Қазақ мектептеріндегі музыкалық тәрбие

«Мәдениет дегеніміз – бүкіл адамзаттың тарихында жасалған материалдық және рухани байлықтың жиынтығы», — деп бағаланады. Екінші сөзбен қорыта айтқанда – «мәдениет материалдық өндіріс пен қоғамдық сананың, білім мен тәрбиенің, ғылым мен қоғамның даму кезеңіндегі дәрежесін көрсетеді».

Өткен замандағы музыка өнерлерінің негізгі мазмұны халық мұңы, оның тұрмысы еді. Ел мұңы ән, күй арқылы түрлі музыка аспаптарының сазымен елден-елге, жұрттан-жұртқа жайылып, өз арнасымен таралып жатты. Оны таратушылар халықтың ішінен суырылып шыққан өнер иелері: әнші, күйші, жыршы, қобызшы, сырнайшы сияқты өнерпаздар болды.

 

Қазақтың дәстүрлі ән-күйлері, дастандар, тұрмыс-салт жырлары, түрлі музыкалық аспаптармен сүйемелденіп айтылатын аңыз-ертегілер және т.б.- халықтың ежелгі мәдениетінің осынау баға жетпес мұрасы көркем-эстетикалық талғамды дамыту, халықтың музыка өнерінің негізін игеру үшін таптырмайтын құнды материал.

 

Сол себепті, қазақ мектептерінің алдында үлкен міндеттер тұрды. Ал сол міндеттер бүгінгі таңда одан да зор, халқымыздың егемендігін басқа дамыған елдер деңгейіне жетілдіру, жеткен білім жиынтығымен қаруландыратын, оған ұйымдасқан түрде бірлесіп, жоспармен жұмыс істеуді, теорияны, практиканы ұштастыруды үйрететін жаңа адамдар тәрбиелеп шығаратын қазақ мектептерін ұйымдастыру.

 

Өткенге көз жүгіртсек, 1920 жылдан бастап қазақтың музыка мәдениеті де ойдағыдай өркендеп, дами бастады.Бұл салада қазақ мектебінің атқарған орны өте үлкен. 1919-1920 оқу жылдары қазақ мектептерінде басқа сабақтармен қатар сурет салу, қол өнер ісі, жалпы ән сабағы жүретін болған.

 

Ол сабақтың аты бері келе «Ән-күй», «Ән-музыка» сабағы деп аталып, кейін 1960-1970 жылдары – «Музыка сабағы» деп өзгертілді. «Ән-күй» сабағы деп аталудың өзінде үлкен мән бар екенін айта кеткен дұрыс.

 

Мектеп пен арнаулы оқу орындар қабырғасында жастарға музыкадан сауат ашу мәселесі күн санап күшейе берді. Осы жағдайды терең сезінген, еңбек жолын мектеп мұғалімінен бастаған Ахмет Жұбанов 1933 жылы тұңғыш рет қазақ тілінде «Музыка әліппесі» деген атпен баспадан оқулық шығарды. Бұл жағдай қазақтың музыкалық әдебиетін одан ары дамытудың тарихи кезеңдерінің бірі еді.

 

Қазақ мектебі өзінің даму жолында көптеген кезеңдерді басынан өткізді. Қаншама жылдар, ғасырлар бойы қазақтың сазды әні, күмбірлеген күйі елден-елге, ауыздан-ауызға тарап келсе, енді жаңа дәуірге, жаңа мәдениетке көтеріліп, мектептегі қазақ балалары «ән-күй» сабағының үстінде «Музыкалық әліппе» пайдаланатын болды.

 

«До, ре, ми, фа, соль, ля, си» деген музыкалық дыбыстың анық теориялық заңдарын музыка тілінде оқып, барлығын құлақпен тыңдап, көзбен көріп, музыка сауатын қолмен жазу жетістігіне жеткен қазақ балалары мен жастары өз қабілеттерінің қауызын жасып, таланттарын таныта бастады.

 

1950 — жылдары «Ән-күй» сабағына арналған жинақтар, домбыра үйрену мектебі, оркестірді қалай ұйымдастыру туралы оқулықтар, хорды басқару, «Ән-музыка», «Ән әліппесі», «Ән музыка сабағы» атты санаулы оқулықтар, методикалық нұсқаулар шығы бастады. Бұдан соң «Ән-күй» сабағының оқу бағдарламары ретке келтіріліп, «Музыка» сабағы деп өзгертілді.

 

Бұл салада елеулі еңбек еткен өнер ғылымының докторы, академик А.Жұбанов, композитор Л.Хамиди, өнер ғылымының кандидаты Б.Ғизатов, музыка зерттеушілер Х.Тастанов, Ө.Бәйділдаевтар осы еңбектің авторлары. Осының нәтижесінде музыка сабағы үш бағытта өткізілетін боды: ән айтып үйрену, музыка тыңдап үйрену және музыка сауатын үйрену.

