Еркеш пен Тигли-Мигли

Ертегілер елінің орталығында, сап-сары шөл далада Тигли-Мигли деген жын өмір сүріпті. Оның ешкіммен дос болғысы келмейтін, ешкімді жақсы көрмейтін және тіпті, адамдармен амандаспайтын жағымсыз мінезі болыпты. Бір күні жын шөл далада жалғыз өзі отырып, өзіне-өзі өте қорқынышты ертегі айтыпты. Өз ертегісінен өзі қорқып, сиқырлы шамның ішіне тығылмақ болады. Алайда, ол сиқырлы сөзді ұмытып қалыпты. Қанша тырысқанымен есіне ештеңе түспей қояды.

Осы кезде сары шөл далада алыстан шаңын бұрқыратып, шегіртке үстінде зымырап Еркеш деген бала келе жатты. Егер сіз оны кездестірсеңіз, міндетті түрде танисыз. Оның мұрынында жүз секпіл, үстінде ала түсті киімі бар, беті қып-қызыл. Ол да сізді таниды. Еркеш келе жатып: «Қайырлы кү-ү-үн!», – деп, бар дауысымен айналасына сәлем берді.

Кенеттен бала «гүрс» еткен дыбыс естіді. Күннің күркірегеніндей дыбыс болды.

  • Мүмкін, жер сілкінген шығар? –деп ойлады. Ол өзінің шегірткесіне мінді де, шу естілген жаққа беттеді. Сөйтсе, Тигли-Мигли ашуланып отыр екен. Сонда бала:

–  Сізді кім ренжітті? – деп сұрады.

  • Тигли-Миглиді ренжітуге кімнің батылы жетеді? – деп жын қатулы үнмен жерді қопарды.
  • Онда сен неге сондай үлкен бола тұра, ашуланып отырсың? Мұныңыз енді, ұят қой?! – деп таң қалды бала.
  • Мен өзіме ренжіп отырмын және өзім айтқан ертегіден қорқып отырмын, – деп, болған жайды балаға баяндап берді.
  • Бірақ… Қорқынышты ертегіні ұмытуға болады ғой! – деп Еркеш көтеріңкі үнмен сөйледі.
  • Қалай ұмытамын? Ол ертегіні мен өзі ойлап таптым ғой?! – деп таң қалды жын.
  • Сіз сол ертегіні ойлай бергенше, басқа бір жақсы нәрсені ойлаңыз. Мысалы, мейрімді, қайырымды жандардың өмірі туралы ертегі ойлап табыңыз.
  • Мен мейріміділік пен қайырымдылық туралы ертегі құрай алмаймын. Өйткені, мұндай қасиеттер жайлы өзім түк білмеймін ғой… – деп, мұңайды жын.
  • Ендеше, дәл бүгін қайырымдылық жасап, достарыңызды қуанту үшін бір ғажайып іс істеңіз, – деп, жауап берді Еркеш.
  • Менен не сұрасаң да, дәл осыны сұрама! Жақсылық жасауды мен жек көремін, – деп, алған бетінен қайтпайды
  • Онда, жер бетіндегі ең қайырымсыз жын болып қала бер! Қорқынышты ертегіңді ешқашан ұмытпа! – деп, ренжіген бала шегірткесіне мініп, кетуге дайындалды.

ертегі сиқыр туралы

–Тоқта, сен қайда кетіп барасың? – деді жын қорқып кетіп.

  • Мерекеге! Үкі әжейге! – деп жауап берді бала.
  • Мені де ала кетші! –деп, Тигли-Мигли балаға жалынды. Ол жалғыз қалудан қатты қорықты.

– Жарайды, жүр менімен! Тек онда барғанда ешкімге өзіңнің мінезіңді көрсетпе! Өйткені, Үкі әжейдің үйінде көп қонақтар болады, – деді Еркеш ескертіп.

  • Мен тырысамын… Егер бірдеңені дұрыс істемей жатсам, сақалымнан тарт, жарай ма? –деп, Тигли-Мигли сөз берді. Осылайша, шөл далада бала шегіртке үстінде ал, жын ұзын сақалымен құмға із салып ұзақ жол жүрді.

