Ұстаз ұлағаты


Erketai / Апр.16.2016. / Пікірлер жоқ

Ш.А.Амонашвилидің «Без сердца что поймем» кітабын қолыма алдым. Аты айтып тұрғандай адамға тіршілік сыйлап тұрған осы кішкентай ғана «әлемнің», яғни жүректің қыр-сырына үңілгім келді. Автордың қай кітабын алып оқысам да, еркін ойлау, жүректі тыңдау, өзіңді сыйлау керектігін ескертеді. Мұнда да өміріме азық болатын дүниелер өте көп екен.
«Үш мектептен қуылған «қиын» оқушыны бір мектепке алып келеді.
Сабаққа кірген мұғалімдердің бірі оған қарап: «Осындайлар қайдан шығады екен, а?!» — деп ойлана қарады. Енді бірі: — Сен жетпей жүрген едің, — деді мысқылмен дауыстай.
Үшінші сабаққа кірген мұғалім:
— О, бізге жаңада оқушы келген бе? Керемет!
Үрки қараған оқушыға келіп, қолын қысып, көзіне күлімсірей қарап:
— Сәлеметсің бе, мен сені күттім! — деді».
Міне, автордың шеберлігі!
Мұғалімге бұдан асқан қандай көмекші құрал керек. Ол ешқандай мектепке симаған, шатағымен аты шыққан, бүкіл ұстаз атаулы жек көре, жиіркене қарайтын, сондықтан да өзін «қиын оқушы» деп атағанына құлағы әбден үйренген оқушының өмірін бір-ақ ауыз жылы сөзбен дұрыс бағытқа бұрып жіберді ғой.
Ұстаз ұлағаты деген осы шығар, сірә!
Иә, соңғы мұғалім де бәрі ұната бермейтін баланы аса жақсы көріп тұрмағаны белгілі. Дегенмен, ол оны білдірген жоқ. Ол оны айтқан жоқ. Тек қана қуанышын жеткізді. Ал бұзық оқушы енді осы мұғалімді ерекше жақсы көретін болады. Дәл осы сабақты жақсы оқып кетпесе де, үйге берілген тапсырмаларын орындамауға ұялады. Демек, нәтиже бар.
Мен де осы хикаяны оқыған соң, өзімнің үлгермейтін оқушыларыма оларды соншалықты жек көрмейтінімді, тіпті жақсы көре бастағанымды жеткізуге тырысып, ерекше көңіл бөле бастадым. Және бұл нәтижесіз болмады.
Кітап жүректің рөлінің адам өмірінде тек қана тіршілік етуіне қажетті он екі мүшенің бірі ғана емес, жүрекпен қатысты шешілетін күрделі қатынастарды да сипаттаған.
« — Ата, сен не деп күбірлеп жатырсың, — деп сұрадым мен ұйықтар алдында іштей сыбырлап сөйлеп жатқан оған.
— Ойымды жүрекке жеткізіп жатырмын, балам, — деп жауап қатты ол.
Мен аң-таң.
— Бұл не дегеніңіз?
Сонда ақылды атам маған былай деді:
-Мені қатты ренжіткем көршіммен араздасқым келмейді, ал қалай жасарымды өзім де білмеймін. Қазір ойларымды жүрекке қалдырам да ұйықтаймын, ал таңертең не істеу керек екенін жүрегім айтады»
— Ата, жүрек оны қайдан біледі?

ustaz-ulagati


— Жүрек барлығын біледі, балам, мен өмір бойы содан үйреніп келемін және саған да соны айтамын. Күрделі сұраққа жауап таба алмаған кезіңде, не бір нәрсе түсініксіз болса, ұйықтар алдыңда жүрекке ойларыңды қалдыр, ал таңертең сол сұрақтардың жауаптарын табасың. Бұл нәрсені тек сеніммен жаса.
Мен сол кезде тоғызда екенмін. Өзімнің педагогикалық жұмыс тәжірибемде ұйықтар алдында қиын сұрақтарды жүрекке қалдыру арқылы жауаптарын тапқан екенмін».
Шынында да, жүрегіңді тыңда деуші еді ақылды үлкендер. Сенім, сезім, ақыл, қайрат бәрі жүректе емес пе?!
Жүрегіңмен оқы, жүрегіңмен тыңда, жүрегіңмен қабылда деген тіркестердің маңызын да кейін түсіндік.
Автордың мектепте «Жүректану» сабағын енгізгім келеді деген сөзінің жаны бар. Ол үшін менен оқу ісінің меңгерушісі міндетті түрде стандарт сұрайды және сол сабақты енгізуге берілген рұқсатты талап етеді. Менің мақсаттарыма кедергі келтіретін стандарттарды қабылдай алмаймын мен, әділдік тек жүрек арқылы ғана үстемдік құрады, тек жүректің құдіретімен ғана, — деп шырылдайды.
Автор ежелден қалыптасқан «қатып қалған» қағидалардың сеңін бұзып, стандарттарттарға емес жүрекке бағыну керектігін тілге тиек етеді.
Жүрек сабағы Өмір сабағына, яғни сананы дамыту сабағына айналады. Ол сабақтардан бала ұлы сезімдердің қуаты өз шешімін табады, шырқау шегіне жетеді. Мұнда да автор жүректің маңыздылығын айқындай түседі. Мұндай сабақтарда оқушылардың рухани қабілеті ашылады. Осы арқылы олардың өз жүрегіне деген махаббаттары беки түседі. Ал нәтижесінде ұстаздың да кәсіби әлемі кеңіп жүрегі мейірім мен рухани күшке толады.
Оқушы мен ұстазды жақындастыратын, олардың жүректерін түрлі құндылықтарға толтыратын осындай сабақты мектеп бағдарламасына енгізу керек дегенді Амонашвили осы еңбегінде түрлі мысалдармен, дәлелдермен, өнегеге толы аңыз-әпсаналармен көрсетіп, идеясының бос қиял еместігін дәлелдей түседі.
Жүректі тыңдап өскен баланың жамандықтарға құмартуы, қателіктерді қайталай беруі мүмкін емес. Әр сабағымызды жүрекпен өтіп, мейірімге толы көзқарастармен оқушыларды баурап алып, оларға деген сүйіспеншілігіміздің соншалықты жоғары деңгейде екенін көрсете алуымыз керек. Баланың жүрегі аппақ әлі әріптер түспеген қағаз сияқты. Ал ол парақтарға әртүрлі шимайлар немесе қатарласа тізілген әріптердің әдемі түсуі сіз бен бізге байланысты, әріптес. Амонашвили жүрек таза болмай іс оңбайтынын да ескертеді. Армандар мен мақсаттардың жүзеге асуы да адамның жүрегін қаншалықты жиі тыңдайтынының дәрежесін көрсетеді.

Пікір жазған: Байрова Акжан Бактыбавна

smile

Пікір қалдыру

Тек мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз сұрағыңыз болса мына сілтемені басыңыз!