 

Мектеп білім беру саласының ең маңызды өзегі болып табылғандықтан, әрбір жасөспірімнің сауат ашуынан бастап дүниеге көзқарасы, адамдармен қарым-қатынасы, білікті манан болуы, ең бастысы, жақсы азамат болуы мектепте қалыптасатыны ешкімнің дауын тудырмайтыны анық Бүгінгі таңда

 

Қазақстанның тәуелсіздік алуы қазақ мектептерінің санын ұлғайтып, тіліміздің, салт-дәстүріміздің, төл тарихымыздың жаңа бағытта дамуына мүмкіндік туғызды.

 

«Білім» бағдарламасында «балалар мен жастарды тербиелеудің ең көкейкесті мәселелері ретінде білім мекемелерінде оқушылардың этностық- мәдени ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиелеу, білім берудің тиімді жүйесін жасап, өмірге ендіру» қажеттігі атап көрсетілген.

 

Қылышынан қан тамған жауды жалғыз ауыз сөзімен тоқтатқан, жастайынан ел басқарып, жалғыз найзамен жауға шапқан халықтың бүгінгі ұрпағын қай бағытта тәрбиелеу керек. Міне, осыған жауап беретін ұлттық мектептің қажеттілігі – уақыт талабы.

 

Академик Ш.Амонашвили «грузин тілінде сабақ беретін мектептердің бәрін бірдей ұлттық мектеп деп айтуға болмайды, нағыз ұлттық мектеп болу үшін онда грузин халқының рухы болуы керек» деген екен.

 

Ұлттық рухымызды жасөспірімнің бойына қалыптастыру, ең алдымен, ата-ананың, екінші мектептің міндеті болып саналады. Сондықтан қазақ жеріндегі мектептердің өткен тарихын зерттеу арқылы болашаққа көз жүгірту – өзекті мәселелердің бірі болмақ.

 

Қазақ даласында ашылған мектептердің даму ерекшеліктері мен ондағы оқу-тәрбие үрдісінің бағыттарын терең зерттеп, бір жүйеге келтіру барысында әлі де ақтаңдақтар жетерлік. Біз қарастырып отырған кезеңде қазақ жеріндегі мектептердің дамуы саяси-экономикалық, тарихи-әлеуметтік жағдайларға байланысты бірнеше сипатта жұмыс істеген.

 

Бірінші топқа фундаменталдық ислами бағыттағы білім беру жүйесін жатқызуға болады. Олар, негізінен, мешіттерге тәуелді мектеп немесе медреселер түрінде болғаны мәлім. Бұл топ көне діни білім беру жүйесіне жататын қадыми білімді жақтады. Қадыми білім тек қана құран сүрелерін жатқа айтқызу мен оқуға үйретті.

 

Екінші топқа ескі мұсылмандық білім беру жүйесін жаңарту қажеттігін түсінген жаңашылдар, яғни жадиттер жатады. Бұл мектептерде жастардың тәрбиесімен білімдерін дамытуға ықпал ететін барлық дерлік пәндер оқытылды. Құран көп пәндердің бірі ретінде болды. Қазақ даласындағы жадиттік мектептер аса кең таралмаса да, «Мамания» мектебі мен «Ғалия» сынды медреселер өздерінің оқу жоспарларын, тәрбие бағытын жадиттік негізде дамытты.

 

ХІХ ғаырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде бой көтерген мектептердің даму ерекшеліктерін аймақтарға бөліп қарастырған дұрыс.

Атап айтқанда, мына төмендегідей:

1) Батыс Қазақстан жеріндегі мектептер.

2) Орталық Қазақстандағы оқу орындары.

3) Түркістан өлкесіндеіг оқу ошақтары.

4) Жетісу аймағындағы мектептер.

Сонымен бірге, мұрағат деректері осы кездегі мектеп жүйесінің келесідей құрылымдары қалыптасқанын көрсетеді:

— жеке меншік;

— болыстық;

— қазақ ақсүйектерінің балаларына арналған мектептер;

— қарапайым топ өкілдерінің мектептері;

— мұсылмандық;

— қазақ мектептері;

— аралас мектептер немесе орыс-қазақ, орыс-түземдік;

— бастауыш мектептер;

— бастауыш сауат ашу мектептері;

— гимназиялар;

— ауыл шаруашылық мектептер;

— қолөнер мектептері;

— приход мектептері.

