БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЭТНОСТЫҚ ӨЗІНДІК САНАСЫ

ПСИХОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНДА ЭТНОСТЫҚ ӨЗІНДІК САНА МӘСЕЛЕСІ

І.1 Психология ғылымында «этностық өзіндік сана» ұғымын талдау

Ғылыми әдебиеттерде этностық өзіндік сана мен ұлттық өзіндік сана синоним ретінде алынып, ұлттық психология элементтерінің бірі ретінде қарастырылады. Оның мазмұны мен құрылымы А.О. Боронаевтың, Ю.В. Бромлей, Н. Жанділдин, А.Ф. Дашдамиров, Л.М. Дробижеваның, словакиялық ғалым И.С. Выростың т.б. еңбектерінде зерттеледі. Алайда, ғалымдардың этностық өзіндік сананың анықтамасы мен оған әсер ететін факторлар туралы пікірлері әр алуан. Кейбір ғалымдар(Н.И. Чебоксаров, В.И. Козлов т.б.) «ұлттық (этностық) өзіндік сана» ұғымы адамдардың өздерінің белгілі бір этносқа қатыстылығын саналы түсінуі деп есептейді. Ал екіншілер (Ю.В. Бромлей, Л.М. Дробижева, С. Калтахчян, О.Б. Мухаметбердиев, Э.А. Саракуев, В.Г. Крысько) оның мазмұны бұдан неғұрлым терең екенін, ол «біз бейнесі», яғни этностық автотаптаурындар, өз халқының шығу тегі мен тарихи өткені, тілі, мәдениеті, өмір сүру территориясы туралы түсініктерді, этностық мүдделерді, адамдардың өз халқының қажеттіліктерін түсінуді білдіріп, өзге халықтар туралы түсініктерімен де толығатынын айтады. Сондай-ақ, осы көзқарасты қолдайтын тағы бірқатар ғалымдардың (А.Ф. Дашдамиров, Г.В. Старавойтова, З.В. Сикевич, Г. Тэшфел, Л. Гозман, А. Эткинд, Т.Г.Стефаненко, Г.У. Солдатова, Э.Ц. Данзанова, О.Л. Романова т.б.) пікірінше этностық өзіндік сана индивидтердің этностық құндылықтарға қатынасын, қандай да бір этносқа қатыстылығына қобалжуды білдіреді.
Ғылымда этностық өзіндік сана екі деңгейде – тұтастай топ және индивид деңгейінде – қызмет ететін құбылыс ретінде қарастырылады. Топтың этностық өзіндік санасы деп – ұлттың обьективті қызмет ететін белгілерін (тілін, салттары мен дәстүрлерін, тарихи өткені мен территориясының ортақтығын) өзіндік бейнелеуге қабілеттілігі т.б. түсініледі және олар ұлттың қауымдастық туралы түсініктеріне сәйкес автотаптаурындарында тіркелген (Левкович, Панкова, 1985).
Психологтардың пікірінше, этностық өзіндік сана топтық деңгейдегі аспектісін тарихшылар, этнографтар, этносоциологтар, ал тұлғалық деңгейдегі аспектісін психологтар зерттейді. Этностық өзіндік сана тұлғаның «Мен — тұжырымдамасының» бөлімі, тұлғаның тұтастығы мен өзін өзі дамытатын жағдайларының бірі. Ол когнитивті, аффективті және реттеушілік компонеттерден тұратын (Л.М. Дробижева, О.Б. Мухаметбердиев) күрделі феномен. Бұл компоненттер адамның өз тобы мен өзге топтар туралы білімдерінен, белгілі бір этностық қауымдастыққа өзінің қатыстылығы мен оған өзінің мүшелігінің субьективті мәнділігін саналы түсінуінен және нақты мінез-құлықта іске асатын этностық ұстанымдарынан көрінеді.
Психолог-ғалымдар соңғы уақыттарда тұлғаның этностық өзіндік санасының орнына «этностық сәйкестік» терминин қолданып, оның қалыптасу механизмін түсіндіруде Б.Ф. Поршневтің топаралық қатынас туралы әлеуметтік-психологиялық тұжырымдамасына сүйенеді. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, «Біз» сезімінің қалыптасуы өзге топтарға қарама-қарсы қойылуды ұғыну арқылы жүреді (Э.Ц. Данзанова). Индивидтің де, қауымның да өзін этностық сәйкестендіруі-салыстыру негізінде өзін бөлу болып табылады (Дж.Девос). Салыстыру обьектісі сыртқы пішін, тіл және салт-дәстүрлер сияқты айырмашылық белгілері бола алады (Сикевич З.В.)
Қазіргі таңда көптеген ғалымдар ұлттық мәселелердің терең әдіснамалық талдауын жасап, этностың психологиялық ерекшеліктеріне байланысты эксперименттік-эмпирикалық зерттеулер жүргізіп, мәнін жан-жақты ашуда. Бірақ этностылықтың тұлғаның әлеуетін арттырудағы рөлі терең зерттелмеген. Ең алдымен, осы өзекті тақырыптың теориялық жағына мән берейік.
etnostik-sanaЖалпы, этномәдени сәйкестілік этностық өзіндік сананың құрамдас бөлігі болып табылатындықтан, біз, ең алдымен, этностық өзіндік сана сияқты әлеуметтік-психологиялық құбылыстың мәнін ашуға тырыстық.
Этностық өзіндік сана этностың маңызды анықтаушысы бола тұра, сонымен бірге, ұлттылықты сақтап қалудың бірден-бір көзі болып табылады. Тарихи даму барысында этностың тілі, жалпы территориясы, салт-дәстүрлері жойылуы немесе өзгеріске ұшырауы мүмкін. Алайда этностық сана бар болғанда, этностық «біз» бейнесі ешқашан жойылмайды және ол сан алуан адамдарды белгілі бір ұлтқа біріктіреді [3;4;5].
