Сексеннің сеңгіріне шыққан анамыздың балалық шағы Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезімен тұспа-тұс келген. Ауылдағы атқамінер еркектің бәрі соғыста аттанған. Анамыздың да әкесі Төребек пен Жора, Шора атты екі немере ағасы әскерге шақырылып, әкесі аман оралғанымен, екі ағасы хабар-ошарсыз кеткен. Нағашы апамыз үш қыз, бір ұлын үйге қалдырып, колхоздың жерінде таңның атысы мен кештің батысы тынымсыз еңбек еткен. Кешке жұмыстан оралып, балаларға талғажау дайындап, түні бойы майдандағы азаматтарға жүн шұлық тоқыған. “Бәрі де -майдан үшін, бәрі де — жеңіс үшін!” деген ұранмен ішіп-жемнің бәрі Отан үшін от кешіп жүрген боздақтарға жөнелтіліп, өздері ашқұрсақ жүрген. Анасы күн сайын таңертең жұмысқа шығарында бөстекке бір уыс қуырылған бидайды шашып кетеді екен. Анамызбен үлкен әпкесі Ұрқия естері кіріп қалғандықтан, бидайдың дәндерін жүннің арасынан кіші сіңлілері Үрбі мен бауырлары Қиянтайға теріп беріп отыратын болған.
Сол жылдары сонау Кавказдан Қырым татарлары Қазақстанның түкпір-түкпіріне жер аударылады. Күздің қара суығында топ-топ болып ауыл ақтаған татарлар Қазығұрттың бауырындағы кішкене ғана ауылға да табан тірейді. Үсті-бастары алба-жұлба, өңдері жүдеу, кәрісі бар, жасы бар, бала-шағаларымен шұбырып жүрген жандарға ауыл адамдары қолдарындағы барын талғажауға беріп, шығарып салады екен. Алайда қаһарлы қыстың ызғарлы суығына шыдай алмай олардың біразының ауыл сыртындағы қайтыс болғанын аналарынан естиді.
Содан кейінгі жылдары немістер де жер аударылып келе бастайды. Бір күні анамыздың үлкен әпкесі бұлақтан су әкеле жатып, сол неміс әйелдердің ортасында қалып қояды. Өзі сымбатты, бойшаң, шаштары тоқпақтай өрімдей қыздың шолпысына, бөркіне, киім киісіне тамсанып, олар кете барады. Ал Ұрқия әпкеміз содан кейін бас-аяғы үш күннің ішінде ауырып, қайтыс болады. Анасы марқұм зар еңіреп, сұм соғысқа лағынет айтып қатты қайғырады, балаларына үйден шықпай отыруды ескертеді. Күндіз-түні колхоздың жұмысында жүріп, екі қыз бен бір ұлды қиын-қыстау кезеңнен аман алып қалады. Соғыс бітіп, ер азаматтардың бірқатары елге оралады. Халықтың әл-ауқаты көтеріліп, ел тойына бастайды. Бірақ сонау соғыс жылдарындағы ашаршылық азабын анамыз ешқашан да ұмытпақ емес: нанның бір түйір уағы жерде жатса, еңкейіп қолына алып, немере-шөберелерін нанды қадірлеуге үйретіп отырады.
1951 жылы әкеміз Серікбаймен отау құрып, Қызылдала ауылында отбасылық өмірін бастайды. Көтерген он бір құрсағының екеуі кішкентай кезінде шетінеген, ағамыз Алтынбай отыз тоғыз жасында өмірден озды.