 

Жоғарыда келтірілген деректерден көрініп тұрғандай, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде ашылған мектептердің түрлері, оқу мазмұны әлі де зерттелуді, нақтылауды, алынған мәліметтерді бір жүйеге келтіруді талап етеді. Рухани тәрбиенің бір саласы музыкалы-эстетикалы тәрбиесі әлі де болса ғылыми-зерттеу тұрғыдан жете зерттелмей келе жатқанын айтқым келеді.

 

Балалар мен жастарға музыкалық-эстетикалық тәрбиені дер кезінде беру, олардың өнерге деген құштарлығын дамытуда ән айту, дауыс тәрбиесі туралы «Қазақ мектептеріндегі балалар мен жасөспірімдердің дауыс тәрбиесі» атты ғылыми-зерттеу еңбегін педагогика ғылымының кандидаты, доцент, ән класының мұғалімі Әмина Нұғыманова ұсынды.

 

Көрсетілген еңбектің айтарлықтай құндылығының бар екендігіне атап өтіп, автордың бұл еңбегі музыкалы-педагогика саласында республикада тұңғыш рет ұсынылған елеулі жұмыс деп білеміз.

 

Біздің пікірімізше бұл жұмыстың «Отбасы педагогикасы» атты бөлімінде бұрын-сонды айтылмай, зерттелмей, ғылыми әдебиеттен өз бағасын алмаған ән мәдениетінің отбасындағы тәрбиелік мәні өте орыды көтеріліп, оның болашақ жастарды тәрбиелеудегі прогрессивтік ролінің арта бергендігін жан-жақты дәлелденген.

 

Сол уақыт ауыз әдебиетінің дамыған кезеңі болғандықтан, — деп көрсетеді автор жастардан естіген әндерді, өлеңдерді, аңыз-ертегілерді, хиссаларды бір-екі естісімен ауызша өздерінше жаттап алып, халықтың ән, музыка, ауыз әдебиетін өз бойларына сіңіріп, болашақ ұрпаққа жеткізіп отырды. Осыған орай балалар мен жастардың есте сақтау қабілеті дамып, халықтың музыкалы мәдениетіне деген олардың сүйіспеншілігінің артуына себепкер болған.

 

Балалар мен жасөспірімдердің есту қабілеті, оны тәрбиелеу, балалар дауысының диапазоны, дыбыстар ерекшелікиерін ажырату қабілетін тәрбиелеуді, т.б. компоненттерді балалардың жас кезінен бастаған пайдалы екендігін дәлелдей келіп, ұлы орыс ғалымы И.П.Павловтың балаларды музыкаға тәрбиелеудегі ғылыми шешімдері мен ұсыныстарын музыкалы педагогикада орынды пайдалану әрі оның тарихи маңызды жағы көрсетілген.

 

Мектептер мен оқу орындары, мәдениет сарайларының жанында хор, ән-би ансамблі, музыка аспаптарында ойнайтын үйірмелер, (домбыра, қобыз, сырнай, шертер, фортепиано, скрипка, труба, кларнет, баян, т.б.) үрмелі аспаптар оркестрлері, ансамблдері ұйымдастырылып, бұларға шәкірттер, студент жастар кеңінен қатысуда.

 

Қазіргі кезде мектептердің 1-7 кластарына 1сағаттан «музыка» сабағы, 3-9 кластарға бірден үш сағатқа дейін факультативі, сабақтан тыс мезгілде хор, оркестр, түрлі ән-би, әншілер қатысатын үйірмелерге уақыт берілгенін едәуір жаңалықтар деп білеміз.

 

Бұдан басқа мектептерде факультативті курстар үшін арнаулы программамен «Мәдени эстетиканың негіздері» деген сабаққа 140 сағат бөлініп, 9-11 кластың өнерді, музыканы ұнататын балалармен жеке курс өткізілді. Оның программасына сәйкес «Көркемсурет өнері», «Эстетиканың маңызы және проблемалары»,

 

«Музыкалық өнер», «Кино өнері», «Өнер өмірдің іс-әрекеттерінен туатын туралы», «Өнердің мазмұны мен формасы», «Қоғам құрылысында өмірдің атқаратын орны», «Халқымыздың шыншыл өнерді өркендетудегі орны», т.б. өнердің, эстетиканың бүгінгі жастарға, адам баласына тигізетін әсерлері туралы тақырыптық әңгіме-лекциялар өткізілді.

 

1950-1970 жылдары оқушылардың, студент жастардың, көркемөнер үйірмелері өзінің қанатын кең жайып, өркендеген мезгіл. Оған барлық жағдай тудырылған. Қазақ ССР Оқу министрлігінің есебі бойынша республикада 1972ж. 62 қалалық, 186 аудандық пионерлер Сарайларында 483578 оқушылар музыка, көркемөнер үйірмелеріне қатысыпты.