Кез-келген ұлт сан ғасырлар бойы өзінің ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтап қалуға тырысқан [6;7]. Сол мақсатта әрбір этнос қандай қиыншылық заман болғанда өзінің ұлтжандылығын танытқан. Мәселен, Еврей ұлтын қарастыратын болсақ, бұл ұлттың халқы біздің дәуіріміздің басында айырылып қалған мемлекеттілігінен кейін ұзақ уақыт қоныс аударған. Бірақ осы XVIII ғ аралығында көптеген елдердің үкіметі тарпынан жиі қуғынға ұшырауына қарамастан, бұл халық өз этностық ерекшеліктерін сақтап қана қоймай, тіптен, қоныстанған жерлеріне тез бейімделіп, сол елдің саяси-экономикалық өміріне белсене араласып, өздерін тиімді жүзеге асыра білген. Осындай өзін-өзі таныту деңгейінің жоғары дамуына байланысты, бұл ұлт өкілдерінен қазіргі кезде дүние жүзіне әйгілі ғалымдар, өнер және саясат қайраткерлері, бай кәсіпкерлер шыққаны бәрімізге мәлім. Мұның бәрі, әрине, олардың этностық өзіндік санасының күшті дамығандығын көрсетеді. Бұл сезім оларды өзара тығыз байланыстырып, өз армандарына, мақсаттарына жетуге жұмылдырды. Осындай ішкі мызғымастықтың нәтижесінде қазіргі кезде бұл ұлт өз мемлекетін құрып, қарқынды даму үстінде. Мұндай қасиет барлық ұлттарда көріне бермейді. Адамзат тарихында өз ұлттылығын, яғни ұлттық өзіндік ерекшелігін, ұлттық өзіндік санасын жоғалтқан елдер де аз болған жоқ. Этностық топты басқалардан ажырататын сана ол – этностық сана емес, тек өзіндік сана ғана болғандықтан, ұлттық топ өзіндік санасыз болмайды. Бұл құрауыш жалпы әлеуметтік факторлардың да, сол сияқты мәдени факторлардың да әсерінен қалыптасады. Этностық өзіндік сананы бекіту, ұлттық топтың өз мемлекеттілігін құру ұмтылысына, яғни «ұлттық құрылымды» қалыптастыру процесіне үйлесетіні көптеген этнопсихология, саясаттану ғылымдарының зерттеулерінен белгілі. Осы кезеңде этностық өзіндік сана ұлттыққа ауысуы мүмкін. Ғалымдар мұндай механизмдер қатарына ұлттық сезімді, ұлттық мүддені, ұлттық идеяны, патриоттылық пен ұлттық мақтаныш сезімдерін жатқызады және осы құрылымдарды қалыптастыру негізінде жастардың ұлттық өзіндік санасын жоғарылатуға болатындығын көрсетеді.
Халықтың санасы жөнінде XIXғ 30-жылдары орыс философтары да өз көзқарастарын білдірген. Мысалы, П.Я.Чаадаевтың пікірінше, нағыз халықтың ұлттық санасы, еске түсірулерге негізделген, бірқатар оң идеялардан көрінетін ақиқаттан және көпшіліктің ақыл-санасын мазалайтын, олардың барлығын ортақ мақсатқа жетелейтін терең ойлардан тұрады. П.Я.Чаадаевтың осы пікірлерінде халықтың санасында «ұлттық сезім», «ұлттық мүдде», «ұлттық идеяның» орын алатындығы жөнінде сөз болады [8].
XX ғасырдың басында орыстардың ұлттық өзіндік санасына арналған зерттеулер шықты. Сондай зерттеулердің авторларының бірі заңгер, әлеуметтанушы, Қазан университетінің профессоры В.В. Ивановскийдің еңбегінің маңыздылығы – оның «саналы патриоттылық» құрылымын талдауда ұлттық өзіндік сананың құрамында патриоттылық, ұлттық мақтаныш, өз халқының тарихына, дініне, халықтық шығармашылыққа, кәсіби мәдениетке, тілге, сондай-ақ, өз Отанының табиғатына сүйіспеншілік сезімі сияқты элементтерді бөліп қарастыруында [9].
«Этностық өзіндік сана» ұғымының мазмұны жөнінде әртүрлі пікірлер бар. 40-шы ж. этностық (ұлттық) өзіндік сана мәселесін этностың басты белгісі ретінде П.И. Кушнер қарастыра бастаған [10]. Кейінірек кеңестік ғалымдар этностық қауым ұғымын анықтауда қолданылатын белгілерді (тіл, аймақ, мәдениет және т.б.) тауып, этностық өзіндік сана адамдардың өздерінің этностық сәйкестілігін анықтауда шешуші рөл атқарып, этностық қауымды қалыптастырудағы барлық негізгі факторлардың әрекеттерінің нәтижесі болып табылатындығын атап көрсеткен. В.И. Козлов этностық өзіндік сана адамдардың нақты бір халыққа тиістілігін саналауымен байланысты және негізінен адамдардың ұзақ уақыт бірлесіп өмір сүруі барысында өз халқын бір атпен атауынан көрәнеді деген [11].
Дж. Деверо этностық өзіндік сана құрамын зерттеген болатын [12]. Ол ғалымға қандай да бір концептуалды тұтастықтағы, бақылаушылар мен субъектілердің өзіндік растауларымен өз ұлтына деген қатынасы, мінез-құлқына қатысты растауларының синтезделгендігі болып ұғынылады.
Мәдени антропология мектебінде этностық қауымның рухани субстанция конфигурациясы жөніндегі идеялар Р. Бенедикт, А. Кардинер, М. Мид, А. Инкельс, Р. Линтон, Д. Левинсон, Жд. Хонигман, Дж. Уайтинг, Ф. Хсю, Дж. Де-Вос, К. Дюбуа көзқарастарында көрінеді. Ғалымдар мәдениеттің, жеке тұлғаның, этностық қауымның өзара қатынас ерекшеліктеріне мән береді және әр мәдениетте мінездеме жиынтығы арқылы (ұлттық мінез), сыртта «базалық жеке тұлға» (А. Кардинер) және «модальды жеке тұлға» (Р. Линтон, А. Инкельс) болып презентацияланатын, жеке тұлға типтері көрсетіледі, яғни бір мәдениетке немесе бір қоғамға жататын жеке тұлғаның тұрақты қайталанатын қасиеттері.
Ф. Хсю модальды жеке тұлғаны, ондағы әлеуметтік құрылым, құндылықтар иерархиясы, тәрбие үлгілерінің бейнеленуін, мұның бәрі мінез-құлықта, сонымен қатар девиантты мінез-құлықта қалай көрінетінін зерттеуге зейін аударады [13].
