Қазақ тілінен диктанттар топтамасы

Менің отбасым

Біздің отбасымыз өте тату. Біз бір-бірімізге қамқор болып, бір-бірімізге құрмет көрсетеміз. Ата-анамыз бізді осылай тәрбиелейді.

Біздің отбасымыздың қалыптасқан дәстүрлері бар. Солардың бірі-дастархан сыйлау әдебі. Қазақ халқы үшін дастарханнан үлкен, одан сыйлы нәрсе жоқ. Сондықтан дастарханды көп күттіруге болмайды. Тамақ ішіп болған соң үлкен адам ас қайырып, бата бермейінше үстелден тұрмаймыз. Бұл да біздің отбасымыздың бір тамаша дәстүрі. (61 сөз)

Досымның отбасы

Азаматтың отбасы үлкен. Отбасында қария атасы, әжесі бар. Азаматтың әкесі-Бекзат, ал анасының аты- Әсем. Азаматтан үлкен әпкесі жоқ. Ағасы бар. Ағасының аты-Ербол. Ол тоғызыншы сыныпта оқиды.

Азамат сабақтан келген соң үй шаруасына көмектеседі. Атасымен бірге мал қарайды. Әжесіне су әкеліп береді. Содан кейін сабағын қарайды.

Азаматтың отбасы- тату және ынтымақтары жарасқан отбасы.(54 сөз).

Ас-адамның арқауы

Адам ағзасы үшін тағамның орны өте маңызды. Нәрлі әрі пайдалы тағам ішкен адамның денсаулығы мықты болады.

Мәселен, таңғы асқа күнде сүт өнімдері мен пайдалы ботқалар жеген дұрыс. Ал кешке тым майлы емес тағамдар ішкен жөн. Ол астың дұрыс қорытылуына жол ашады. Тамақ сіңімді әрі жеңіл болса, пайдалы болмақ.

Әсіресе сорпа секілді сұйық тағамдардың пайдасы зор. (55 сөз)

Тәтті тағамдар

Мен тәтті тағамдарды жақсы көремін. Әдетте, қонақтарға арнап десертке кептірілген жемістер, торт, шербет, кәмпит, халва және жүзім, құрма, алма, шие, өрік, шабдалы жемістерін алады.

Менің анам түрлі тәтті тағамдар пісіреді. Біз отбасымызбен сүйсіне жейміз. Қарындасым да анамнан көп тәтті пісіруді үйреніп жүр. Қонақ келгенде олар үнемі тәтті, дәмді тағамдарды өздері дайындайды.(52 сөз).

Нан-басты тағам

Қазақ халқы үшін нан тағамдарының орны ерекше. Ең алдымен дастарханға нан қойылады. Қонақ келгенде бауырсақ, тәтті тоқаштар пісіреді. Бауырсақтың түр-түрі болады. Қазір дүкендерден олардың әр түрін сатып алуға болғанымен, өз қолыңнан пісірген бауырсаққа жетері жоқ.

Қазақ қыздарына ең алдымен нан пісіруді, бауырсақ пісіруді үйретеді. Бұл анадан қыздарына берілетін өсиет-өнеге іспетті.(52 сөз).

Асқа арналған кеңестер

Адамдар тамақтанбай тұра алмайды. Тамақ арқылы ағза қажетті мөлшерде нәруызбен, маймен, көмірсулармен, минералды заттармен, витаминдермен, сумен қамтамасыз етіледі.Тауық жұмыртқасы, ірімшік пен сүзбе таза нәруыздан тұрады. Ет пен балықта да нәруыз болады. Қант пен крахмалда, ботқада, нанда, картопта,

жеміс-жидектердің құрамында көмірсулар көп болады. Бұның бәрі -ағзаға қажетті әрі пайдалы заттар.(51 сөз).

Жаңа жыл

Жаңа жыл –әлемдегі қуанышқа толы ең ғажайып мерекелердің бірі. Жаңа жыл сиқырлы әрі қайталанбас таңғажайып мереке. Бәріміз келе жатқан жаңа жылдан жарқын ертегі, жаңа бақыт күтеміз. Әсіресе, балалар бұл мерекені асыға күтеді. Аяз атаға тілек жазып, сыйлықтар алуға асығады. Балалар оларға өз өнерлерін көрсетеді, ән салып, би билейді.

