен. Ұлының бұл қылығы өзін кәдімгідей ер жетіп, жігіт болып, үйдің бас көтерер азаматы екендігін білдіргендігі екен.

Үйдің ақыл айтар үлкені дүниеден озғаннан кейін жесір әйел мен жетім бала мекендеген үйдің сиқы кете бастады. «Жұт жеті ағайынды» дегенді бұрынғылар осындайда айтса керекті. Үйге айбар болар еркектің жоқтығын біліп, жалғызбасты әйелді басынған ауыл ұрылары тапа-тал түсте қорасына түсіп, жалғыз ұлымның еншісі деп бағып отырған азғана малды ұрлап бітірді. Бәрінен де жанына батқаны құнажын шығар үш тайыншаға айырбастап, Айдар он екіге толғанда «Құлыным, бұл сенің бәсіре тайың. Марқұм нағашы атаң сен тумай жатып қайтыс боп кетіп еді. Көзіндей көріп, мініп жүр» деп сыйлаған көк атты күздің қараңғы түнінде қорасынан алып кеткені еді. Ұры алыстан келуші ме еді. Көк атты жетектеп шығып, көрші ауылдағы құда баласына мінгізіп жіберген өзінің жамағайыны Айдаболдың ұлы екен. Сөзден сөз шығып, ауыл милициясы соңына шырақ алып түскеннен кейін, әлгі жетпегір «Апатай, жаздым-жаңылдым, кешіре гөріңіз. Өтінішіңізді қайтып алыңызшы. Менің де кішкентай балаларым бар ғой» деп жалынып келгеннен кейін «Жақсының кегі шәйі орамал кепкенше, жаманның кегі басы жерге жеткенше» деген аталардың тәмсілін еске алып, әрі мал орнына мал салғасын, ағайын арасының ыза-кегін тудырмайын деп кешіріп еді. Осы оқиғадан кейін «Енді қайттім, мені ауылдың ұры-қарысы түгел басынды ғой. Қалаға көшіп кетсем бе екен?» деп екіұдай көңілде жүргенде қаладан келген анасының бауыры Қалимолданың сап ете түспесі бар ма? Нағашы деген аты болмаса, өзінен бірер жас қана үлкен Қалимолда келе сала бұған: «Берекесі қашқан ауылда отырып қайтесің? Одан да қалаға көшсейші. Өзім ақ пәтер алып беремін.» деп азғырғанына еріп, әрі Айдар мектеп бітіргесін оқуға түседі ғой, қалада өз үйінде тұрса, жақсы болар еді. Қанша жерден ағайын болса да, өз үйіңдей қайдан болсын. Оның үстіне бұл кезде бұрын дүркіреген  кеңшардың бір бөлімшесі болған ауылдарында басшылар кеңестік дәуірден қалған малдың көзін құртып, барлық техника ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен еді. Ауыл адамдары қолдағы азғана жеке меншік малдың сүті мен етіне қарап, техникасы барлар ауылдың баурайындағы қарағайлы орманның ағашын сатып, қысқыға шөп шауып пайда қылушы еді. Жалғызілікті адамда не күш болсын. Қайсыбір жанашырың бар? Әркім өз тірлігін күйттеген заман туды ғой.