Дж. Де-Вос «этностық топтың» жаңаша анықтамасын береді, «ұлттылық» және «этностық» ұғымдарының анализін жүргізеді, соңғысын локальді білімнің спецификалық ерекшелігі ретінде түсінуге тырысып, феноменді мінез-құлық көрсеткіштерімен ғана бағаламайды (субъективті белгілер – тіл, киім, тамақ және т.б), субъективті сезімдер бойынша да (өзін-өзі сезінуі, өзін-өзі анықтауы) этностықтың терең психологиялық мағынасын ашады (этностық тірі қалу куәлігі ретінде), этностық плюрализм табиғатын ашады.
Ю.В.Бромлейдің ойынша, өзіндік сана адамның өз әрекеттерін, ойларын, сезімдерін, мінез-құлық түрткілерін сезіну болғандықтан, этностық өзіндік сана этнос мүшелерінің өз қауымының әрекеттері, этностық автотаптаурындары деп аталатын тәсілдері мен жетістіктері туралы пікірлері болып табылады. Бұл пікірлер басқа этностар туралы пікірлері болып табылады. Бұл пікірлер басқа этностар туралы көзқарастармен үздіксіз байланыста болады [14]. Ю.В.Бромлей этностық сана құрамына адамдардың өз ұлтының қасиеті туралы көзқарасын, этностық санасын, этностың күнделікті өмірін, қоғамдық санасын, сонымен қатар, этностық таптаурындарды жатқызады.
Жалпы, этностық өзіндік сана тіл, ұлттық дәстүр, әрі мәдениетпен салыстырғанда өте тұрақты фактор болып табылады. А.Г. Спиркиннің ойынша, өзіндік сана тек индивидке ғана емес, сондай-ақ өндірістік қатынастар жүйесіндегі өз орнын, өздерінің ортақ қызығушылықтары мен мұраттарын түсінуге дейін жеткен қоғамға, тапқа, әлеуметтік топқа да тән. Сол себептен, ол адамдағы этностық өзіндік сананы нақты этностық ортадағы қоғамдық сананың рефлексивті білімі деп санайды [15].
Г.В.Старовойтованың «ұлттың өз мүддесін мойындағанда ғана, этностың этностық өзіндік санамен байланыстырудың жүйеленген формасын этностық сана ретінде түсінуге болады» деген пікірі біздің тұжырымымызға жақын. Біздің түсінуімізше, этнос мүшелерінің өз ұлттылығын мойындауы, саналауы және оны сақтауға деген ынтасы болуы шарт. Осындай, топтың әрбір мүшесінің этностық өзіндік санасының тұтас жиынтығынан халықтың этностық санасы қалыптасып, құралады. Қазіргі кезде бұл тұжырымның маңызы зор, себебі ұлттық топтың құралуы үшін әрбір жеке индивидтің этностық өзіндік санасын, халық, ұрпақ үшін жауапкершілігін жоғарылату қажет [16].
П.И. Гнатенко этностық сананы адам санасында қалыптасатын өз этносының ұстанымдары жөніндегі көріністер ретінде түсіндірген. Этностық өзіндік сана индивид деңгейінде де, этнос деңгейінде де байқалады, ал этностық тек этнос деңгейінде ғана көрінеді. Автор аталмыш сананы сипаттауда эмоциялық, әдептік және жалпы азаматтық құндылықтардың рөлін атап кеткен [17].
В.П. Левкович, Н.Г. Панкова бойынша, этностық өзіндік сана – ол этностық топтың өзін-өзі бейнелендіру қабілеті. Бұл сана этностық топтың тілінде, салт-дәстүрлер жүйесінде, хадистерінде, аңыз-ертегілерінде, нанымдарында, ырымдарында, жаңсақ нанымдарында, ұлттық талғамдары мен стильдерінде объективті түрде көрінеді [18].
Этностық өзіндік сананың, сонымен қатар, этностық сәйкестіліктің маңызты анықтауыштарының бірі – ол тіл. Ең алғаш, тілді этностың негізгі белгілерінің қатарында қарастырған Н.Н.Чебоксаров болатын. Кейіннен бұл мәселе қазақстандық психологтармен де зерттелінді (Ж.Т.Уталиева, Л.К.Көмекбаева) [19;20]. Олардың зерттеу жұмыстарында тіл полиэтностық ортада тұлғаның этностық сәйкестілігінің қалыптасуының маңызды факторы ретінде қарастырылады. Шынымен, тілді білу арқылы адамдар сол этностың тарихын, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін терең біле алады. Тіл адам санасын, ақыл-ойын қалыптастыратын мықты құрал екенін әйгілі ғалым Л.С.Выготский өзінің ойлау мен сөйлеудің арақатынасы зерттеуінде атап кеткен.
Этностық өзіндік сана ұғымының мәнін ашу тұлғаның өзіндік санасын жете түйсінуді қажет етеді. Бұл жерде тұлғаның өзіндік санасы дамуының заңдылықтарын білген маңызды. С.Л. Рубинштейннің пікірінше, «Сана өзіндік санандан «Меннен» тумайды, ал өзіндік сана тұлғаның санасы дамуы барысында, оның шын мәніндегі дербес субъектіге айналуы барысында пайда болады» [21]. Яғни адамның субъектілігі оның санасы дамуының маңызды алғышарты ретінде ұғынылады.
А.Х. Гаджиев этностық өзіндік сананы талдауда оның танымдық, эмоциялық және еріктік аспектілерін бөліп шығарған. Танымдық жағына адамның өз этностық тиістілігін, өзінің әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ өз этностық қауымында бекітілген нормаларды, дәстүрлер мен өмірдегі өз қызығушылықтарын, мүдделері мен қажеттерін салыстыру арқылы жете түйсіну элементтерін кіргізеді. Эмоциялық жағына өз халқының өзі үшін жеке мәнін сезінуді жатқызады. Ал өзіндік сананың негізгі қызметі ретінде ол этнос психологиясының барлық көрініс табатын бағыттырын, оның қоғамдық іс-әрекеттің барлық аймағында өзіндік бақылауды қамтамасыз ететін реттеуші қызметін атап көрсеткен. А.Х.Гаджиев тұлғаның қалыптасуы оның өз этностық ортасымен қарым-қатынасынсыз болуы мүмкін емес деп есептейді [22].
Қазіргі ғылымда этностық қауымның ерекше сана құрылымын, өзіндік ойлау типін, дүниетаныммен байланысты болатын саналы және бейсаналы түсініктерді, жалпы этностық дүние суретін білідіретін менталитет ұғымы кеңінен таралуда. Қысқаша этнологиялық сөздіктегі анықтама бойынша: «Менталитет – белгілі-бір ойлау моделдерінен тұратын, психиканың ылғи да саналана бермейтін, бірақ тұрақты қабаты» [23].
