Әрбір бала-бір жұлдыз, жарқырауына көмектес

stg

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау

гуманитарлық колледжінің оқытушысы

Жас ұрпақ бойында адамдық құндылықты, отаншылдықты, ұлтжандылықты қалыптастыру міндеті тұр. Әрине, адам да, қоғам да, өмірде бір қалыпты тұрмайды. Сондықтан да біздің басты міндетіміз қазіргі жастар бойындағы ұлттық әдептілікті, сұлулықты, мінезділікті, батырлық, жігерлікті сақтап, жаңғырта білу, жаңа заман жастарына білім беруді, олардың рухани өсуін ұлттық санамен ұштастыра білу. Ұлт ұрпағының тәрбиесі–жалпы ұлттық тәрбиенің ішіндегі ең күрделісі және қиыны. Оны жылдар бойы мектепте сабақ бере жүріп,жастарды тәрбиелеу ісіне де араласып жүрген психологтар мен ұстаздар ғана түсінеді.

Автомобиль жүргізушісі өз машинасының қыр-сырын жақсы білетіні сияқты, жақсы ата-ана өз баласын психологқа қарағанда жақсы түсінеміз деп ойлайды.. Алайда түсінудің жөні басқа, көмек көрсету үшін теория, салыстыратын мысалдар, тәжірибе оларға жетіспей жатады. «Екі жас жарым жасында сүйкімді, тілалғыш бала еді, біреу алмастырғандай қазір қырсығып, не айтсаң да керісінше жасайды. Оның жүйке жүйесі сау болмас» деген ананың сөзінен «үш жас кризисінің» белгілерін байқаймыз. Бұл жағдай қалыпты жағдайда өсіп келе жатқан балалардың бәрінде дерлік кездеседі. Ал алты жастағы Берікті қалай оқуға үйретуге болады деп ақыл сұрап келген анасы баласының аз ғана уақыт ішінде бөлменің топалаңын шығарып, столға он мініп-түскеніне «Ол сондай белсенді» деп күлімсіреп мән бермеді. Өйткені ол барлық балалар қимылдағыш, қозғалғыш деген түсінікте. Ал ол Беріктің қозғалғыштығы шамадан тыс, нағыз неврологиялық ауытқушылық екенін білмей отыр. Бұл балаға невропатологпен қатар психологтың көмегі керек. Психолог өзінің зерттеп отырған адамын аналитикалық тұрғыдан қарастырады, ал ата-ана мен мұғалімдер синтетикалық бейне тұрғысынан қарастырады.

Есіктің сыртында «Психолог» деген жазу бар. Ол бөлменің табалдырығын аттайтын адамдар әртүрлі. Біреуі қорқа- соға кірсе, екіншісі өктем басып,еркін кіреді, үшіншісі сынап, бағалай кіреді. Психолог дәрігер емес, ол рецепт бермейді, емдемейді. Келген адам саған проблемасын айтып бөлісуге келді: ол қайта – қайта түсе берген тұсауынан құтылғысы келеді. Психологтан ол не күтеді? Психологтан ол тыңдаушы, әділдік иесі, серіктес, ақылшы болады деп күтеді. Кейбірі өзінің арының алдында -өзін ақтап алуға көмек күтеді. Үшіншісі өз кінәсін мойындау үшін, ішіндегісін ақтару үшін келеді… Себеп көп.

Психолог пен ол зерттеп отырған адамның арасындағы қатынастың нәтижесі-теорияға айналған білім. Теория өз алдына өзіндік дербес бөлек өмір сүреді. Олар психологтардың бір ұрпағынан екіншісіне беріле отырып дамиды, өзгереді, тіпті жойылады. Бірақ теорияға айналған білім-өңделіп, психологияның өзге қабатына өте алады. Мысалы, теориядан қолданбалы

психология саласына ауысады. Бастысы психологиялық білімді пайдаланушының психолог болуы керек.