“Күйік” совхозының майталман шопаны болған әкеміз 1977 жылы елу жасқа толар-толмас шағында кенеттен қайтыс болып, алты ұл мен үш қыз қырық үш жастағы анамыздың қарауында қалдық. Балалардың үлкенінің үйленгеніне бір жыл ғана толып, сәбилі болған шағы — жасы жиырма екіде, ал кенже қарындасымыз төрт жаста ғана болатын. Үлкен ұлдың ауылдың шеберханасында жұмыс істеп тапқан азын-аулақ жалақысы он екі жаннан тұратын үлкен жанұяны асырауға жетпейтін. Анамыз көктем шыға сақпаншыларға аспаз болып, жазға қарай ауылдың қырманына жұмысқа шығатын. Үйдің төрт баласы көктемгі демалыста бір аптадан сақпан бағатынбыз, бөлімше басшылары бір айға толтырып, айлық етіп жазатын. Ал жаз айларында анамыздың орнына інім екеуміз кезекпен жұмысқа шығатынбыз. Оның үстіне, кенже қарындасымыздың аяғы екі жасында сүйек ауруына ұшырап, анамыз аудандық, облыстық ауруханаларда айлап жататын. Тіпті сондай бір қиын сәтте үйде қарайтын ешкім болмай, мектептің жанындағы шопандардың балаларына арналған интернатта да жатып оқыдық. Әрі үлкен ағамыз ауылдың тәжірибелі шопандарына көмекші болып, жеңгемізбен бірге жаз жайлауда, қыс қыстауда көшіп-қонып жүретін.
Анамызды қатты сағынатынбыз. Ай асырып, үйге оралған сәттерінде мойнына асылып, айтқанын екі етпей, көңілінен шығуға тырысатынбыз. Анамыз бізден тек жақсы оқуды талап ететін. Ешқашан өмірдің қиындығына мойымауымызды сұранып, болашағымыздан үміт күтетін. Қарындасымыз аурушаң, әрі үйдің кенжесі болғандықтан, үйдегі жұмыстың бәрін үш бала бөлісіп істейтінбіз. Анамыз кешкіас әзірлесе, біреуміз ыдыс-аяқты жуатынбыз, біреуміз төсек-орынды дайындайтынбыз, біреуміз таңертең ерте тұрып сиырды өріске айдайтынбыз. Осылайша күндегі жұмыстарымызды келісіп атқаратынбыз. Анамыз арасында бізге балалармен бірге доп қууға да мүмкіндік беретін. Өзге құрдастарымыз әке-шешесінен доп ойнауға жасырынып, қашып келетін де, жұмыстан келетін уақыты таянғанда үйлеріне қарай жүгіре жөнелетін. Кейде, ойын қызып жатқанда әке-шешелері айқайлап шақырып алатын. Біз үйдің тірлігін бітіріп, одан кейін ойнауға рұқсат алатынбыз. Алайда ойынның қызығына кіріп кетіп, сиырды еміздіріп қойған, малды суарусыз қалдырған кездеріміз де болатын.
1980 жылдың қыс айында жанұямызды дүр сілкіндірген оқиға болды. Совхоз орталығынан ол кездері ауылға тек қара жолмен ғана қатынас орнайтын. Жер құрғақта жүк машиналары, ал күз, қыс және көктем айларында тележкалы тракторлар қатынайтын. Қарындасымызды алып, ауылға қайтып келе жатқан сәтте, трактор қырға қарай тележканы жұлқа тартады. Сол кезде тележка трактордан ажырап, сайға қарай кері құлдилайды. Шамасы келгеннің бәрі жерге секіріп үлгіреді. Бауырына жеті жасар ауру қызын құшақтап отырған анамыз, қарындасымызды реті келгенде тележкадан сыртқа лақтырып үлгереді. Содан әрі қарай тек ауруханада ғана есін жияды. Кейіннен білгеніміз: тележка аударылғанда анамыздың бір иығын тележканың қыры жаншып қалған. Құдай сақтағанда, ауылдың дүкеніне әкеле жатқан пісте май құйған екі жүз литрлік бөшке анамыздың жанын сақтап қалған. Ес-түссіз жатқан анамызды ауылдың бірқатар кісілері ауылға апарып, балаларына естіртейік десе, Қошқар деген ағайын ағамыз:“Шиеттей бала-шағасына не деп, қай бетімізбен апарамыз?Әлсіз де болса демалып жатқанға құсайды. Одан да мына тележканы орнына қойып, жеңешемді аудандық ауруханаға жеткізейік” деген екен. Содан 3-4 сағат көлемінде анамызды аудандық ауруханаға жеткізеді. Қарындасымыз қорқып қалғаны болмаса- дін-аман, ертеңіне үйге оралды.