Менталитет жаңа және динамикалық ұғым болып табылады. Ол – адам санасының негізгі өзегі. Лурье менталитеттің құрылымын қарастыруда оның негізінде жататын ұжымдық санасыздықтың маңыздылығын атап көрсеткен. Оның пікірінше, менталитет әр түрлі орталарда сан алуан сипатқа ие болуы мүмкін, бірақ тұтас этнос үшін ол бірыңғай ортақ болады және оның негізгі ішкі интеграторы қызметін атқарады [24].
Л.Н.Пушкарев, А.А.Горский сияқты тарихшылар менталитет ұғымын екі, бірін-бірі толықтыратын терминдермен түсіндіреді:
1) әлем суреті және белсенді қабылдаудан тұратын дүниені қабылдау;
2) өзіндік сана – адамның қоршаған дүниені және қоғамдағы өз орны мен рөлін саналауы.
Этностық әлем суреті – белгілі-бір этнос өкіліне тән ерекше түрде құрылымданған дүние құрылымы жөніндегі түсінік. Оның екі негізгі қызметі бар: 1) бейімдеу; 2) берілген халықтың мәдениетіне тән құндылықтық доминанталарды белгілеу. Этностық әлем суреті этностық мәдениет пен этностық дәстүрге тең емес. Этностық әлем суреті уақыт өте келе өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сондай-ақ, этнос ішіндегі әр түрлі топтар үшін бір уақыт кезеңінің өзінде әр түрлі дүние суреті тән ала болады [25].
В.И. Козлов айтқандай, «этностық өзіндік сана феномені материалды, әлеуметтік және рухани мәдениеттің этноанықтаушы элементтерімен байланысты болады». Этностық сананың негізгі ерекшелігі – бұл өзіндік атаудан көрініс табатын, индивидтердің белгілі-бір этностық қауыммен сәйкестенуі. Этностың өзіндік атауы, этностық өзіндік сананың басқа да компоненттері тәрізді, тарихи категория болып табылады. Қоғамның әрбір тарихи кезеңдерінде ол әр түрлі мағынаға ие болады [26].
Белгілі әлеуметтанушы З.В. Сикевичтің пікірі бойынша, этноним этностық өзіндік сананың көрнекі сыртқы көрінісі болып табылады. Оның ойынша, кейде өз этностық «Менін» саналау көпмәнді болуы мүмкін, бір жағдайларда бұл ата-ананың әр түрлі ұлттық тиістілігімен байланысты болатын болса, басқаларында этносаралық қатынастардың деңгейі және бағыттылығымен байланысты болады. Сондай-ақ, З.В. Сикевич ұлттық өзіндік санада құндылықтық бағдарлар, бағдарлар, қалаулар мен таптаурындар негізінде халық өмірінің бейнесі, адамгершіліктік, эстетикалық және идеологиялық құндылықтары, өз халқын басқа халықтармен салыстырудан тұратын өз «өзіндігі», яғни өз этностық тиістілігі жөнінде түсінігі бейнеленеді [27].
Біздің ойымызша, тұлғаның этномәдени сәйкестілігі дамуы үшін оның өз халқының қасиеттері, тарихы жөніндегі білімдерін жете түйсінуі маңызды. Х.Й. Дейкер, Н.Х. Фрейда өз этностық тобының сипаттамалары өз халқының ақыл-ой өрісінің кеңдігі, еңбексүйгіштігі, батылдығы, бейбітсүйгіштігі және т.б. жөніндегі қарапайым бейнелер – автотаптаурындар түрінде бекітілетіні жөнінде айтып кеткен .

Этнопсихологиялық зерттеулердің пәнін анықтау мәселесінде А.Ф. Дашдамировтың «Этнопсихологияның міндеті – ұлттық өзіндік сана, ұлттық сезім мен көңіл-күй қалай қалыптасады әрі қалай көрінетінін табу» — деген пікірінің мәні зор. Ол, сонымен қатар, ұлт пен тұлға арасындағы өзара әсердің қалай жүзеге асатынын да талдаған болатын [29].
Этнопсихологиялық, әсіресе салыстырмалы зерттеулердің маңызды зерттеу пәндерінің бірі – баланың өз халқының мәдениетіне ену процесі, яғни инкультурация мәселесі. Мәдени антропологияда бұл ұғымды М. Херсковиц енгізген. Ол әлеуметтену және инкультурация ұғымдарын салыстыра келе, әлеуметтенуді индивидтің адамзат қоғамына еніп, әлеуметтік рөлдерді атқаруға қажетті тәжірибені игеру процесі ретінде анықтаған. Ал инкультурация процесінде индивид мәдениетке тән дүниетаным мен мінез-құлық үлгілерін игереді. Осының нәтижесінде оның өз мәдени тобының басқа мүшелерімен когнитивтік, эмоциялық, мінез-құлықтық ұқсастығы, ал басқа мәдениет өкілдерінен өзіндік айырмашылықтары қалыптасады. Инкультурация процесінің соңғы нәтижесі – адамның өз халқының мәдениеті, тілі, салт-дәстүрлері және құндылықтары жөніндегі білімдерінің артуы. М. Херсковиц әлеуметтену мен инкультурация процестерінің бір уақытта жүзеге асатынын көрсете келіп, адамның мәдениетке кірмей, сол қоғамның мүшесі бола алмайды деген А.Х. Гаджиевтің пікіріне ұқсас ойды білдірген [30].
Тұлға өз этностық мәдениетін игермей, сол мәдениеттің толық өкілі бола алмайды, оның ұрпағы да өз халқының мәдени мұрасынан тыс қалады, себебі әлеуметтенудің де, инкультурацияның да басты процесі отбасында жүзеге асады. Осыған орай, мәдени трансмиссияның негізгі түрлерін қарастыруға болады:
• тігінен трансмиссия; бұл процесс барысында мәдени құндылықтар, білімдер, сенімдер және т.б. ата-аналардан балаларға беріледі;
• көлденең трансмиссия; мұнда туылғаннан есейгенге дейін бала құрбылармен қарым-қатынасы барысында мәдениеттің тәжірибесі мен салт-дәстүрлерін игереді;
• «тікелей емес» трансмиссия; мұнда индивид әлеуметтену процесін арнайы институттарда (мектептер, жоғарғы оқу орындарында), сондай-ақ ата-анасынан басқа ересектермен (туыстар, қауымның жасы үлкен мүшелері, көршілері және т.б.) қатысу барысында өтеді [31].
