Қош келдің, Әз Наурыз!
Залда әсем әуен ойнап тұрады.
Тәрбиеші: Армысыздар құрметті қонақтар. Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жыл келді. Ұлы мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілейміз. Ұлы мереке сіздерге бақыт, қуаныш, сыйласын!
Балалар «Абай» ауылы, «Шоқан» ауылы, «Жамбыл» ауылы болып залға кіреді.
Тәрбиеші Наурыз — жыл басы, наурыз — қуаныш мерекесі. Наурыз — бақыт пен шаттық мерекесі. Наурыз – көктем мерекесі. Ендеше «Көктем» туралы ән шырқайық.
ӘН: «Көктем, көктем, көктемде»
Келесі кезекті мерекеге арналған тақпақтарға береміз.
Дәулет:
Наурыз келді тамаша
Ән айтамыз таласа
Атам, әжем той тойлап
Қуанып жүр балаша
Би билейміз тамаша!
Нұрберген:
Наурыз келді құт болып
Мына бізге сүт болып
Аққа ауызымыз толады
Бар жақсылық болады.
Тлекжан:
Наурыз келді еліме
Наурыз келді жеріме
Байлық бақыт тілеймін
Бүкіл қазақ еліне!
Мөлдір:
Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Жас балаша нұрланып,
Жадырасып бәріміз.
Сұлтан:
Наурыз тойы, Наурыз тойы,
Құтты болсын ағайын.
Наурыз тойы, Наурыз тойы,
Келді біздің Жаңа жыл!
Тәрбиеші: Әр адам келер жылдан үлкен үміт күтіп, оны ақ тілекпен, ақ ниетпен қарсы алады. Ендеше, ақ кимешекті ақ әжеміз наурыз көже әкеле жатыр. Қош келдіңіз! (музыка).
Залға қолында тостағанға құйылған наурыз көже ұстаған әже кіреді.
ӘЖЕ: Амансыздар ма, құрметті қонақтар, балалар, көктемнің тамаша мерекесі, Ұлыстың ұлы күні, Наурыз құтты болсын, әр шаңыраққа береке, бірлік, мәртебе әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Қайда барса жол болсын!
— Балалар, менің қолымдағы не? Онда не бар деп ойлайсыңдар?
— Дұрыс айтасыңдар. Бұл Наурыз көже. Наурыз мерекесін наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Сендерге сұрақ:
— Наурыз көжені неше түрлі тағам қосып дайындайды?
— 7 түрлі
— Дұрыс айтасыңдар. Наурыз көжеге сүр ет, сүзбе, бидай, құрт, тары, май, тұз қосады. Наурыз көже ең дәмді, әрі тойымды, құнарлы тағамдардың бірі. Ерте кезде үлкен тайқазанға пісірген. Наурыз көже қаншама халықты аштықтан аман алып қалған.
Сондықтан да, тойшылар бір-біріне «ақ мол болсын», «сауар көбейсін» деген тілектер айтады.
Тәрбиеші: Балалар, қазақтың қандай ұлттық тағамдарын білесіңдер? (балалардың жауабы)
Тақпақтар
Назира:
Наурыз тойым, Наурыз тойым.
Құтты болсың халайық!
Қане, достар, қане, достар,
Шырқап әнге салайық.
Арсен:
Осыншама жақсылық
Алып келген Наурызым
Төрлет бізге нұр беріп,
Шуақ шашып ақ жүзің!
Саят:
Наурыз шаттық әніміз
Салтанатты сәніміз
Ән саламыз бәріміз
Би билейміз бәріміз
Гаухар:
Наурыз айы — гүл айы
Наурыз айы — нұр айы
Наурыз айда халқымның
Құлпыра түсер шырайы
Айару:
Уа, халайық, халайық!
Әсем әнге салайық
Наурыз тойын көңілді
Бірге қарсы алайық
Тәрбиеші: Балалар, қазақ халқының ертеден келе жатқан көптеген салт-дәстүрлері бар. Бүгін біз ат қою, бесікке салу және тұсау кесер рәсімдері туралы әңгімелейтін боламыз. Бала дүниеге келгеннен кейін атасы мен әжесі немесе ауыл ақсақалы балаға ат қояды. Ат қоюшы адам баланың құлағына: «Сенің атың…» деп үш рет қайталайды.
Шоқанауылы ат қою рәсімі туралы әңгімелеп береді.
ӘН: «Шілдехана бесік той»
ӘЖЕ: Мына наурыз мерекесіне бір әдемі кілемшені әшекейлеуді бастап едім, аяқтай алмай қойдым. Мына көзде көрмейді, кәрілікте келді. Балалар маған көмектесіп жібересіңдер ме?
(Әже жерге отырып, кілемшені жайып, оюларын жанына қойып, қалай жасау керек екенін көрсетеді. )
Тәрбиеші: Әрине, балалар әжеге көмектесеміз бе? ( Әр ауылдан бір баладан шығару)
ӘЖЕ: Ой, рақмет, балалар! Өркендерің өссін, көп жасаңдар. Қандай тамаша кілемше болды – деп жайып көрсетеді
Тәрбиеші: Шілдехана өткеннен кейін баланың әке-шешесі бесік тойын жасайды. Ағаштан жасалған бесікті баланың нағашылары немесе жасы үлкен қадірлі аналардың бірі әкеліп, сыйға береді. Ең алдымен бесікке салушы әйел бесіктің өзін жын-шайтандарды қуу үшін, түрлі иістерден арылту үшін отпен аластап шығады. Содан кейін көрпешелер мен жастықшаларды баптап салады.