Жаңа жыл- барлық отбасылар үшін ең қызықты мерекелердің бірі. Сондықтан да оны отбасылық мереке деп тегін атамаған.(65 сөз).

Жаңа жыл

Жаңа жыл! Тамаша ғой! Жаңа жыл алдында неше түрлі ойыншықпен безендірілген шыршаның қызыл-жасыл оттары жанады, балаларға сыйлығын алып Аяз ата мен Ақшақар келеді.

Жаңа жылда шырша оттарын жағатын салт көне замандардан қалған. Сол алыс дәуірде қысқы орманда жасыл шырша маңына жиналып, от тұтатып, ән салып, би билеген, көңіл көтерген.(50 сөз)

nurpeisova

Қысқы демалыс

Болат пен Асқар қысқы демалысты асыға күтіп жүр. Оларға әкелері осы демалыста Астана қаласына апарып, қыдыртуға уәде берген.

Содан бері екеуінің ойларынан әсем астана шығар емес. Жарқ-жұрқ еткен шамдары қысқы қарға шағылысқан қала балаларды өзіне тарта түседі.

Екеуі күні бойы Астана туралы кітаптар оқиды, суреттер көреді. демалыстарының саяхат картасын да жасап қойды. Онда «Бәйтерек», «Думан», «Ханшатыр» секілді көрнекті жерлерге бару жоспарланған.(62 сөз).

Мектеп жылыжайы

Бұл-мектептің жылыжайы. Онда жыл он екі ай бойы жылы. Жылу мен жарық болса, он екі ай бойы көкөніс өсіп, пісе береді.

Жылыжайға жоғарыдан, биіктен қарасаң керемет қой! Ғажайып көрініс! Төменде жарқылдап жылыжай жатыр, одан жан-жаққа мыңдаған жарық сәулелер ұшқанын көресің. Жақындап келсең, жарқылдап тұрған айна емес, кәдімгі әйнек екенін білесің. Үйшік есігін ашып қалсаң, гүл исі мұрныңды жарады. Жас көкөніс иісі аңқиды. (64 сөз).

Астана

Астана Солтүстік Қазақстанда, Есіл өзенінің он жағалауында орналасқан. Қала аумағының жер бедері алқапүсті төмен террассаларды елестетеді. Қаланың климаты күрт континенттік. Қысы – суық, ұзақ, аз қарлы, кейбір жылдары өте сұрапыл болады. Жазы – орташа құрғақ, табиғаты ыстық, құрғақ болып келеді. Шілде айының орташа температурасы +20С. Ең жоғарғы температура (+30С) орташа есеппен шілде айында 11-12 күн бойы байқалады. Астана атырабында 25-30 км радиус қашықтықта көптеген тұзды және дәмсіз көлдер кездеседі.(69 сөз)

Мектеп

Бүгін 1 қыркүйек – Білім күні. Еліміздің мектептерінде жаңа оқу жылы басталды. Балалар мектепке жиналды. Мектептерде салтанатты жиындар өтті.

Биыл біз алтыншы сыныпқа көштік. Бізідң сыныпта 22 оқушы бар. Сыныпқа жаңадан оқушылар келді. Біз олармен тез тіл табысып кеттік.

Біздің сынып мектептің екінші қабатында. Сынып бөлмесі кең, жапрық, таза. Бөлме терезелері үлкен. Бөлмеде парталар, мұғалім үстелі, орындықтар, шкафтар тұр. (Қазақ тілі. Дидактикалық материалдар. Алматы. Атамұра. 2002. 54 сөз)
7-сынып

Жаз

О, жаз! Жаз жарықтық ессіз ғой. Жан-жануарды масайратып, тыраң-тыраң күйге түсіретін. Ескі-құсқыны өртеп, ауланы аластап, жаңа шуаққа, жаңа игілікке қарық болған ауыл адамдары енді қайтып күз туып, қыс келмейтіндей одыраңдасушы еді. Арқа-басы кеңейген жер мұртынан күліп, барын киіп жасанатын.