Адам туралы психологиялық білімі жоқ, бірақ өзі адаммен тікелей жұмыс жасайтын мамандық иесі өз қызметінде іс-әрекетін реттеп отыру үшін де психологтан кеңес алады. Бұл жерде психолог үшін дербес адам толық әрекет субъектісі емес, өзге маманның объектісі ретінде қарастырылады, яғни қолданбалы психология — өзгенің тәжірибесін онымен бірге ұйымдастырады. Мысалы, мұғалім мен оның шарасыздыққа тіреліп отырған объектісі туралы. Ал практикалық психология психологтың адаммен тікелей қатынасын қалыптастырады.Мұнда психологиялық көмек көрсету зерттелушіге емес, клиентке, психикалық жәрдем етуді қажет ететін, өз күшімен қиындықты жеңе алмайтын, психикалық күйзеліске түсіп жүрген адамға бағытталады.

Қазіргі таңда практикалық психология белсенді даму үстінде: психологиялық қызметтің небір салалары бар. Психология күнделікті өмірде болып жатқан құбылыстардың мәнін ұғынуды, бала тәрбиесі, психикалық тұрғыдан денсаулық туралы, тұлғалық даму туралы ойланатын, түсінгісі келетін әр адамның ең жақын қолдаушысына айналуы тиіс.

Ұлдардың, қыздардың жүріс-тұрысын, киім киінуі, құрбы құрдастарымен, айналысымен қарым-қатынасы — бәрі де арнайы білім алумен бірге тәрбиеге тығыз байланысты. Біз, ата-ана, мұғалімдер және психологтар — оларға көрсеқызарлық, жеңіл мінезділік, жат қылықтардан гөрі татулық, адамгершілік қасиеттерді көбірек айтып, бойларына сіңіре отырып, тәрбие өзегіне айналдырамыз.

Қазіргі жастар тәрбиесінің өзектісі — патриоттық тәрбие. Отанын сүю, халқын қадірлеу, жақсы көру сезімдерін оқушылардың арасында насихаттау, сеніміне айналдыру дұрыс жол. Жаңа әнұран қабылдадық,әр күні сабақ басталар алдында жатқа айтып,нұрлы күнді Отандық патриотизм сезімімен бастауды дәстүрге айналдырып келеміз. Мемлекеттік елтаңбаны, көк байрағымызды қадір тұту, сыйлау әрбір мектеп оқушысының парызы екенін бәрі де біледі.

Ұрпақ тәрбиесі қай заманда болса да күн тәртібінен түспеген. Біздің ұлттық тәрбиеміз ата-бабамыздың, елдің салт- дәстүрі, адамгершілік өнегелері арқылы, аңыздары мен жырларында қалыптасқан. Сондықтан да ұлтымыздың ұлт болып қалыптасуына ерекше әсер ететін, имандылық, мейірімділік, адамгершілік, ізгілік,парасаттылық, көрегендік, инабаттылықтың да мәні үйретері көп.

Ұрпақ тәрбиесін жақсарту тәуелсіз мемлекетіміз үшін өте қажет. Біздің қоғамның болашақ иелері,мемлекетіміздің нығайып, ата-бабалар дәстүрін, мақсатын, істерін алға апарушылар -өскелең ұрпақ. Сондықтан оларды еліне, заманына сай тәрбиелеуден күш- жігерді аямаған жөн. Сонымен бірге, әр адам өзін-өзі танып-білуге ұмтылуға тиіс. Өзіңді танып-білдім дегенің өз-өзіңді тізгіндеп ұстай алу, өзіңді бақылай білу, өз сапаларыңды дамытып, тәрбиелей алу деген сөз. Сөйтіп, Мен кіммін? Мен қандаймын? Не істеу керек? Осы сұрақтарды өзімізге қойып, оған жауап табуға тырысайықшы. Ол

үшін көп ізденіп, көп оқу керек, іс-тәжірибелерді зерттеп, қолдану керек. Біз, мұғалімдер осы міндетті түсініп, қолдан келгенді жасауымыз керек.

