«Егер балалар бірдеңені
түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиіс емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс»
Ы. Алтынсарин
Ұлт болашағы бүгінгі жастарымыздың білімі мен біліктілігіне, санасы мен тәрбиелілігіне байланысты. Кемеңгер халқымыз «сана берсін!» деген тілекті текке айтпаса керек.
Ғұлама ғалым Әл – Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауп әкеледі» деп, ең алдымен балаға тәрбие берілуі керектігін алға тартады.
Демек, тәрбие мен оқыту – біртұтас үрдіс.
Оқытуды ұйымдастырудың формасы – сабақ. Сабақ мұғалімнің шығармашылық ізденісінің туындысы. Үздіксіз іздену – бүгінгі таңда ұстаздарға қойылып отырған талаптардың бірі. Барлық ізденімпаз мұғалім өз сабағында жаңаны көрсетуге, танытуға тырысуы қажет деп ойлаймын. Яғни, бүгінгі сабақ кешегі өтілген сабақтан өзгеше, ал ертеңгі берілетін сабақ бүгінгі сабақтан жоғары деңгейде өтілуі тиіс деп білемін.
Даму бағдарламасын жасаған елдер биікке қарыштап, алға қадамдаса, нақты жоспары жоқтар көп нәрседен кешуілдеп қалатыны мәлім. Осыған орай қазіргі кезде еліміз бен мемлекетіміз «Қазақстан – 2050» мақсаттарын жүзеге асыру мақсатында жету үшін алдын ала сабақ жоспарын құрып дайындалуы керек деп ойлаймын.
Мұғалімнің сахнадағы актерден еш айырмашылығы жоқ. Орындайтын рөлін жаттамаған актер көрермен күлкісіне айналса, сабаққа жоспарсыз кірген мұғалімнің еңбегінің еш нәтижесі болмай, оқушы алдында беделінің түсері анық.
Жақсы құрылған сабақ жоспары жаңашыл ұстаз ізденісінің басты жемісі болмақ. Сонымен бірге қолданылатын оқыту әдісі, оқушылардың өзіндік жұмысы, дамыта оқыту технологиясын, ғылыми жаңалықтар мен озық алдыңғы қатарлы тәжірибені жетік меңгеру- ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы. Жоспар құрар алдында әрбір мұғалім сабақ тақырыбына орай мақсат қоя білуі керек. «Бүгін сабақта нені үйретемін?» «Қалай үйретемін?» деген сұрақ жоспардың маңызды бөліміне айналуы керек. Жаңа тақырыпты оқушыға жеткізе білу, оны ұқтыру тәжірибелі мұғалім мен әлсіз мұғалімді айыратын тұс. Ескере кететін бір нәрсе, оқыту – үйрету техникасын теория жүзінде білу бір бөлек, ал оны тәжірибелік түрде жүзеге асыру міне, үлкен мәселе болып отыр.
Бұдан шығатын қорытынд: теория мен тәжірибе арасында сабақтастық болып, екеуі ұштасқанда ғана нәтижелі болмақ. Сонымен бірге мұғалім өзі беретін пәнді жетік меңгеріп қана қоймай, әрбір тақырыпты қарапайым тілмен, өмірмен байланыстыра отырып ғылыми тұрғыдан беруі керек.
Оқу үрдісі білімді беру, тексеру, бағалау деп аталатын жүйелердің өзара бірлігінен тұрады. Оқу үрдісінде білімді беруде оқушылардың пәнге деген қызығуларын арттырудың бр жолы – жаңа білімді меңгертуде олардың өздері белсенді қатыстыру. Білімді меңгеру үшін ережелерді, анықтамаларды есте сақтау жеткіліксіз. Оқушылар өз тараптарынан қисынды талдау жасай отырып, оны орынды пайдалана білулері керек.
Бұл орайда мәселелік оқыту әдісін қолданған дұрыс деп ойлаймын. Бұл әдіс оқушыларды өздігінен еңбек етуге, алған білімдерін жаңа материалмен ұштастыра белуге үйретеді. Егер мұғалім мәселенің түйінін оқушылардың өздеріне шештіретін болса, онда олар өздерінің қатысуымен шешілген құбылысты ұзақ уақыт есінде сақтай алады деп ойлаймын.
Сонымен сабақ үрдісінде мәселелік жағдай туғызу дегеніміз баланың алған білімі мен дағдысын, іскерлігін қалыптастыра отырып, қызығушылығын арттыратын тәсіл. Ал, олардың білімін тексеру және бағалау жолдары әртүрлі: өзіндік жұмыстар, тест тапсырмалары, бақылау жұмыстары т.б. күнделікті сабақ оқушыларды жалықтырмау үшін дәстүрлі емес сабақтарды өткізудің пайдасы мол. Мысалы: тарау аяқталғаннан кейін олардың алған білімдерін тексеру, толықтыру үшін қайталау – пысықтау сабақтарының мына түрлерін өткізуге болады:
Шығармашылық сабақ;
Жарыс сабағы;
Ойын сабағы;
Бұл сабақтардың қай түрін таңдап алсақта мына мәселеге көңіл бөлген жөн.
Тарау бойынша алған білімдерін бір жүйеге келтіру;
Тақырып бойынша негізгі заңдылықтар мен құбылыстардың қолданбалы мағынасын ашу;
Есептерді шеше білуге дағдыландыру;
Шығармашылыққа жол ашу;
Тақырып бойынша өтілген формулаларды бір жүйеге келтіру;
Мұндай сабақтар оқушылардың өз бетімен ізденуге, білім сапаларын арттыруға ықпал етеді.
Әрине, осындай сабақтар немесе жаңа оқыту технологиясының кез келгені олардың игерген білім деңгейін бағалау құралының бірі болғандықтан, оны мұғалім шеберлігіне қарай пайдалануы қажет.