Жалпы алғанда инициация инстиутының басты міндеті – жағымды әлеуметтік сәйкестілікті қалыптастыру және, осылайша, халық бірлігін сақтау. Жасөспірімдерді оқыту барысында оларды қауымның шынайы тарихымен таныстыруға, олардың барлығының бір атадан тарағандығын көрсетуге ерекше көңіл бөлінген.
Ғалым Иорданскийдің пікірінше, инициацияның негізінде қауымда ынтымақтастық сезімі орнатылып, қауымның болашақ мүшелерінде ата-бабаларына сөз келтірмеу, оларды мұра ретінде қабылдау қалыптастырылады [32].
Көп жылғы тарихы бар қазақ халқында да осындай тәрбие үлгілері бар. Қазіргі кезеңде біздің ата-бабаларымыздың алып күшін, батырлығын, махаббат сезімдерін, жетістіктерін көрсететін халықтың жағымды психологиялық қасиеттерін сипаттап баяндайтын халық ауыз әдебиеті мен ақын-жазушылардың тәлім-тәрбиесі мол туындыларының құндылығы өсуде.
Зерттеушілер В.П. Левкович пен Н.Г. Панкованың пікірлері бойынша: «адамда өз этностық тобына қатысты көбінесе сүйіспеншілік, таңдану, қанағаттану, қуану сияқты жағымды сезімдер туындайды [33]. Жағымды этностық сезімдердің ішінде ұлттық намыс сияқты азаматтық сезім жетекші орынды алады. Ол – индивидтің өзін-өзі сыйлаудағы қажеттілігін өтеуіне мүмкіндік беретін, өзінің микроқауымдастығы үшін мақтаныш сезімі. Адамда өзін-өзі сыйлау сезімі оның жетістіктерінің қоғамның нормалары мен құндылықтарының жүйесімен өзара келісімділік жағдайында сәтті тіршілік іс-әрекетінің барысында пайда болады». Мұның өзі, біздің ойымызша, адамның өз мінез-құлқында әтномәдени орта құндылықтарына бағдарлауы, өз этносына қатысты позитивті этностық жаңсақ нанымдарының болуы оның тұлғасының қалыптасуында маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
Кеңес зерттеушілері Л.М. Дробижеваның және т.б. зерттеулері көрсеткендей, тұлғаның өзінің және өзге этностық топтар жөніндегі білімдері негізінде тіл, құндылықтар мен нормалар, тарихи ескерткіштер, дін сияқты этноажыратушы белгілер жүйесін құрайтын көзқарастар қалыптасады. Керісінше, теріс этностық сәйкестілік өз халқын мойындамаудан, өз этнос мүшелерінің атқарған істерінен ұялудан көрінеді [34]. Этностық сәйкестіліктің бұл түрі индивидтің тұлғалық өсуінде де, топаралық қатынастар үшін де қолайсыз болып табылады. Эмпирикалық зерттеулерге сәйкес, өз өкілдері аз топ ішінде өскен балалар өздерін төмен санайды. Тұлға құрылымынан әлеуметтік сәйкестіліктің тысқалуы, Эриксон бойынша, бір жағынан, Мен-бейнесінің тұтастылығының жойылуына, басқа мәдениеттермен байланыстың үзілуіне алып келеді [35].
Этностық сәйкестілік ұғымының анықтамаларына келетін болсақ, кеңестік психологияда негізінен оның компоненттері ұлттық өзіндік сана ұғымы арқылы талданылды. Көп жылдар бойы ұлттық өзіндік сана этнопсихологиялық зерттеулердің негізгі объектісі болып келді. Шетелдік психологиялық зерттеулерде этностық сәйкестіліктің түрлі компоненттеріне жеке әдістемелер қолданылды. Мұның өзі зерттеулердің әр түрлі деңгейде жүргізілгендігін білдіреді. Е.М. Галкина мұндай зерттеу деңгейлерінің үш негізгі тобын бөліп көрсетеді [36]. Олар- тұлғалық-психологиялық, әлеуметтік-психологиялық, этноәлеуметтану зерттеулер тобы.
Белгілі зерттеуші ғалым Е.М. Галкинаның пікірі бойынша, этностық сәйкестіліктің психологиялық тұрғысында, негізінен, тұлғаның өз этностық анықтылығы жөніндегі, оның әр адам үшін алатын рөлі, тұлғалық құрылымдағы орны жөніндегі түсініктерді игеру болып табылатын этностық тиістіліктің когнитивті аспектілері зерттелінді. Бұл жерде сәйкестілік өзіндік сана ұғымына барынша жақындайды. Сондай-ақ, осы кезде «Мен кіммін?» деген сауалға жауап ізделінеді, яғни бұл тұрғыда зерттеудің негізгі пәні тұлға, ал этностық сәйкестілік оның құрылымына кіретін компоненттердің бірі болып табылады.
Автор тұлғаны оны қоршаған адамдар арқылы бағалау мәселенің жаңа деңгейіне — әлеуметтік-психологиялық деңгейіне шығаратынын көрсетеді. Бұл жерде зерттеу пәні болып белгілі-бір топ, қауым мүшесі ретіндегі адам табылады. Мұнда адамның ішкі қасиеттерінің қалыптасуы, мінез-құлықтың аспектісі оның өз тобының мүшелерімен өзара әрекеттесуі және басқа топ мүшелерімен байланыс орнатуынан белгілі бір тәуелділікте болады.
Жоғарыда айтылған пікірдің дұрыстығын Б.Ф. Поршневтің зерттеулерінде табамыз. Оның этностық сәйкестілікті зерттеуге арналған еңбектеріндегі негізгі тұжырым: кез-келген «біз» қандай да бір «басқамен» салыстыру негізінде құрылады. Бұл әмбебап принцип этностық сәйкестіліктің ажырамас сипаттамасы болып табылады [25].