Ертеңіне бізді мектептегі сабағымыздан босатып үйге қайтарды, мұғалімдеріміз үндемейді. Жолда Алтынкүл деген шешеміз алдымыздан шығып, “Байғұстар-ай! Аналарың жол апатына ұшырады, сендердің талқыларыңа аман қалса игі еді” деп, кемсеңдеп, құшақтай алды. Сол кезде ғана біздің не үшін сабақтан босатылғанымызды ұқтық.
Анамыз ауруданадан-ауруханаға ауысып, екі-үш жыл бойы үй бетін көрмеді десе де болады. Өзіміз қазанға су жылытып, сабаққа киетін киімдерімізді, алқызыл галстуктерімізді жуып, үтіктеп мектепке мұнтаздай таза болып баратынбыз. Әрине, жұрттың балалары мінетін әдемі велосипедті біздің де мінгіміз келетін, үлкен пластинка ойнайтын радиоланың, Алматы мен Мәскеу каналдарын көрсететін, ақ-қара түсті “Рекорд” теледидарының біздің үйімізде де болуын қалайтынбыз. Анамыз ешкімнен кем қылмай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, тәрбиеледі. Біреуден кеш, біреуден ерте аталған дүниелер де үйімізде болды.
Сексенінші жылдардың ортасында Шымкент педагогика институтына сол кездегі төрт емтиханның екеуін жоғары бағаға тапсырып, оқуға қабылдандым. Студент болған соң үздік оқып, жетпіс бес сом шәкіртақы алсақ та, кейде келесі айға дейін ақшамыз жете бермейтін. Ауылға барған сәтте анам алдымен, сабағымды, сонан кейін ақшадан тарықпай жүргенімді сұрайтын. Қалтамда тек қайтар жолға алып қалған ақшам болса да, “Бәрі дұрыс, ақшам жетеді” дейтінмін. Сөйтсем, анам көзімнен көріп тұрады екен ғой бәрін. Қайтар кезде зейнетақысынан, болмаса Әсем жеңешемен ақша әкеліп беретін. Әсем жеңешеміз де:“Өз күшімен жоғары оқу орнына түсіп, білім қуып жүрген қайным үшін қашан да Сізге ақша тауып беремін. Ұялмай сұрай беріңіз!” дейтінін бертін келе анамнан естідім.
Анамыздың сонау бала кезімізде “Қара су ішіп жүрсеңдер де, біреудің ала жібін аттамаңдар!” деген өсиеті қанымызға сіңген. Жетімдіктің, жоқшылықтың азабын қанша тартсақ та, қасымызда үнемі ақылын айтып, бағыт-бағдар беріп отыратын анамыз болды.
Анамыздың көзі ашық. Сонау қиын-қыстау кезеңдердің өзінде зейнетақысының қомақты сомасына “Қазақстан әйелдері”,“Жалын”, “Жұлдыз” журналдарына, “Социалистік Қазақстан”,“Оңтүстік Қазақстан”, аудандық “Ленин өсиеті” газеттеріне жазылып, бізді де “Қазақстан пионері” газеті мен “Балдырған” журналдарына жазылдыратын.
