Қазақ халқының қолөнері сонау ескі заман тарихынан бірге өсіп келе жатқан өте бай қазына. Тарихқа үңілсек, ерте кездегі адамдардың үнемі жақсылықта, қиыншылықта болғанын байқаймыз. Олар табиғатқа тәуелді болды: күннің көзіне жылынды, аң етін, шөпті қорек етіп, тау үңгірлерді баспана, ағаш-тасты қару-жарақ етті.
Адамдар мыңдаған жылдар бойы үздіксіз күрес, тынымсыз еңбек үстінде өздерінің қару-жарақ, мекен-жайларын жетілдіре білді. Сөйтіп, күрес пен еңбек адам баласының сана-сезімін оятып, тәрбиелеп өсірді, еңбекті бірлесіп істеуге үйретті. Адамның еңбекке бейімділігі арта түсті. Олар енді тасты жарып, егеп, қашап, мүсіндеп ыңғайлы етіп тұтынуды үйренеді.
Осы жерде қазақ халқының қолөнері деп халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық өнер жиынтығын айта кетуге болады. Атап айтар болсақ, қолөнердің өзі, кілем өнері, қолмен тоқу өнері, арқан жіп есу өнері, қайыс өру өнері, былғары өңдеу өнері, сүйек пен мүйізді ұқсату өнері, зергерлік өнері, кесте және көркемдеп тігу өнері т.б.
Қазіргі уақытта ұзақ жылдар бойы ата-баба жолын, халықтық мұра, шешендік сөзбен жыр маржанын «ескіліктің қалдығы» деп қарап келдік. Елдің бүгінгісі кешегі тарихымен астасып жатады. Өткенінен хабары жоқ жандардың болашаққа да берері шамалы болмақ. Халықтың тарихы тағылымы ұрпақ тәрбиесі мен оған берген өнегесіне байланысты. Келешектің кемшіліксіз болмауын ойлаған ел бүлдіршінін бесіктен тәрбиелейді. Одан әрі дәстүр
өнегесін санаға сіңіреді. Қазақ халқы «Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» дейді. Қазақтың қолөнері де өзінің тума қасиетімен, көркемдік мән-мағынасымен ерекшеленеді. Қолөнер үлгілері ұлттық өнеріміздің аса бір құнарлы да, қызықты саласы ретінде бүгінгі рухани сұранысымызға да қызмет етіп, мәдениетіміздің маңызды бір қырына айналып отыр, ол сонымен бірге халықтың белгілі бір тарихи кезеңдегі таным түсінігінен, өмір салтынан сұлулық туралы түйсік-талғамынан хабар береді. Демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты, ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы баии түседі. Қандай-да бір қолөнерді алсаң да, алдымен тәрбиелік мән жатыр. Мектеп жасына дейінгі тәрбиеде қолөнер түрін дәріптеу – олардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін арттырады.
Зергерлік — өте ерте заманнан келе жатқан өнер. Қазақ арасында жалпы темір соғатын ұсталарды да, зергерлерді де «ұста» деп атаған. Ұста сөзі шебер, өнегелі, ісмар деген ұғымда ағаш ұстасы, күміс ұстасы, сөз ұстасы деген сияқты тізбектеліп айтыла береді. Бірақ алтын, күміс әшекейлі бұйымдарды жасаушылар өздерін темір ұстасынан бөлек санаған. Зергерлік қолөнердің басты-басты үлгілеріне тоқталайық.
Білезік — әйелдердің, қыз-келіншектердің әшекей бұйымы. Білезіктің қос (жұп) білезік, бес білезік, жұмыс білезік көзді, өрме, топсалы, үзбелі деген түрлері бар. Оның пішіні неге ұқсайды? Жаңа туған айға немесе С әрпіне ұқсайды. Бұлардың үлкен-кішілігі, ауыр-жеңілдігі т.б. Неден жасалады? Күмістен, алтыннан немесе әртүрлі асыл тастардан көз салып жасалынады. Мысалы, көзді
білезікке тоқталайық. Жұмыр немесе жалпақ күмістің, не алтынның бетіне бедерлі ернеулер жасап, ақ, көк, қызыл, жасыл түсті асыл тасты көздер орнатады. Көздерді ұстап тұратын ернеулі ұялар батыру, сызу, бедерлеу, бұрыштау, әдістерімен өрнектеледі. Ал енді «өрме білезікті» алайық, — сәндеп дайындалған жуан немесе жіңішке алтын, күмістен жіптерді өріп, құрастырып білезік жасайды. Білезіктің екі жақ басы екі алақан сияқты жалпақ келеді. Алақанның бетіне «қазтабан», «жүрекше», «қосырғақ» өрнектерінің бірі жүргізіледі.
«Сақина мен балдақтар» саусаққа салынады. Пішіні дөңгелек, әйел әшекейі болғанымен, ерлерде салады. Сақинаны «жүзік» деп те атайды. Сақинаға асыл тастардан көз салынады, ал балдақтың көзі жоқ бірыңғай болады.
Сақина – тасты сақина, бұрмалы сақина болып түрлерге бөлінесе, балдақ алтын, күміс деп қана бөлінеді.
Сақина, сырғалардың көзіне шеберлер мынадай тастарды пайдаланған.
Теңбіл тас (сланец пятнистый),
Су тас (хрусталь),
Көк тас (малахит),
Құлпырма тас (перламутр),
Зубіржат (изумруд), лағыл (рубин), гауһар (бриллиант) т.б.