Ғалым Е.М. Галкинаның ескеруінше, әлеуметтану тұрғысында негізгі зерттеу объектісі болатын – ол белгілі-бір топ мүшесі ретіндегі тұлға емес, сондай-ақ этностық нормалар мен құндылықтардың адамға тигізетін әсері емес, ал этностық қауымның өзі. Әлеуметтанушылар этностық қауымның адам үшін маңыздылығын, әлеуметтік өзара әрекеттесудің күрделі жүйесінде бағдар болып табылатын, тұлғаның осы қауыммен біртұтастық сезімінің тууымен түсіндіреді. Мұның өзінде, мысалы, «жағымды және жағымсыз емес сәйкестіліктер» мәселелерін зерттейтін, этностық сәйкестілікті «поцесс» және «нәтиже» ретінде психологиялық, эмоциялық бағалау түрінде қарастыратын әлеуметтік-психологиялық көзқарастар да қабылдануы мүмкін.
Бүгінгі күні психология ғылымнда этностық өзіндік сана мәселесінде көптеген шешілмеген мәселелері бар. Мысалы, бұл – оның қалыптасуына әсер ететін факторлар, этностық өзіндік сана құрылымы, оның тұлғаның әлеуметтенуі барысындағы дамуы, трансформациялануы жөніндегі сауалдар.
Шын мәнісінде этностық сананың маңызды компоненттерінің ішінде этноұлттық түсініктер жүйесінің этностық сәйкестілік қалыптасуында атқаратын рөлі зор. Бұл мәселені В.Н. Павленко, И.В. Кряж, М.Барретт өз зерттеулерінде талдай келіп, этноұлттық сәйкестілік пен түсініктердің өзара тәуелділігін және олардың қалыптасуындағы жасерекшелік динамиканы зерттейді. Зерттеу нәтижесінде олар тұлғада сәйкестіліктер жүйесінің қалыптасуы, ең алдымен, өзін нақты бір қаланың тұрғыны ретінде қабылдаудан басталатынын анықтады. Ал кейін бұл жүйе өзінің әр түрлі деңгейдегі қауымдастыққа тиістілік жөніндегі түсініктермен толықтырылады: ең басында этноұлттық, кейінірек – азаматтық, ал одан да кейін – ұлт үстіндегі қауымдастыққа (ТМД азаматтарына, славяндарға, европалықтарға және т.с.с.) тиістілігін сезінумен байланысты болады. Бұл авторлардың ескеруінше, Украинада балалардың көбі ерте шағында, өз ұлттық тиістілігіне тәуелсіз, өздерін «орыспын» деп атайды. Оның себебін олар, көптеген ТМД елдерінде орыс тілі негізгі қарым-қатынас тілі болып қалыптасып қалғандығымен түсіндіреді. Бұл психологтардың зерттеулері көрсеткендей, жастық ерекшеліктерді алып қарастырғанда, этноұлттық сәйкестіліктің қалыптасуы 12 жаста аяқталады және тұрақталады [37].
Кеңес ғалымы И.А. Снежкова балалар мен балаң жастағылардың этностық өзіндік санасының қалыптасу кезеңдерін зерттеуде этностық сана қалыптасуындағы үш негізгі кезеңді бөліп көрсеткен:
1-кезең- Кіші жастағы балаларға тән бастапқы кезең (6-10 жас аралығы). Бұл кезеңде балалардың өз қауымын толық сезінбеуі, этностық тиістілігін таңдауға мотивациялық түрткісінің жоқтығы, этностық білімдердің әлсіздігі байқалады.
2-кезең – 11-15 жастағы балалар. Бұл олардың өз этностарына саналы қатынасының қалыптасу кезеңі. Осы кезеңде балалар өздерінің және басқа ұлттардың тарихы мен мәдениетіне қызығушылық білдіріп, түрлі халықтар туралы білімдерін толықтырады.
3-кезең – жоғары сынып оқушылары (16-17 жастағылар). Бұл кезеңде өзіндік этностық сәйкестілік нығайып, ұлтты таңдау мотивациясы қалыптасады, интернационалдық дүниетаным күшейеді [38].
Ғалым этностық өзіндік санадағы жастық дамудың әрбір кезеңінде туындайтын, бала психологиясының өзгеруімен байланысты болатын сапалық ерекшеліктерді көрсетті.
Келесі ғалым Г.У. Солдатова өз зерттеуінде әр түрлі саяси, әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсерінен, қауым мүшелерінде этностық өзіндік сананың әр түрлі трансформацияланған типтері пайда болатынын атап көрсетті. Ол этностық сәйкестіліктің келесі типтерін бөліп шығарды: этнонигилизм, этноиндефференттілік, нормаға сәйкес болатын позитивті этностық сәйкестілік, этноэгоизм, этно оқшаулану, этнофанатизм [39]. Біз этностық сәйкестілік типтерінің Г.У. Солдатованың берген осы топтасуын өз зерттеуімізде негізге аламыз. Сөйтіп, оның артынша тұлғаның дамуына және оның басқа этностармен өзара қатынастарына жағымды әсер ететін этномәдени сәйкестіліктің жоғары деңгейі ретінде жағымды этномәдени сәйкестілікті қарастырамыз. Біздің ойымызша, этностық сәйкестіліктің бұл түрі саналы да жетілген тұлғаларға тән болады. Этностық сәйкестіліктің орнына этномәдени сәйкестілік ұғымын қолдануымыздың себебі, әрбір этнос мәдени құбылыс болып табылады. Этноспен сәйкестену оның тұтас жүйесін қабылдауды білдіреді. Белгілі-бір этномәдени ортада өмір сүретін адам өзін этноспен сәйкестендіргенде өзінің осы ұлттың мәдени, рухани құндылықтарын түсініп, қабылдайтынын немесе қабылдамайтын (этнонигилизм, этноиндифференттілік) білдіреді. Мәдениет ұғымы осы халықтың барлық рухани, материалдық игіліктері, мінез-құлық нормалары мазмұнын қамтиды. Сондықтан, біз этностық сәйкестілік ұғымын мазмұндық жақтан толықтыратын ұқсас ұғым ретінде этномәдени сәйкестілік ұғымын қолдануды жөн санадық.
Зерттеуші В.Ю. Хотинец өз этносымен сәйкестену өрісіне тәуелді болатын этностық өзіндік сана көрінісінің әр түрлі формаларын сипаттайды. «Позитивті өзіндік сәйкестілік» гиперболизация градиенті бойынша қарсы қою дәрежесінің шектен тыс көрінуімен келесі түрлерге бөлінеді:
1. Этноцентризм — өзінің қауымына, этностылығына аса мәнді қатынас негізінде өзін-өзі анықтауға және өзін-өзі бекітуге бағыттылық. Көріну формасы – этностық салт-дәстүрлерде ерекше болып табылатын, сондай-ақ бір қауымды басқалардан ерекшелейтіннің барлығын аса ұлғайтып және күшейтіп көру. Бұл жерде агрессивті емес оқшаулану көрініс табады.