Осы ойға бекінген Қадиша шешесінің жылын бергеннен кейін жаз ортасында қолдағы сауын сиырларын сатып, он жылдан аса тұрған үйін ақшаға айналдырып, қаладан келген Қалимолдаға көк теңгені шытырлатып санап беріп, өзі де бір жетіден кейін киім-кешек, керек-жарағын буып-түйіп қалаға келді. Жол бойы көңілі бұзылып, жүрегі аузына тығылып бір түрлі боп еді. Сөйтсе мұнысы жайдан жай емес екен. Жақыным деп сенгені жаттан жаман боп шықты. Қалимолдасы түскір пәтер алмақ ойы да жоқ, Қадишаның көп жылғы маңдай терін төгіп тапқан ақшаны суша сапырып, қызыққа белшесінен батып жүр екен. Ойда жоқта алданып, опық жеген ана байғұс ұлын жетелеп, көңіл жақын туыстың үйін біраз паналағасын, пәтер жалдап алды. Сегіз жылдық мектепті бітіргесін үкіметтің малын бағып, сиырын сауып күнін көрген Қадишаның қолдан келер кәсібі жоқ. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген сөзді жастайынан жадына тоқыған ол базарда пісте сатып, көше сыпырып, әупірімдеп пәтер ақысын, ішер тамағы мен киер киімін айырып отырды. «Қартайғанда мұндай жағдайға тап болармын ба? Сорлы басым-ай! Қалай ғана алданып қалдым?» деп оңашада көз жасын сығымдап алушы еді. Көңілге демеу болары Айдарының мектепте үздік оқып, әр түрлі ғылыми жарыстарға қатысып жүлделі орын алып, мектеп директоры мен ұстаздардың аузына ілігуі еді. Жеңіспен оралып, қуанышы қойнына сыймай келген ұлының нұрланған көзінен бойына қуат алушы еді. Айдары жайсаң жігіт болып өсті. Дос-құрбысына сыйлы, мектептің мақтанышы болды. Содан емес пе он бірінші сыныпты тәмәмдағасын бағы жанып, «Болашақ» бағдарламасына ілініп қияндағы Англияға оқуға кеткені. Айдар алыс жолға аттанарда ет жүрегі езіліп, қаншалықты қимаса да «Жалғыз ұлымның бағын байламайын» деген оймен сәт сапар тілеп қала берді. «Заман оқығандікі. Барсын, оқысын. Қадишаның ұлы шет елде оқып жүр екен деген сөздің өзі қандай! Аман-есен оралса, елінің сенімін ақтайды ғой» деген ойды көңілге медеу тұтты. Ендігі тілегені ұлының университетті жақсы атпен бітіріп, елге оралуы. Аллаға шүкір, техникасы дамыған ғасыр ғой. Айдар аптасына бірнеше рет қоңырау шалып, хал-жағдайын сұрап, жазғы демалысына келгенде сәлем-сауқатын алып келіп жүрді. Соңғы кезде денсаулығы сыр беріп, сәл нәрсеге қобалжып, жүріс-тұрысы қиындап кетіп жүрсе де, «Балапаным мені ойлап алаңдамасыншы» деп сыр бермеуші еді.

Ендігі жерде Қадиша ұлым елге келсе, үйге келін түсіріп, немере сүйсем деген арманның ұшығында жүр. «Ия, Алла, жалғызымның тілеуін бере гөр» деп іштей күбірлеп отырған оның ойын төргі бөлмедегі телефонның шылдыры бөлді.

Трубканы алып: Алло! — дегеннен кейін ұлының дауысын естіген ана байғұс:

—         Құлыным -ау! Қалың қалай? Неғып хабарласпай кеттің? Денсаулығың

жақсы ма? Ауырып қалған жоқсың ба? деп, сұрақты үсті-үстіне жаудыра кетті.

—         Бәрі жақсы, мама! Ауырған жоқпын. Оқуым жақсы. Алла жазса,

жақында диплом аламын, — деп бір кідірді.

Сыралғы ана ұлының үндемей қалғанынан бір жаңалық айтайын дегенін түсіне қойды.

—         Айдар, бірдеңе боп қалған жоқ па? Не айтайын деп едің? — деді даусын

қатқылдау шығарып.

—         Ма, — деді ұлы бала кезгі әдетімен.  Мен үйленемін . Аузына

сөз түспей абдырап қалған анасы үндемеген соң:

—         Мама, не болды? Сіз ештеңе ойламаңыз. Ол жақсы қыз. Менімен бірге

оқиды. Есімі Айнұр. Екеуміз төрт жыл бойы араласып жүріп, бір-бірімізді сүйетінімізді  түсіндік. Мама, сіз қуанбайсыз ба? — деді дауысы бәсеңдеп.

—         Жоға, құлыным! Үйлене ғой! Есім шығып кетті ғойі. Саған

ұнаса, расында да жақсы қыз болды ғой. Ертең екеуің қол ұстасып келгендеріңді көргенде қалай шыдайды екенмін, — деп кемсеңдеп кетті.

—         Мама, неге жылайсыз? Қуану керек қой. Жыламаңызшы! — деді ұлы

қиыла сөйлеп.

—         Қуанайын, құлыным, қуанайын.  Қуаныштың көз жасы ғой бұл. Қашан

келуші едіңдер?  Мен мұнда ағайынға хабар беріп, тойға дайындала берейін.