Әрбір тастың өзіндік ерекшелігіне мән берген. Мысалы, янтарь (күн сәулелі тас), бұл тастың кейбіреуін адамға құт болады, жаңбыр шақырады, шипалы, тіл-көзден сақтайды деп сенген. Сақина, балдақтар жасауда шеберлер егеу, ысу, қайрау сияқты
әдістермен жасаған. Екі тілділікті билигвализм туралы түсінік беруге болады.
Шолпы — әйел, қыз-келіншектердің әшекейлерінің ішіндегі ең күрделісі. Шолпыны әшекей ретінде шаш ұзын болып өседі деп таққан. Мұны баршылықтың, байлықтың белгісі деп санаған. Шолпының бір түріне тоқтала кетейік.
Қоңыраулы шолпы – біріне-бірі тізбектелген бірнеше ромбы бейнелес күміс құтышалардан құралады да оның ішіне сылдырмақтар салынады, олар сыңғырлап дыбыс шығарып тұрады. «Сыңғырлаған күлкісіне , сылдырлаған шолпысы үн қосады» дейтін теңеу сөз осыдан қалған. Шолпының үзбелі, қозылы, көзді, қоз үзбелі т.б. түрлері бар.
Шашқап. Қазақтың ескі салтында бойжеткен қыздар мен жас келіншектер шашатарына шашқап киетін болған. Шашқапты қыз-келіншектер жүн сабау, киіз басу, ши тарту, үй тігу, мал сауу жұмыстарын жасаған кезде киген. Шашқап, шолпы, алқа, шашбау сияқты бұйымдардағы әдемілік пен сұлулық пен қатар, шашты күнге күйіп сынудан, шаң-тозаңнан сақтау үшін өте қолайлы.
Шашқап – көк, жасыл, қызыл, қара түсті мақпалдардан жасалады. Мақпалдың айнала шеті алтын-күмістен зерленеді, мақпалдың ортасы ою-өрнекпен безеніріліп, ақ меруерт (жемчуг) тізіледі. Айта кететін нәрсе – асыл тастардың әсемдігін, ажарлығын, сұлулығын берсін деген оймен қыз балалардың есімін Маржан, Інжу, Лағыл т.б. деп атаған.
Қазақ зергерлерінің ат-тұрмандарды абзелдеу өнері талай заманнан бері келе жатқан көне дәстүр және ол өзінің әсем де қарапайымдылығымен талай жанды тамсандырған.
Ер-тұрман, белдік, кіселер. «Ер қонағы — ат» деп білген халық мініс көлігі ішінде салт ат мінуді әрі сән, әрі өнер тұтқан. «Жүйрік ат, түзу мылтық ер қайрағы» дей отырып, адам астындағы атын сенімді серік, айнымас дос санаған. Атты келістіріп мінуді өнер санаған. Қазақ оның ер-тұрман, жүген, құйысқанын сәндеп абзелдеуді салт еткен.
Ат-тұрманның ең бастысы – күміс ер. Оны жаппай күміс, ойма күміс, құранды күміс деп бөлген. Ердің тұрмандары тартпа, таралғы, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік те күмістеліп, әшекейленген.
Баланы жастан атқа қонуға үйреткен. Тұрмандарды оюлап, әртүрлі мүйіз, айшық, доға, үшкір, дөңгелек, жапырақ бейнесіне келтіріп кесіп, егеп әдемілейді. Күміс өрнектердің су сызықтарына сары жез, қызыл мыс жіптерде пайдаланылады.
«Кемер белбеу бел сәні, кемелді жігіт ел сәні» деген сөз бекер айтылмаған болса керек. Күміс белдік, кемер белбеу жігіттер мен қыз-келіншектерге тән болса, күміс кісенді қарт кісілер тағатын болған.
Белдік кіселерде сап күміс, жаппай темір болмайды. Белдіктің алақаны мен беттеріне қара темірден түрлі етіп шағын көлемде қиындылар салынады.
Белдіктің өн бойына бөлек-бөлек темір, мыс, жезден жасалған бүркеншек теңгелер, үшбұрыштар, сопақшалар, дөңгелекшелер қағлады да үстінен күмістен өрнек жүргізіледі. Олардың үстіне әр
түсті тастардан көз орнатады (домалақ көз, сопақша, ромбы, төртбұрыш т.б).
Белдіктің өң бетін былғары, қызыл жасыл көзелдермен оюлап, күміс әшекей жүргізу өте ұнамды шығады.
Қазақ халқының қолөнерінде зергерлік металдармен қатар, сүйекке, мүйізге, ағашқа, былғарыға алтыннан, күмістен әшекей жасауда кеңінен қолданылады. Қорыта келе қазақ халқының кез-келген өнерін алсақ та, терең мән-мазмұнға, белгілі бір мақсатқа өзіндік ерекшелігі мен қасиетін айқын көруге болады.
Халық қолөнерінің бай мұраларын жинап, сұрыптай отырып, заманымызға лайықты сапа, түр беру әдісімен оларды ілгері дамыта беру қажет.
Соңғы сөзді «Қарыс қазы – балықта, қалың қазына — халықта» деген мақалмен қорытқым келеді.
ІСКЕ СӘТ!
Қазақ халқының қолөнері түрлері мен олардың тұрмыстағы мазмұны, қолдану жайына анықтамаларды жүйелеп көрсеткен.