2. Этнобасымдылық — өз қауымын гиперэтностылыққа қарай ауытқумен түйсіну. Көріну формасы – абсорбция. Қауымның сандық басымдылығы, оның саяси және ұйымдасушылық жетілгендігі әсіресе оның діни мазмұны интоп мәдениетінің ауттопқа қатысты басымдылығын қамтамасыз етеді.
3. Этнофанатизм — өз қауымын елде жоқ айрышалығына мән берумен түйсіну. Көріну формасы – топтық догмаға, тіпті патологиялық деңгейге дейін жететін фанатикалық берілушілік, өзге этностық ортаға шыдамсыздық.
4. Ұлтшылдық — өз қауымын асыра қорғау мен қолдауда көрінетін түйіну.
Осылайша, В.Ю. Хотинецтің пікірі бойынша, гиперболизация формасындағы этностық өзіндік сана, топқа жоғары позитивті эмоциялық-бағалаулық қатынаспен (автотаптаурындар) сипатталады, бұл жерде түрлі дәрежеде көрінетін ауттопқа деген жағымсыз қатынас (гетеротаптаурындар) орын табады [40].
Этностық өзіндік сананың келесі формасы негативті өзіндік сәйкестілікпен және басқа этностық топқа позитивті қатынаспен сипатталады.
1. Этнонегативизм — өз қауымын жағымсыз аффектациямен түйсіну. Көріну бағыттылығы – этностық қауымдардың даму жолының әртүрлілігімен, экономикалық және мәдени прогрестің әр түрлі деңгейінің болуымен себептенетін өз этносы жөнінде негативті түсінік.
2. Этноэлиминация — өз қауымын өзіндік шеттетуге аффектациямен түйсіну. Көріну бағыттылығы — өз этностық тиістілігін түйсінумен басқа (референтті) этносқа бағдарлану. Көріну дәрежесі – тұлғаның мотивациялық құрылымына өзге этностың құндылықтық қажеттіліктерінің енуі.
3. Этнонигилизм — өз қауымын жағымсыз аффектациямен түйсіну. Көріну бағыттылығы — өзінің басқа этносқа тиістілігін сезінумен, оған бағдарлану.
В.Ю. Хотинец этностық өзіндік сана оның қалыптасуы мен дамуының әр түрлі деңгейлерінен көрінетін, тұтас және көп компонентті құрылым екенін атап көрсеткен. Ол эксперименттік зерттеу нәтижесінде этностық өзіндік сана өз қалыптасуында екі деңгейден өтетінін сипаттайды:
Біріншісі, типологиялық деңгей – этностық ақиқат жөніндегі түсінік деңгейі. Бұл деңгейде тұлғаларда өз қауымының этностық ерекшеліктері, этнопсихологиялық белгілері жөнінде пікір қалыптасады. В.Ю. Хотинец оны «өзінің этносы туралы пікір» деп атаған. Яғни, бұл өз халқының мәдени және психологиялық ерекшеліктерін жете түйсіну деңгейі;
Екіншісі, сәйкестену (идентификация) деңгейінде топтың өкілдері өзінің этностық жекелік этностық қауыммен теңестіру арқылы өздерінің осы топқа тиістілігін саналы түрде түйсінеді және соның негізінде «өз» тобын «басқа» топтан саналы түрде ажыратады. Тұлғаның өз тобының этностылығына әлеуметтік-адамгершіліктік қатынасы, оның өз өмірлік ұстанымдарын, бағдарлары мен құндылықтарын қауым талаптары және нормаларымен үнемі сәйкестендіру нәтижесінде, оның шынайы болмысымен жанамаланады.
В.Ю. Хотинец бойынша, этностық өзіндік сананың психологиялық құрылымына келесі компоненттер кіреді: тұлғаның өз этностық қауымының этномәдени ерекшеліктерін саналау; өз этностық қауымының психологиялық ерекшеліктерін саналау; өз этносымен тепе-теңдікті сезіну; өзінің этнопсихологиялық ерекшеліктерін саналау; өзін этностық қауымның субъектісі ретінде сезіну; этностық ақиқатты әлеуметтік-адамгершіліктік бағалау. Сондай-ақ, В.Ю. Хотинец этностық өзіндік сананың әлеуметтік-психологиялық қызметі ретінде тең статусты этносаралық тиімді өзара әрекеттестік жүзеге асатын полиэтностық ақиқат жағдайында этностыардың оптималды бейімделуін қарастырады [41].
Ғалымдар қазіргі кезге дейін этностық сананы ұлттық сәйкестендіруден бастап, ұлттық өзіндік санаға дейінгі әр түрлі құбылыстармен түсіндіріп келеді. Кеңестік әдебиеттерді талдағанда, көптеген этнограф, әлеуметтанушы және психолог ғалымдардың ұлттық өзіндік сананың мәнін индивидтің өзінің нақты бір ұлттық қауымға тиістілігін саналы түрде сезінуі деп түсіндіруге тырысқандығын байқаймыз.
Кеңес ғалымы Л.М. Дробижеваның пікірінше, ұлттық өзіндік сананың құрамына ұлттық таптаурындар, ұлттың территориясы, мәдениеті, тілі, тарихи құндылықтарына қатынасы ретіндегі эмоциялық компонент және адамдардың іс-әрекетін ынталандыратын ұлттық мүдделер кіреді [42].
Құрылымдық жағынан өзіндік сана үш белгілердің бірлігінен тұрады:
1) танымдық (өзіндік тану); 2) эмоциялық-құндылықтық (өзіндік қатынас); 3) еріктік, реттеуші (өзіндік реттеу). Өзіндік сана осы процестердің барлығы арқылы жүзеге асады. Осыдан өзіндік сананың интегралды, тұлғалық сипаттары көрінеді. Өзіндік сана және оның психологиялық аспектісі мәселелерін шешуде сана мен іс-әрекет бірлігі принципі іске асады. Өзіндік сана адамның іс-әрекетінде және оның басқа адамдармен қатынасында пайда болатындықтан, ол тікелей емес, жанама түрде қалыптасады. Л.Г. Спиркин бойынша, индивид өзіндік сана арқылы әлемге, басқа адамдарға өз қатынасын анықтап, практикалық іс-әрекет арқылы оның нәтижелерін анықтай алады және өз санасының қызмет етуіне – сөйлеуге, ойлауға және т.б. мүмкіндік алады [15]. Осының негізінде этностық өзіндік сана әрбір адамға өз этносын әлемге қатынасы арқылы (өзара әрекет), этностың атқаратын практикалық іс-әрекеті (шаруашылық өндірістің негізгі түрі) және оның нәтижелері (еңбектің жемісі, іс-әрекетте көрінетін тұлға қасиеттері) арқылы, этностық өзіндік сананы жүзеге асырып отырған ана тілі, менталитет, салт-дәстүрлер арқылы сезінуге мүмкідік береді.