Олар шөл даладан өтіп, жағасында өзені бар тауға келіп тоқтады. Ал, тау астында әдемі қанаты жайылған үйшік тұр. Үйдің қанатында Үкі әжей отыр. Ол  әлемдегі ең керемет ертекші екен. Үкі әже көп сиқырды менгерген. Тек қана ұша алмайды, ал мұнысын  Еркеш қана білетін еді.

Үкі әжей қазір бірдеңе тоқып отыр еді, сондықтан, қонақтарды бірден байқамады.

– Қайырлы күн! Сәлеметсіз бе! Сәлеметсіз бе, Үкі әжей?! – деп, бала бірнеше мәрте қаттырақ айқайлады.

–Амансың ба, Еркеш?! Ал, мынау қасыңдағы сақал-мұрты ұзын, шаң-шаң болып тұрған  кім? –деді Үкі әже.

– Мен, Тигли-Мигли деген жынмын! – деп, ашуланды ол.

– А-а? Мұндай шөл даладағы жынды бұрын-соңды көрмеппін.  Қазір, мына жұмысымды бітірген соң, сені тексеріп, сынап көремін. Ал, қазір сендер асығыңдар, үйге қонақтар келеді. Оларға сыйлықтар әзірлеңдер! – дейді.

–Мен бе? Сыйлық әзірлеймін бе?Қонақтарға ма? – деп, таң қалды жын.

Бала оның сақалынан тартты. Жын тынышталып, сабыр сақтады.

–Менің қонақтарым сыйлықты жақсы көреді. Тигли-Мигли, сен тездетіп үйшікке бар. Мұнараға көтеріл. Ол жерде сиқырлы таяқша бар, үлгермей жатсаң соның көмегіне жүгінсең болады, – дейді.

  • Мен тек өзімнің сиқырыма сенемін! Басқа сиқырдың бәрі өтірік! – деп ашуланды Жын.

Осы сәтте бала жынның сақалынан тартып қалды, жын үндемей барып, әженің айтқанын орындады. Ол сиқырлы таяқшамен түрлі сыйлықтар жасады. Мұнысы өзіне ұнады. Үкі әже мен Еркешке де тосын сый жасады. Сиқырлы таяқшадан өзіне ертегі кітап сұрады. Келген қонақтарға Тигли-Мигли оқыған ертегісін айтып берді. Өзінің қорқынышты ертегісін ұмытып кетті. Енді, ол қорықпайды, ашуланбайды. Мейірімді бола бастады. Бұрын көргендер енді оны танымай қалуы мүмкін. Себебі, көп жақсылық жасағандықтан, Тигли-Миглидің түрі де әдемі болып өзгеріпті.

Авторы:Өтегенова Әйгерім Жаналықызы

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер10
  1. Германова Домна

    Мақала балаларды әдебиетпен таныстыру үшін өте жақсы. Осындай қарапайым ертегілерден бастап, олар одан көп мағынаны көре бастайды, олар күрделірек шығармаларды түсіне бастайды. Осындай қызықты оқиға үшін көп рахмет!

  2. Баян

    кызыкты заман талабына сай ертеги

  3. Алия

    Ойлау, қайта жаңғыртып еске түсіру арқылы қиялдай білуге уйрететин ертеги деп ойлаймын коп рахмет сизге

  4. Рахметова Айтолқын

    Күшті бір әсерде қалдым. Фантастикаға толы, оқып отырып ертегі әлеміне саяхат жасағандай болдым.

  5. Наз

    Өте жақсы жазылған ертегі екен

  6. Бекзат

    Ертегі фантастикалық жанрда жазылған ертегінің бір түрі екен. Ертегі өте қызық екен. Ертегі менің көңілімнен шықты.

  7. Шынар

    Сіздердің жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

  8. Айнур

    Жақсы көңіл күй сыйлайды сіздердің ертегілерініз, ұйықтар алдыңда жақсы әсер етеді.

  9. Таңшолпан

    Балаларға ұнады. Ұйықтар алдында оқып бердім. Өзімеде ұнады

  10. Сезім

    Өте керемет ертегі балалардың қызығушылығын арттыруға үлкен көмегі бар

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