Алтай жазы ерекше ғой. Бірақ осыншалық сұлулыққа да бой үйреніп кетеді екен. Әсіресе, қойшы шаруасының қамымен жүріп, көп-көп қызықтан құр қалатын. Жарықтық жаздың келтелігі сықылды, өз ғұмырының да босқа өтіп жатқанын ойлар.

(О.Бөкей. 76 сөз)

Адамгершіліктің үлгісі-ұстаз

Адамгершілік дегеніміз — дүниедегі ең асыл қасиет. Адам жанының рухани тазалығы, оның қоғамдағы, жеке адамдар арасындағы игі істері, бауырмалдық, туысқандық, жанашырлық, сыпайылық, әдептілік, сый-құрметтік сезімдерінің бәрі де адамгершіліктің ұшқыны.

Адамның адамгершілік қасиеті әрқашан биіктен көрінуі парыз. Біздің қоғамымызда адамгершіліктің үлгісі – ұстаз екендігі бәріне белгілі. Ұстаздың жүріс-тұрысынан да, киім киісінен де, сөйлеген сөзінен де тек жан сұлулығы мен жүрек жылуы сезіліп тұрады. Балаға деген шексіз махаббаты, адам жанын түсіне алуы да ұстаз тұлғасын асқақтата түседі. Осы қасиеттері ұстазды ерекше адамгершілік иесіне айналдырады. (82 сөз)

Қазақ әншілері

Ақырындап айлар, жылжып жылдар өтті. Жаз басталса, Мәдилердің сауықтан қолдары босамайды. Қыс болса, аңшылықпен, кітап оқумен шұғылданады.

Ас-тойларға барғанда, Мәдилер жұртқа көкпар бермейді. Күміс түйіп, жерге тастаған орамалды ат үстінен тісімен іліп алуда Мәдиге жан ілеспейтін.

Мәди күреске де жиі түсетін және жасынан жауырыны жерге тимеген балуан болатын.

Ат үстінде тік тұрып шабуды, сол бойда аттың бауырынан өтуді ол Тайынша базарында Балуан Шолақтан үйренген. Мәди өзінің білген өнерін жолдастарына үйретуден де жалықпайтын.(«Мәди» кітабынан. 73 сөз).

Әнші Мұхит

Мұхиттың ағалары домбырашы, әнші болған. Олар скрипкаға да әуес болған. Бұлардың ішінде өнер жолына түскен Мұхит болды. Ол кішкентайынан қолына домбыра ұстайды. Бір естіген әнін даусымен үйреніп те, домбыраға салып та үлгереді.

Ойын-сауық, ән-өлең қуған тумаларының қасында Мұхит та бірге болып, жас басынан өнердің дәмін татады. Ауылға келген жыршы, әнші, домбырашы болса, олар қашан аттанып кеткенше, Мұхит қастарынан қалмайды.

Мұхит енді өнер жолына біржолата түседі. Ауыл аралап, қайда ойын-той болса, сонда жүреді. Мұхит жиынның сәні болады. Мұхиттың айналасына атағы шыға бастайды. («Замана бұлбұлдары», 84 сөз).

Астана тарихы

Бекініс салына бастағанға дейін бұл жерде үш мың бес жүз жетпіс алты қазақ ауылдары тіршілік еткен.

Қазақ халқының басына түскен түрлі шапқыншылық бұл жерде де болған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Киікбай сияқты батыр бабаларымыз осы жер үшін шайқасқан.

Бөгенбай батыр шайқас кезінде жараланып, Есілден еліне қарай өткен. Есіл өзеніндегі осы өткел – «қаралы өткел», яғни Қараөткел деп аталып кеткен. Астанааның әу баста Қараөткел аталуы сондықтан.(67 сөз)

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер1
  1. Залина

    Ықшам, тілі жеңіл тақырыптвр екен

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