Атту аралында ұзын тұмсық құзғын өмір сүреді. Оның әкесі мен шешесі болады. Ол күн сайын теңіз жағасына барып, қайтқан су жағаға шығарып тастаған теңіз сыйларын жинап жүреді.
Бір күні қанша жүрсе де, ештеңе таба алмайды. Кішкентай төбені көреді. Соның басына шығып, арғы бетімен төмен түсіп келе жатқанында, бір жер кепе көзіне түседі. Кірсе, ішінде қызыл шырайлы, ұзын бұрымды жап-жас қыз отырады. Екеуі танысып, қыз оған ұнайды. Құзғын: «осы қызға үйленемін!» деп шешеді.
Үйіне келген соң ата-анасына:
- Төбенің арғы жағынан қызыл шырайлы, ұзын бұрымды жап-жас қызды жолықтырдым. Оның әке-шешесіне барып, құда түсіңдер! Тез барыңдар, біреу бізден бұрын қағып кетпесін! — деп бұйырады.
Құзғынның әке-шешесі асығып, төбешік басына көтеріледі, төмен қарай түседі. Қыздың әке-шешесі тұратын жер кепені табады. Құзғынның әкесі былай дейді:
- Менің ұлым Ұзын тұмсық құзғын қызыл шырайлы, ұзын бұрымды жас қызды кездестіріпті. Ол сол қызға үйленгісі келеді. Бізді құда түсуге жіберді.
Оның сөзін бәрі тыңдайды, бірақ ешкім жауап қатпайды. Күн өтеді, қыз жағы үнсіз отырады. Сол кезде төсекте жатқан кәрі шал басын көтеріп, қыздың әке-шешесіне құзғынның да ата-анасы еститіндей етіп:
- Қызды құзғынға бермеңдер! Құзғын көр-жерді, сасыған қалған- құтқанды жейді. Біреу қызығатыні өмір емес бұл! Ал мына келген екі хабаршыны ескі терімен ұрып, қуып шығыңдар! — дейді.
Бұл сөзді бәрі де естиді. Бұдан әрі не болғаны құзғынның әке- шешесінің есінде жоқ. Көздерін ашса, қоқыс үйіндісінің жанында жатыр екен, әйтеуір сүйектері аман. Өлдім-талдым деп жүндері жығылып, үн- түнсіз үйлеріне қайтады.
Ұзын тұмсық құзғын ата-анасының қалыңдықты ала алмай қайтқандарын алыстан көреді. Ашуы келеді… Келесі күні таңертең әдеттегідей жағаға барып, теңіз шығарып тастаған қоқысты аралайды. Айтарлықтай ештеңе таба алмайды. Сосын қарсы алдындағы төбеге көтеріледі, алдынан тағы бір төбе шығады. Содан асқан кезінде барып бір күрке көзіне шалынады. Күрке ішінде қызыл шырайлы, ұзын бұрымды жас қыз отырады. Бұл қыз Ұзын тұмсыққа бұрынғы қыздан да қатты ұнайды. Екеуі сөйлеседі, ол осы қызға үйленуді ұйғарады.
Үйіне келген соң әке-шешесіне:
- Теңіз жағасынан ештеңе таба алмадым. Бірақ екінші төбеден асқанымда қызыл шырайлы, ұзын бұрымды жас қызға тап болдым. Тезірек барыңдар! Мен үшін сол қызға құда түсіңдер! Сөйтіп, қызды маған алып келіңдер! — дейді.
Құзғынның әке-шешесі асығып-үсігіп төбеге жетеді, одан екінші төбеге шығады. Қыздың ата-анасының күркесіне келеді. Құзғынның әкесі былай дейді:
- Менің Ұзын тұмсық құзғын дейтін ұлым бар. Сендердің сұлу қыздарың бар. Біз қыздарыңа құда түсуге келдік.
Құзғынның әкесінің сөзін бәрі тыңдайды, бірақ ешкім жауап қатпайды. Күн өтеді, қыз жағы үндемейді. Ақырында төсекте жатқан кәрі шал ортаға шығып, былай дейді:
- Қыз құзғынға әйел бола алады. Мына келген екеуі қызды жуындырсын, содан кейін алсын!
Құзғынның әке-шешесі қызды жуындырады, оның әр құлағының жарғағын қоршай он-оннан итбалық мұрттарынан жасалған әшекей тағады, сөйтіп, қызды қолтықтап, үйлеріне алып кетеді.
Ұзын тұмсық құзғын оларды алыстан көреді, қуанып, шаттанып, өзінше ән шырқайды. Ата-анасы қалыңдықты үйге әкеледі.
Ұзын тұмсық құзғын таңертең қайыққа мініп, кәсіпшілікпен айналысу үшін теңізге шығады. Күндіз китке кездесіп, құзғын оны өлтіреді. Китті белдікпен тартып сүйреп, өз қыстағына, шығанағына жеткізеді. Үйіне келіп, әйелін оның ата-анасына жібереді. «Келіп, китті сойысып, киттің майы мен етінен алсын» — дейді.
Құзғынның жас келіншегі үйіне келіп, шешесіне:
- Менің күйеуім — Ұзын тұмсық құзғын кит аулап, оны қыстаққа алып келді. Осы олжадан алсын деп сіздерді шақырып жатыр! — дейді.
Китті союға бүкіл қыстақ мерекеге келгендей жиналады. Бәрі де киттің тәтті майынан дәм татқысы келеді. Құзғын бірінші рет құда түсуге әке-шешесін жібергенде, келіспей, қыздарын бермегендер де кит союға келеді. Құзғын оларға:
- Қане, тас пышақтарыңды беріңдер, қайрап берейін! — дейді.
Құзғын олардың пышақтарының жүзін балғамен ұрып мұқалтып, мүлде өтпейтіндей қылып берді. «Бұрынғы құдалар» өтпейтін пышақтарымен қанша қидаласа да, киттің терісін кесе алмайды, киттің майынан ауыз тисек деп қанша ұмтылса да, дегендері болмайды. Ал басқалар кесіп алып, жеп, қуанып, шаттанып жатыр! Құзғынның шешесі мен әйелі көп май кесіп алады, үйіне апарып, оны ұзақ уақыт азық қылады. Әйелінің шешесі де қыруар май жинайды, құзғынның олжасына бүкіл қыстақ кенеледі. Тек баяғы бірінші «құдалар» ғана майсыз қалады. Атту аралында тұратын Ұзын тұмсық құзғын осылай істепті деседі.