—         Алла жазса, екі аптадан кейін жолға шығамыз. Самолетке отырарда,

хабарласамын. Кешіріңіз, мен сіздің халіңізді де сұрамаппын ғой. Денсаулығыңыз қалай? Жақсысыз ба?

—         Ой, құлыным ай! Мені қайтесің, өзің аман болшы. Мен тәуірмін ғой.

Мына хабардан кейін мүлдем жақсарып кеттім.

—         Жақсы, мама! Мен тағы да қоңырау шаламын әлі. Сау боп тұрыңыз.

—         Сау бол, ботақаным, деп күбірлей бере Қадиша телефон тұтқасын орнына қойды.

«О, Жасаған Ием, мұныңа да шүкіршілік. Құлынымның шаңырақ көтеріп,  жеке отау болғанын көргесін алсаң разымын». Қадиша орнынан тұрайын деп еді. Буын-буындары әлсіреп, өз-өзін билей алмай, отырған жеріне сылқ ете түсті. Басына қандай ауыр іс түссе де мойымаған, жасымаған ана жүрегі өміріндегі ең үлкен қуанышты хабарға шыдамай мәңгілікке соғуын тоқтатты.

Теміров Ербол Рахметоллаұлы

   
Пікірлер12
  1. Зине

    Мерекеге арналған байқау сценарийі тамаша

  2. Оразамбаева Айжан

    Өте керемет. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды.

  3. Айнур

    Шығарма өте керемет жазылған. Астарында жатқан мағынасы өте терең

  4. Сауле

    Өте жақсы жазылған.

  5. Айдын Қанатқызы

    «Жұмақтың кілті анаңның табанының астында» деген сөздің мәнін ашу үшін анаңызды меккеге үш рет апару аздық етеді.

  6. Айдын Қанатқызы

    Ең аяулы жанашыр жан,
    Кім бар артық анашымнан.
    Күнім сенсің шуақ төккен,
    Қымбаттысың бар асылдан.
    Жан жылуын аямаған,
    Тілекшіміз сая болған.
    Ардақтаймын жан анамды,
    Мәпелеген, аялаған.
    Бауырында қанатыңның,
    Қамсыз өсіп, дара тұрдым.
    Әлдиіңмен сіңіргенсің,
    Қасиетін ана тілдің.
    Мейірімді жүрегіңмен,
    Төктің арай нұр өңіңнен.
    Әлем бейбіт күн кешуде,
    Сенің ізгі тілегіңмен.

  7. Гулим

    тамаша жазылған екен!!!

  8. Шығарма ұнады өте жақсы жазылған.

  9. ЖЕТЕК ШАЙХЫ

    Бұл мақала ананың өлімімен тамамдалғанына налып кеттім. Соның ішінде соңғы бөлімі ұнамады. Өмір шындығы , қашанда шындық. Дегенмен………… ? Оны Ерболжан басқаша өрбітіп, ананың арманы мен тілеуін орындатқанда тамаша болар еді.Қашанғы аналарды жылатамыз. Итак, өмірде мерт болып, жылап жүрген аналар жетіп артылады емес пе. Дүниеде өмірге сән берген, мән берген,өмір берген анашымды қалам ұстап, жазған шығармамда да мәңгілік жылатпаймын — МЕН. Себебі, ол менің АНАМ. Себебі, ол менің-ӘКЕМНІҢ ЖАН ЖАРЫ. Мені мынадай жарық дүниеге әкелген де-АНАМ. Қарашы айналаңа, қандай тамаша. Өмір сүргің келе ме? Жауап: ИӘ.1000 күнгі жұмақтан, бір күнгі тірлік артық. Ғұмырлы бол ана. Аналарымыз жыламасын мәңгілік. Аналарлың тағдырын бәйгеге салмас едім. Себебі АНА қашанда бәйгеде алда, Анам бәрінен озып, барлық тілеуі орындалады. Оны бір АЛЛА қолдайды. Анаға мәңгілік борыштымыз. Бұл менің жеке пікірім.Солай Ерболжан.

  10. Яяя жақсы екен.

  11. Aidos

    дұрыс айтасың

  12. Гүл

    Мұны жазған қай жастағы адам? Өте тамаша , өмір шындығы. Бағасы 5.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