 

Оқу министрлігінің қарамағында 212 жеті жылдық музыкалық мектепте – 44917 оқушы, 3 арнаулы он бір жылдық музыкалық орта мектепте бір мыңнан астам оқушылар, екі көркемөнер мектебінде 377 оқушы бар, бұл мектептерде 4 мыңға жақын мұғалімдер жұмыс істейді.

 

12 музыкалық училищелерде 3837 оқушы, 3 өнер институттарында 1470 студенттер музыкадан жоғары білім алуда.

 

Осымен қатар жастар мен балалар үшін әрбір мектептің, мәдениет, пионерлер сарайларының, үй басқармаларының жанынан ашылған музыкалық студиялар мен мектептерде, көркемөнер үйірмелерінде мыңдаған балалар фортепиано, скрипка, домбыра, қобыз, баян, гитара, балалайка, труба, кларнет, т.б. музыка аспаптарында ойнап үйренуде.

 

Жеке музыкалық аспаптарды үйренумен қатар, әрбір орта мектепте, пионерлер сарайларында, мәдениет үйлерінде мектеп оқушылары мен жастардың қатысуымен халық аспаптар оркестрлері, эстрадалық оркестрлер, үрмелі аспаптар оркестрі, түрлі ән, би, этнографиялық, отбасылық, ансамбльдер, хор коллективтері істеп, көпшіліктің мәдени тұрмысынан берік орын алуда.

 

Әрбір оқу жылында бір рет аудандық, облыстық олимпиада өткізіліп, мектеп оқушыларының өнеріне байқау өткізіп отырудың әдетке айналғаны соның дәлелі.
Бүгінгі қазақ мектебінен сусындаған ғалымдар, техниктер, инженерлер, әдебиет және өнер қайраткерлері, мұғалімдер, т. б. Мамандықта жүрген адамдардың барлығы ән тыңдай біледі, сонымен қатар тағы басқа да музыка аспаптарында ойнауды игеруде.

 

Сайып келгенде, мектептегі «музыка» сабағымен көркемөнер үйірмелеріне қатысқан жастарды мәдениеттілікке, адамгершілікке, мейірбандыққа, ұйымшылдыққа, нәзік сезімді, ұшқыр қиялды, әділдікке тәрбиелеуде үлкен орын атқаратындығын өмірдің өзі дәлелдеп берді.

 

1980–1990 жылдардағы республикамызда жалпылама білім беретін мектеп 1989/90 жылдары – 8022 болса, онда 3021075 мың оқушылар, қазақ мектеп саны 2613, онда 923990 оқушылар оқиды. Қалалық мектептер 1600 болса, ауылдық мектептер – 6387. Ал қалалық мектептердің қазақ тіліде – 195 болса, ауыл мектептері – 2420.

 

Жеті жылдық музыка мектептері 507, онда 35000 оқушылар өнер, көркемөнер мектептері 96 блоса, онда 23874 оқушылар қамтылған. Жалпы мектепте оқып жүрген оқушылардың музыка, өнер 5 пайыз ғана қамтылған болып отыр, яғни 500 мыңдай шамасы. Осы жылдары республикамызда 338 оқушылар сарайлары, 117 жас техниктер, 21 жас туристер, 82 жас натуралистер станциялары жұмыс істеді.

 

Онда үйірмелерге 60000 оқушылар қамтылған.Дарынды балар үшін он бір жылдық үш өнер мектебінде 1025 оқушылар білім алса, үш жоғарғы өнер институттарында 4138 студенттер 35 орта арнаулы музыкалы, мәдени-ағарту училищелер мен техникумдарда 12402 оқушылар мәдени-өнер білімін игеруде.

 

Қазақ-кеңес музыкалық мектебі 70 жылдың ішінде айтарлықтай жетістікке жетті. Мыңдаған қазақ жастарының легі мектеп қабырғасынан өнегелі білім, музыкалы-эстетикалық тәрбие алды. Мектеп оқушылары мен жастарға арналған әндерді, күйлер мен екі, үш, төрт дауысты хорлар, би әуендерін, түрлі музыкалық аспаптарға арналған шығармаларды

 

А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Т.Төлебаев, Л.Хамиди, Н.Тлендиев, С.Мұхамеджанов, Б.Гизатов, Ө.Байділдаев, Д.Ботбаев, Ш.Қалдаяқов, Қ.Қуатбаев, И.Нүсіпбаев, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев, К.Дүйсекеев, С.Бәйтереков,

 

М.Ильясов, М.Омаров, Б.Дәлденбаев т.б. сияқты композиторларымыз жазды.
Бүгінгі таңда республикамыздың қайсы бір түкпіріндегі мектептері мен сарайларына бара қалсаңыз, — онда асқақтаған ән, күмбірлеген күй естисіз.

 

   
ErKeTai.KZ