Жеті сыныптық білімі бар анамыз қазіргі кезге дейін сонау мектеп жасындағы ұйымдастырған қызықты көріністері мен бір-біріне арнап шығарған өлеңдерін жатқа айтып отырады. Тіпті, сол жылдары Шалқар деген мұғалімнің ұйымдастыруымен көрші ауылдарға барып, концерт те құрады екен. Біздің алғашқы ұстазымыз да — анамыз. Әкеміз қой бағып, адырда жүрген кездері анамыз қолымызға дәптер беріп, жазу жаздыратын. Кейде өзі де бізбен қосылып мәшиненің, ағаштың және гүлдің суреттерін салып беретін. Кешке қарай киіз үйдің ортасына маздатып от жағып, бізді отты жағалата ішікке орап отырғызып, қызықты ертегілер айтып беретін. Соны тыңдап отырып, ұйқыға кететінбіз. Әкеміз малды жайғап, үйге кіргенде біз ұйқыда жататынбыз. Анамыз кешкі ас үстінде балалардың күні бойы немен айналысқанын баяндап, жазуларымыз мен салған суреттерімізді көрсететін. Таңертең ерте тұрып, бір-бір кесе қымызды сіміріп алып, қырда қой бағып жүрген әкемізге қарай жарыса жүгіретінбіз. Сол сәтті пайдаланып, әкеміз үйге таңертеңгі шайын ішуге оралатын.
Қырдың саф ауасымен кеудеңді толтыра демалып, атқа мініп, желмен жарысып, жымыңдаған сан мыңдаған жұлдыздарға қарап жатып ұйықтайтын балалық шағымыздың керемет сәттерінің бірі болатын. Ауылға жиын-тойға баратын кездері анамыз біздерді шибарқыттан шалбар тігіп беріп қуантатын, әрқашан мұнтаздай таза жүруімізді қадағалайтын.
Қазіргі кезде көз жанарының нашарлағанына қарамастан газеттерді үзбей оқиды, “Хабар”телеарнасының кешкі жаңалықтарын жібермейді. Кейде ауылға барған шақта, әлемдік жағдай туралы көкейтесті сұрақтарды қойып, қапелімде қалай жауап берерімді білмей қаламын. Елбасымыздың жақсылығын айтып, еліміздің күн өткен сайын көркейіп отырғанын мақтаныш етеді. Бес мезгіл намазын денсаулығына байланысты біраздан бері тоқтатты. Үйге барған сәтте Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі нағашымыз Қиянтайдың өлеңдері жарияланған газеттерді сақтап қояды, бірге қайта оқып шығамыз. Анамыз әңгімені керемет айтады. Келін болып түскен кездегі қарадомалақ қайындары мен қайын сіңлілері ауылға соққанда “Рәбия жеңгеміздің әңгімесін сағындық” деп үйге арнайы атбасын бұрады.
Қазір анамыз бес ұл мен келіннен, үш қыз бен күйеу баладан қырық бір немере және елу бір шөбере сүйіп отырған ардақты әже, ауылдың анасы. Көрші, ағайын келіндердің бәрі біздің апамыз деп мақтаныш тұтады. Үлкен ағамыздың Төлеби ауданында тұрғанына отыз жылға таяп қалды. Екінші ағамыз ауылдың мектебін басқарып, оның іскерлігі мен табандылығының арқасында 2009 жылы “Жүз мектеп, жүз аурухана”атты мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңа үлгідегі екі қабатты зәулім мектеп салынды. Мен ғылым кандидаты атанып, оңтүстіктегі жоғары оқу орындарының бірінде оқу ісі жөніндегі проректор қызметіндемін. Қазіргі таңда ағам, екі інім, жеңгем және келініміз ауыл мектебінде ұстаздық етуде.
Анамыз біз үшін адалдықтықтың, парасаттылықтың белгісі. “Бетің бар, жүзің бар” демей ойындағысын тура айтатын жан. Тазалықты жаны сүйеді. Осыдан бірер жыл бұрын үйлеріне қарай аяңдап келе жатқан әжелерін көріп, ағамның қыздары “Үйге комиссия келе жатыр” деп тез арада үй-ішін, ауланы жинастыра бастаған екен.Қазір сол немере қыздардың алды үш-төрт балалы-шағалы. “Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды” демекші, анамыздың әрқашан ортамызда аман-сау жүргенін қалаймыз.
Мақала авторы: Мамаев Қайрат Серікбайұлы, Шымкент қаласы
Тамаша жазылған мақала. Ана шынымен алтын, және сіздің мақалаңыздың арқасында сіз мұны оңайырақ түсінесіз. Осы мақала мен керемет оқиға үшін көп көп рахмет.