Басқа адамдардың, сондай-ақ басқа этностардың ерекшеліктерін тану арқылы адам өз этностық ерекшеліктерін бағалай бастайды. Өзіндік бағалау, өзіндік танымның нәтижесі ретінде көрініп, оның деңгейін бейнелейді. Сондықтан, біздің пікірімізше, өзіндік танымның жетілмеген формаларына өзіндік бағалаудың адекватты бағалауын қалыптастыру үшін оның өз этносын толық тануына жағдай жасау қажет. Осының нәтижесінде, адамның өз этносына деген терең эмоционалдық қатынасы қалыптасады. Тұлға өз этносын тану арқылы сол этностық мәдениетте қабылданған мінез-құлықтық, салт-дәстүрлік, адамгершіліктік нормаларды игереді және өз этносымен бірлігін, өзінің этномәдени сәйкестілігін сезінеді.
Ғалым Г.В. Старовойтованың пікірінше, «этнос ішіндегі биологиялық емес, әлеуметтік-мәдени диахронды байланыстармен шартталған құрауыштар этнопсихология үшін едәуір мәнді болып табылады. Бұл тұлғаның немесе топтың жүйке-жүйесінің типтік ерекшеліктерімен тығыз байланысты, этноәлеуметтік организмнің мәдени матрицасымен берілген эмоционалдық-мотивациялық аумақта орналасатын мынадай мазмұнды құрауыштар: қажеттіліктер жүйесі, қызығушылықтар, құндылықтық бағдарлар мен нормалар, интериоризацияланған рөлдер мен тұлғаның, топтың бағыттылығы, «олардың мінез-құлық кодтары». Эмоциялық-мотивациялық аумақ этникалық мәдениеттің интимдік ядросымен, оның дәстүрлерімен тығыз байланысты болады» [43].
Сондықтан, біздің ойымызша, әр түрлі этнос өкілдерінің мотивациялық құрылымдарын зерттеу арқылы әрбір этностың маңызды эмоциялық-қажеттілілік ерекшеліктерін байқауға болады.
Сонымен қатар, мотивациялық факторлардың сыртқы және ішкі психологиялық нұсқалары бар. Олардың ішінде тұлғаның ұлттық өзіндік санасының ерекше маңызы бар. Көптеген психолог, әлеуметтанушы, этнограф зерттеушілер ұлттық өзіндік сананы тұлғаның даму барысындағы әлеуметтік-мәдени стимулдарды қалыптастыру базасы деп анықтаған.
Ғалым Л.М. Дробижеваның ойынша, ұлттық өзіндік сананың екі жағы бар: идеологиялық және психологиялық. Идеологиялық тұрғыдан, ол жалпы қауым деңгейінде әрекет етеді. Идеология мәдениеттің халықтарды біріктіре де, ажырата да алатын мықты факторы болып табыла алады және болып табылады да [44].
Осылайша, халықтың қоғамдық өмірі, қоғамдағы өзгерістер (экономикалық, саяси, идеологиялық) тұлғаның өзіндік санасына әсер етеді, өйткені ұлттық өзіндік сана индивидтің ұлттық қоғам өміріне кіруіндегі психологиялық механизм ретінде пайда болып, қалыптасады. Б.Ф. Ломов айтқандай, қоғамдық сананың әр түрлі формалары индивидтік дүниетанымдық көзқарастарын, субъективті тұлғалық қатынастарын қалыптастыруға әсер ете, оның қоғамдағы мінез-құлқын реттейді, сөйтіп, индивидтің даму жүйесін қалыптастырады [45].
Л.М. Дробижеваның пікірінше, сана мен өзіндік сананың, соның ішінде ұлттық өзіндік сананың өзгеруі тұлғаның өмір сүруіндегі өзгеріп отыратын жағдайларға ғана емес, тұлғаның өзінің жеке әлеуметтік белсенділігіне де байланысты [44]. Бұл пікірді біз де жақтаймыз. Адамдардың өздерінің білім, біліктілік деңгейлерін көтеруі, өзге салаларды игеруі, халықтардың өмірінің қазіргі кезеңіне тән мәдени белсенділігі ұлттық өзіндік сананың өсуіне алып келеді.
Даралық деңгейде адамдардың әлеуметтік белсенділігінің этностық өзіндік сананың жекелеген компонеттерімен байланысы арнайы зерттелмеген. Осы орайда, біздің зерттеуіміз тұлғаның өзін-өзі таныту ерекшеліктерінің этномәдени сәйкестіліктің белгілі-бір типтеріне тәуелділігін анықтауға арналады.
Кейбір кеңестік психологтар ақыл-ой еңбегімен айналысатын қызметкерлердің рухани мәдениетінің жоғары болатындығын анықтаған. Ал екінші жағынан, этностық өзіндік сананың өзі білімділік сияқты фактордың дамуын ынталандырады. Бұл фактор өзінің және өзге халықтардың тарихы, тілдері, мәдениеті, әдебиеттері туралы, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таралатын мәліметтер жөнінде түсінік береді.
Этностық сәйкестілік этностық әлеуметтену процесінде қалыптасса да, оның өзі сол әлеуметтену процесінің әрі қарай жүру ерекшеліктерін де анықтай алады.

Мақаланың жалғасы…

   
Пікірлер3
  1. Айгерим

    Керемет парақша, сіздерге алғысымды айтамын, көптеген пайдалы ақпараттар алдық

  2. Айгерим

    Анық, өте түсінікті тілмен жазылған керемет парақша,әр балаға түсінікті жазылған

  3. Айгерим

    Өте керемет материалдар, түсінікті, ойға тез қонымды, жұмыстарыңызға сәттілік!

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