Баланы жатқызып, бөлейді. Қолбау, белбеу және аяқбаумен тартып байлап қояды. Әйел тілектерін айта отырып бесіктің үстіне алдымен көрпе жабады. Бала халықшыл болсын деп тон, шапан жабады,ат жалын тартып мінсін деп қамшы іледі,көз тимесін деп тұмар тағады, қырандай көреген болсын деп бүркіттің тұяғын байлайды.
Абай ауылы бесікке салу рәсімі туралы әңгімелейді.
ӘН: «Әлди,әлди, ақ бөпем»
Ұлдардың биі: «Қамшы»
Тәрбиеші: Тұсау кесу – сәби қаз тұрғаннан кейін тез, жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр. Арнайы дайындалған ала жіппен баланың аяғын тұсап байлайды. Жіпті қадірлі, ісі алға басып тұрған, әрі жылдам, сүрінбей жүретін адам кеседі. Бұл – бала осы адамға тартсын деген тілектен туған рәсім.
Жамбыл ауылы: Тұсау кесер рәсімі туралы әңгімелейді.
Исмаил:
Ой, халайық, халайық
Әсем әнге салайық
Наурыз тойын көңілді
Бірге қарсы алайық
Оля:
Сәнді көктем нұрымен
Наурыз тойы жырымен
Көңіл гүлдей жайнасын
Наурыз тойы тойлансын
Аслан:
Ашылды да кебеже
Дәм әзірлеу басталды
Әжем наурыз көжеге
Жеті түрлі ас салды.
Арпа, бидай, тары бар
Қатық, малта, тағы бар
Ішілетін, жейтінің
Инара:
Аспанымда ақша бұлттар аунайды,
Наурыз тойы көңілімді баурайды.
Тебіренген табиғат та мәз мейрам,
Аңқылдаған қазағымнан аумайды.
Ерасыл:
Кел балалар ойнайық,
Наурыз тойын тойлайық
Баянды боп мереке
Қыр гүліндей жайнайық
Кемель:
Бата беріп атамыз,
Бата беріп әжеміз
Тәтті болып жасаған
Көжеден дәм татамыз
Еркебұлан:
Құт бауырсақ шашылып,
Наурыз тойы ашылсын
Бір бірімен мына жұрт
Көрімдігін асырсын
ӘЖЕ: Ой балалар жарайсыңдар, бәрекелді. Балалар, қазақ халқының қандай ұлттық ойындарын білесіңдер?
Балалар: асық, арқан тарту, ормамал тастау, қыз қуу, теңге ілу.
ӘЖЕ: Рахмет! Мен сендерге құр қол келген жоқпын. Ұлттық ойындардың бірі асық ату ойынын, ойнауға бір дорба асықтар ала келдім.
Ұлттық ойын. «Асық»
ӘЖЕ: РАҚМЕТ! Сау болыңдар! Наурыз құтты болсын! (Батасын беріп шығып кетеді)
Тәрбиеші: Балалар, қазір мен ата- аналардың және сіздердің тапқырлықтарыңызды тексеріп көрем. Ол үшін мен бір тыйым сөздің басын бастаймын, ал сіздер сол сөзді аяқтау керексіздер.
Дайынбыз ба? Бастаймыз.
Б: Үйде ысқырма
А:Үлкеннің жолын кеспе
Б:Саусағыңды аузыңа салма
А: Асты үрлеме
Б:Тіліңді шығарма
А: Жақты таянба
Б: Табаныңды тартпа
А: Тізеңді құшақтама
Б: Есікті қатты жаппа
А: Бір қолмен нанды үзбе
Б:Үйге қарай жүгірме
А: Есікті керме
Б:Құстардың ұясын бұзба
А: Бос бесікті тербетпе
Би: «Тостаған»
Тәрбиеші:
Тойла бүгін тауларым мен боз далам,
Тойла бүгін қарттарым мен бозбалам.
Мереке боп келген бүгін Наурызым!
Береке бол ешқашанда тозбаған! – дей отырып, ертеңгілігімізді аяқтаймыз.
Наурыз мейрамы туралы жақсы жазылған екен, көп рақмет! Әз-Наурыз мейрамы барша мейрамдардың iшiндегi ең керемет мейрам!
Наурыз мейрамы туралы жақсы жазылған екен, көп рақмет!
Ашық жариялымды ертеңгілікке қажетті дүниелер молынан. Рахмет!
Наурыз мерекесіне арналған сабақтың құрылымы өте жақсы. Таппақ айтқандары, салт дәстүр туралы түсінік бере алғаны ұнады.
алдағы келе жатқан Наурыз мейрамына орай болатын ертеңгілікке алатын материалдар бар екен, үлкен рахмет Еркетай ұжымына!
Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілік өте жақсы құрылған. Балаларға барынша мәлімет берілген екен. Ұлттық ойындар да тиімді қолданған
Наурыздан асқан мейрам жоққой шіркін
Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілік өз деңгейінде құрылған. Ертеңгілікте балалар қазақтың салт-дәстүрімен толық танысқан. Ұмытылып бара жатқан әндер шырқалып, ұлттық ойындар ойналған. Осындай ертеңгіліктер, тәрбие сағаттар балаларға көп өткізілуі керек.
Сабақ жоспары баланың жасына сай құрылған. Қазақтың салт -дәстүрін, ұлттық ойындары туралы түсінік кеңінен берілген.
Рахмет .