Педагогикалық колледжінің оқу бағдарламасына жалпы психологиямен қатар қосымша «Мектептегі психологиялық қызмет» қосымша мамандандыру пәні енгізілгеннен кейін студенттермен барынша тиімді жұмыс жасау мақсатында оқу құралдарын іздестіре бастадық.. Өкінішке орай, бізге кездескен материалдар көбіне орыс тілінде болды, ал қазақша құралдар қолға түспейді, кітапханаларда жоқтың қасы, жетіспейді. Интернеттен, кітапханалардан тапқан материалдардың негізінде осы мамандық бойынша бағдарлама құрастырып, колледж әдістемелік кеңесінде бекітілді. Жұмыс жасау барысында көптеген материалдарды аударып, пайдалана бастадық.. Студенттерім мамандандыруда қолданған материалдарды көбейтіп алып, өз портфолиоларына салып, практика кезінде оқу-тәрбие, зерттеу процестерінде тиімді қолдана бастады. Сол кезде «осы материалдарды жинақтап оқу құралы етіп студенттеріме неге ұстатып жібермеске?» деген ой туды. Соның нәтижесінде 2008 жылдың қыркүйегінде Алматы «Пед.шеберлік» баспасынан «Мектеп психологының жұмыс кітабы» атты оқу құралым шықты. Қазіргі кезде осы құралды студенттер ғана емес, мектеп мұғалімдері мен психологтары қолданып, берген пікірлері өте ұнамды: «…құралда бізге қажет материалдар бар, қазақ тілінде түсінікті жазылған» деген сияқты сөздерді естіп, еңбек нәтижесі көрінуде.

Осы еңбектің шығуына колледж басшыларының және п.ғ.д. Қожахметова Клара Жантөреқызы , п.ғ. к. Өтешева Баян Қапсалыққызының пікірлері мен қолдаулары себеп те, көмек те болды.

Құрал мазмұны — болашақ маманға қажет болатын құжаттардың үлгілерін, психолог кітапханасына ұсынылатын әдебиеттер тізімін, тестілер мен тренингтердің үлгілерін, ата-аналар мен ұстаздарға берілген кеңестермен жинақталған.

Теңіз жағасында күнбе-күн бір қарт адам жағаға шығып қалған теңіз жұлдызшаларын еңкейіп алып теңізге кері лақтырып жүреді. Оны байқап жүрген бір бала: «Ата, мұндай жұлдызшалар мың-мыңдап толып жүр ғой теңізде. Несіне әуре боласыз? Сіздің кері лақтырғаныңыздың қандай пайдасы, мәні бар» депті. Сонда қарт кезекті жұлдызшаны көтеріпті де: «Оның мына жұлдызша үшін мәні бар» деп жұлдызшаны суға жіберіпті.

Жас маман! Әрбір бала – бір жұлдыз. Жарқырауына көмектес!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Көмекбаева Л., Амирханова З., Аимбетова Г. – Мектеп оқушыларының

психологиялық ерекшеліктерін анықтауға арналған психодиагностикалық

қызмет. – Алматы, 2003.

2. Лэндерт Г.А. Игровая терапия: искусство отношений. М., 1994.

3. Балғымбаева З.М., Ахтаева Н.С. Мектептегі психологиялық қызмет.

Әдістемелік құрал. А.,2004.т.б.

   
Пікірлер9
  1. Диханбаева Лаззат

    Әр баланың жұлдыз болып жарқырауына өзіміз ата-ана, мұғалім атсалысуы керек. Әр балада талант бар сол талантты ұштау ,дамыту, көрсету біздің қолымызда, біз жарқыратып аспанға шығара алсақ ол бала ерекше жұлдыз болып жарқырайды

  2. Жанбота

    Ар баланын бойынан нұрды оятуымыз міндетті

  3. Мейримхан

    Әр баланың жұлдызының жануына мұғалім де ата анада ат салысуы керек.

  4. Увалиева Жанна

    Шырақты көре бiлген ұстаздың еңбегі жанады. Әр баланың жұлдызы биiк болсын!

  5. Назира

    Әркімнің баласы өзіне жұлдыз

  6. Толғанай

    Әр бала бір жұлдыз. Жақсы айтылған. Керемет жазылған.

  7. Бибигул

    Әр баланың жұлдызын жағу біздің міндетіміз!

  8. Айсулу

    Әр бала ерекше әр баланың өзінің бойында таланты бар оны ашу жаңғырту дамыту мына біз мұғалімдердің қолында біздің міндетіміз!

  9. Ырыс

    Дұрыс айтасыз әр бала бір жұлдыз жұлдыздың жарқырауы ол біздің ұстаздардын ата-аналардың қолында

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