Қазақ қашан да бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Аттың жалы, түйенің қомында көшпелі тірлік кешсе де, «балам – балым, баламның баласы – жаным» деп оның тәтті қылықтарына тамсанған. Қыз баласын ұлмен тең санап, «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп қыз тәрбиесін анасына, ұлды әкесіне табыстаған. Ру таңбасын көрсетіп, «жет атасын білген жетелі» деп жеті атасын жаттатқызған. Халықтың аңыздары мен жырларын тыңдатып, халықтың ұлы болуға баулыған ұлдарын. Қыздарына отбасының ұйытқысы болуды ғана емес, ұлт тәрбиесін жалғастыруды, сақтауды үйреткен. Осы ұлы тәрбиенің нәтижесін ұрпақтар жалғастығынан көруге болады.
Халқымыздың абзал ұлдарының аңсап өткені, армандап кеткені туған елдің нұрлы өмірі болатын. Сонау бір мұнар да мұнар, мұнар күнде еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып, жолбарыстай жортқан ер Махамбет өз елінің осы бақытын көксеген. Аз ғұмырын ой мен арманға толтырып, мағыналы мақсатпен өткізген, сол жолда булығумен, бұлқынумен тынымсыз ізденумен өткен қазақ ғалымы, зерттеушісі Шоқан өз елінің осы күнін аңсаған. Байтақ өлкенің терістігін де темір қазықты жарқырап, шырақтай маздап жанған Ыбырай ұстаздың халқына іздегені осындай өнегелі өмір еді. Қазақ аспанында ай боп туған, жайната күн боп күлген Абай ақын халқын осы өмірге нұсқаған. Бірақ Адам өз ертеңін ешқашан дәл бүгінгідей айқын көріп, анық таныған емес. Ғасырдың арманы да, асылдардың аңсағаны да осы өмір.
«Бұтағымен ағаш сымбатты, ұрпағымен адам қымбатты» деген қазақ даналығында саналы сыр бар. осы қағиданы берік ұстаған ата-бабаларымыз ұрпақ жалғастығын, үбірлі-шүбірлі болуды, өмірдің мақсаты, мұраты санаған. Асыл қазынаға жол бастап зерделі ұрпақ тәрбиелеуде, ата-анамен педагогтардың аянбай еңбектенгені абзал.
Кеңестік кезең бала тәрбиесін басқа арнаға бұрды. Мектепке дейінгі жастағы балаларға ұжымдық тәрбие беруді қалыптастырған балабақшаның бүгінде маңызы зор. Ата-аналардың жақсы тұрмысқа ұмтылуы олардың жұмысбастылығына алып келді. Жаңа ғасырда бала тәрбиесін сеніп тапсыруға болатын, қауіпсіз, баланың жан-жақты дамуы мен жетілуін қамтамасыз ететін балабақшалар ауылдық жерлерде де ашыла бастағаны көңіл қуантады. Ұжымдық тәрбиенің қоғамға пайдасын сезе білген мемлекет еліміздегі балабақшаларды көбейте бастады. Сондай балабақшаның бірі — 2007 жылы ашылған Шиелі ауданы, Тартоғай ауылындағы №14 «Құлагер» балабақшасы. Балабақша мектепке дейінгі білім беру мекемелері арасынан 2009 жылы «Үздік балабақша-2009» номинациясын иеленіп, облыс әкімі Б. Қуандықовтың 1-дәрежелі дипломымен марапатталғанын мақтанышпен айта аламыз.
Адамға әр алуан атақ-дәреже алып беретін ұлы құдірет – еңбек. Еңбексіз табылған бақыттың қадірі аз, ғұмыры қысқа. Еңбек атаулының бәрі де жақсы болғанымен, оның сапалы орындалатыны, кейде зая кететіні де жоқ емес. Қалай дегенмен қарманған қарап қалмайды, мақсатына жетеді.
Мекеменің ішкі, сыртқы көрінісі талапқа сай негізделген. 1994 жылдан шығатын республикалық мектепке дейінгі сәби тәрбиесіне арналған, ғылыми-әдістемелік, педагогикалық «Отбасы және балабақша» журналына балабақшаның тыныс-тіршілігінен толық мағлұмат беретін танымдық мақала жарық көрді.
50-ден астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан балабақшаның болашағы жарқын. Алар асуы алда. Әр түрлі іс-шаралар, апталықтар, ертеңгіліктер мен ашық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері, семинар-кеңестер жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Осыған дейін жеткен жетістіктермен тоқмейілсіп қалмақ емес ұжым. №153 Ш. Есенов атындағы мектебіміз лицей болды. Осы ретте біздің ұжымға артылар жүк те ауырлай бермек. Сапалы білім мен өнегелі тәрбиені әрбір бүлдіршіннің бойына сіңіру – мекеме қызметкерлерінің басты мақсаты. Бүгінге нақты бағдарлама жасай отырып, болашаққа ұмтылу, жетістікке жету жолында қызмет етіп келе жатқан «Құлагердің» ешқашан сүрінбеуі үшін қызмет етіп жатқан мамандар еңбегі зор.
«Құлагер» балабақша қызметкерлерінің жаңа педагогикалық технологияны меңгеруге деген талпыныстары нәтижесінде зейін-зерделік, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да қабілеттерінің қалыптасуы нәтижесінде оқу-тәрбие үрдісі алға жылжиды. Тәрбиешінің инновациялық іс-әрекетін қалыптастыру – нақты міндет. Жаңа педагогикалық әдіс-тәсілді меңгерген әрбір тәрбиеші баланың жан-жақты қалыптасуына игі әсер етеді. Бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру балабақшадан басталатынын ескерсек, «Құлагер» үшін келер күннің игілігіндегі атқаратын жұмыстары көп екеніне дау жоқ.
«Құлагер» балабақшасының ұжымы барлық мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерін Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан Халқына Жолдауын және білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын сапалы орындауға барлық күш-жігерді жұмсауға шақырады.
Біз білім беру, денсаулық саласында және жұмыс орнының сапасын қамтамасыз етуге қол жеткізсек, халқымыздың әлеуеті көтеріліп, бәсекелестікке қабілетті боламыз.
Біздің әрқайсымыздың басты тілегіміз-бүлдіршіндеріміздің бақытты балалық шағы, лайықты білім алуы және сүйікті Отанымыздың толыққанды азаматына айналуы.
Жасөспірімдердің қабілеті мен бейімін анықтау, жетілдіру мен қалыптастыру балабақшадан бастау алатынын ескерсек, еліміздің болашағы балаларымыздың келешегі үшін мемлекет тарапынан қаралып жатқан мәселелердің оң шешімін табуына тілекші «Құлагер» балабақшасының ұжымының бағындырар белестері әлі алда.
Тек қана, білімді және тәрбиелі ұрпақ Қазақстан халқының мақтанышы болмақ.
мақала ұнады. Еңбек үйренемін десең ерінбе
Өнер үйренемін десең жерінбе -дегім келеді! Қазақстанның болашағы білімді ұрпақтың қолында.
Білімді және тәрбиелі ұрпақ ел мақтанышы!