жанащыр аналарымыздың жасы ұзақ босын ешқашан ауырмай сырқамай жүре берсін
Керемет жазылган Аналарга мын алгыс.100жасасын
Өте әсерлі әңгіме екен. Сол заманның азаматтары әңгімесі адамға ерекше әсер қалдырады. Адами құндылық өте жоғары болған. Бүгінгі таңда үлкенді сыйлаудан қалып бара жатқан секілдіміз
Мақалада тақырыбы кең жарқын етіп көрсетілген
Керемет жазылған мақала. Аналарымыз жүз жасасын. Берген тəрбиесін алғаныңыз Қайрат ағай сізден көрініп тұр. Орталарыңызда жүректеріңіздің жылуы болып жүре берсін.
Ия анаға арналған тәрбиелі де мағналы естелік екен.Аналарымыз аман болсын.Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды ?
Ана барлығымыз үшін алтынмен тең. Әрқашан аналарымыз ардақтай білейік.
Анашым деген сөздің өзі керемет қой.
ата-ана қадырын балалы болганда билерсн дейд. Оте жаксы денгейде жазылган макала екен, маган катты унады
Ата-ананың балаға деген мейірінде, қамқорлығында, оның келешегінен күткен зор үмітінде ешқандай шек жоқ. Әкең мен шешең саған жер бетіндегі теңдесі жоқ қымбат тарту – өмірді ғана сыйлаған жоқ, бақыт та сыйлады. Бақытты бал дәурен балалық, қайғысыз-қамсыз жастық шақ, алаңсыз оқып, еңбек машығын алуыңа қолайлы жағдай… Бәрі-бәрі сенің сыбағаң.
Аналарымыз манги жасасын! Жумак ананын аягынын астында! Анашым-Омирим! Шынайы ангимелеринизге Рахмет! Осындай ангимелерди коптеп жариялап турыныздар.
Мақалаға берген оң пікірлеріңіз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін!
Ана-қасиетті ұғым.Ана-бізге өмір сыйлайтын асыл адам.Қайрат Серікбайұлы мақалаңыз маған өте қатты әсер етті.Балалық балдәурен кездерінде көп қиыншылық болғанмен ана тәрбиесі сырт қалмаған.»Алғашқы ұстазымыз анамыз»- деп өзіңіз айтқандай анаңыздың берген білімі мен тәрбиесі арқасында барлықтарыңыз бір-бір мамандық иесі болып отырсыздар.Мақала мағынасын түсінер болсақ сіздің мақалаңыздан анаға деген сүйіспеншілікті,сыпайылықты,анаға деген құрметті
байқауға болады.Қазірде ардақты әже болып отырған анаңыз жүз жасасын.Керемет мақала жалғасын таба берсін.Рахмет.
«Ана-баласын жоғалтпасын,бала анасын жылатпасын» -дегендей ананы құрмет тұтайық адамдар.
Керемет жазылған мақала. Аналарымыз жүз жасасын. Берген тəрбиесін алғаныңыз Қайрат ағай сізден көрініп тұр. Орталарыңызда жүректеріңіздің жылуы болып жүре берсін.
Қазіргі заманға осындай аналар қажет-ақ
Өте әсерлі әңгіме. Ата ананың балаға деген махаббаты шексіз ғой шіркін!
Ата анаңның қадірін балалы болған да білесің. Өте әсерлі әңгіме, жақсы жазылған. Осылай жастарға берері көп болсын
Осындай шынайы әңгімелердің желісімен кино түсірсе өскелең ұрпаққа үлгі болар еді. Өйткені мұндай оқиғаларды ойдан шығару мүмкін емес .
Шығарманы бір деммен оқып шықтым, қатты ұнады.Орыстың бір спорт комментаторының сөзі есіме түсіп кетті «Жизнь лучший драматург» ия өмір деген оңай емес.Мақала авторына көп рахмет.Аналарымызды қадірлейік адамдар!