Серік «Береке» ауылында тұрады. Түрлі ұлт өкілдері мекен еткен шағын ғана ауыл тұрғындарының татулығы ерекше.
Ауыл тұрғындарының барлығы бірін-бірі жақсы таниды. Қарттарға құрметпен қарайды. Ал, жастар болса, ата-бабаларының салт-дәстүрлерін сақтауға тырысады.
«Берекеге» түрлі қонақтар жиі келеді. Тіпті, шетелдіктер де жиі соғады. Оларды бір ауылда тілі мен салт-дәстүрі әртүрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқандықтары таңдандырады. Оның үстіне, ауылдың тұрғындарының барлығы да қазақ тілін жетік меңгерген, әдет-ғұрыптарын да жақсы біледі. Сондықтан болар ауылға келген журналистер де, жергілікті тұрғындар да «Береке» ауылын «Кішкентай Қазақстан» деп атайды.
Бір ғана шағын ауыл тірлігінен көп ұлтты Қазақстан мемлекетіндегі бейбіт тіршілікті көргендей боласың!
Кішкентай Серіктің достары көп. Олардың ішіндегі ең жақындары Сухрап, Алеша және Костя. Достардың түрлері мен тілдері бөлек болғанымен, тілектері мен жүректері бір!
Сухраптың ұлты — ұйғыр. Жаздың алғашқы күнінде достары оның туған күнін атап өтеді. Сухрап достарын үйіне қонаққа шақырды.
Ауылдағылардың барлығы Сухраптың ата-анасының қолынан шыққан тағамдарының таңдай қақтырар дәмін жақсы біледі. Ауылда той-томалақ бол¬са, қуаныш иелері міндетті түрде Сухраптың әкесіне — күріш бастырып, ал анасына — манты мен самса пісіртеді.
Сухраптың ағасының дутарда ойнағанын көрсеңіз! Бәрін ұмытып, әдемі сазға елтисің! Ал Сухраптың әпкелерінің әдемілігінде шек жоқ. Дауыстары да керемет. Ауылдық хорда өлең айтады. Олар мың бұрала билегенде қызықтырмай қоймайды.
Алешаның ұлты — орыс. Әкесі — тракторист. Анасы — мұғалім. Алешаның ата-анасы қазақша таза сөйлейді. Оның үлкен әпкесі қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Құда күткенде Алешаның ата-анасы қазақтың ұлттық тағамдарынан дастарқан әзірлеп, қазы-қарта салып, ет асты. Еттің жаймасы сондай жұп-жұқа, өте дәмді болды.
Серік сол тойда тыңдаған орыс әндерін есінде сақтап қалды. Гармошка мен орындалған орыс әндері сондай көңілді, адамның билемесіне қоймайды. Аяқтарың өзінен-өзі билеп кететіндей…
Сондай-ақ, Серікке және оның достарына Алешаның анасы әзірлейтін қаймақ қосқан құймақ ұнайды. Әр жексенбі сайын анасы кішкентай достарға арнайы құймақ пісіріп береді.
Серік досы Костяның үйінде болғанды да ұнатады. Оның ұлты — кәріс.
Костяның кішкентай інісі бар. Биыл бір жасқа толды. Қылықтары сон¬дай тәтті! Костяның ата-анасы кішкентай ұлдарының тойына Серік, Сухрап және Алешаны ата-аналарымен бірге қонаққа шақырды. Кейіннен олар көпке дейін кәріс ұлтының бала бір жасқа толғанда қандай салт-дәстүрде тойды өткізетінін айтып жүрді.
Костяның інісі — Тимурдың алдындағы үстелге түрлі заттар қойылды. Олардың арасында — кітап, қайшы, жіп, ақша, ал тағамдардан — күріш, бұршақ және кәрістердің ұлттық наны қойылды. Тимурға судай жаңа киімдер кигізді. Ата-анасы жетектеп әкеліп, үстелге жақындатты.
Бүлдіршін үстел бетіндегі заттарға әрлі-берлі қарады да, бірден кітапқа қол созды.
Екінші қайтара үстелге жақындатқанда ол ақшаға жармасты.
Ал, үшінші рет Тимур дәптерді таңдады. Ата-анасы мен қонақтардың қуанғанын көрсеңіз!
Кішкентай бүлдіршін таңдауын үлкендер жақсылыққа ырымдады. Олар¬дың болжауы бойынша, кітап пен дәптерге қол созғанына қарағанда — Тимур өскенде білімді адам болады. Ақшаны да таңдады. Демек, ол болашақта дәулетті адам болады, ата-анасына да көмектеседі.
Той соңында жиналғандар кішкентай Тимурға көрімдік бере бастады. Ол болса, қолына тиген ақшаны анасына ұсына берді. Мұны да көпшілік жақсылық нышаны деп қуанды.
Серіктің достары да оның үйіне қонаққа келгенді ұнататын. Әсіресе, әжесінің дастарқанына тамсанатын. Дәмді де жұмсақ бауырсақтары қандай?! Ал атасы әрдайым дастарқан басында балаларға бата беретін.
Серіктің ата-анасы болса — өнерлі. Әкесі домбыра шертсе, анасы қобызда ойнайды. Екеуінің ұлттық аспаптарда ойнаған әуездерін көпшілік жұрт ұйып тыңдайды. Содан да болар, ауылда оларсыз той өтпейді.
Бірде Серіктің достары мен олардың ата-аналары Дәрияның тұсаукесер тойына келді. Дәрия — Серіктің қарындасы. Енді-енді апыл-тапыл қадам басқан қыздары сүрінбей тез жүрсін деп ата-анасы халықтық жоралғыны тездетіп жасауға ұйғарыпты.
Тойға бірталай ағайын-туыс жиналды. Балаларын салт-дәстүрді біліп өссін деп ерте келіпті. Араларында Алматыдан келген Серіктің тәтесі де бар.
Қымбат апайды ауылдағылар ғана емес, бүкіл республика жұртшылығы біледі. Ол — балалар жазушысы.
— Қымбаттың жолын берсін! Соған ұқсаса жаман болмайды, — деген көпшілік, Дәрияның тұсауын жазушы апайларына кескізуге келісті.
Ата-әжелер жиналған бала-шағаға тұсау кесудің маңызы мен тәртібін түсіндірді.
Дәрияға ұлттық ою-өрнегі бар көйлек пен бешпет кигізілді. Бөлме ортасына аппақ мата жайылды.
Қымбат апай кішкене бүлдіршіннің аяғын ала жіппен байлап, қайшымен кесіп, әндете бастады:
— Тұсауыңды кесейін! Күрмеуіңді шешейін! Қаз-қаз балам, қаз балам! Қадам бассаң мәз болам!..
Тұсауы кесілген Дәрия ақ мата үстімен бірнеше қадам жасады. Қуанған жұрт ақ тілегін жаудыра бала жолына шашу шаша бастады.
Қазақтың салты бойынша, баланың тұсауын кескені үшін Қымбат апайға Серіктің әжесі қымбат сыйлық берді.
Той қызықты өтті!
Қазақтың салт дәстүрін дәріптейтін керемет әңгіме және балаларға түсінікті сөздермен жазылған ,тамаша????