Апамның әңгімелері

Біздің апам (анамызды “апа” дейміз) әңгімені нәшіне келтіріп айтады. Наурыздың 12-сі күні дастархан басында біраз әңгімелерді айтып, жұртты қыран-топан күлкі еткен болатын. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.

Ауырған ит
Сонау жетпісінші жылдар. Базарбай атамыз бен Нәзәрәлі көкеміз 2-3 шақырымдағы көрші қыстауға көшіп кетіп, белі шойырылған қазақы иттерін жұртта қалдырып кетеді. Апам күнде тамақ бергенімен, ит орнынан қозғала алмайды. Бір күні Базарбай атамыздың балалары ауылдан қойшы ауылға келе жатқанын көріп, көкем оларды үйге шақырып алады. Келген бойда:
— Мына итті әкелерің сендерге үйге жеткізсін деп тапсырып еді. Ала кетіңдер, — дейді.
Жастары 10-12 жастағы 4 бала итті айналып шығып, палаткаға салып төрт жағынан көтеріп жолға түседі. Жолда ыңғайсыз болып көтере алмаған соң, Әбілаш (балалардың үлкені) қасындағыларға ұрсып, өзі арқалайды. Иттің басы Әбілаштың басынан асып, арқасында шоқайып отырғанын көріп, көкем мен апамның ішек-сілесі қатады.
Нәзәрәлі көкеміз жолға қарап:
— Ай, Айғаным (жеңшеміз)! Балалар бірнәрсені көтере алмай келеді. Не әкеле жатыр екен?  деп, тағатсыздана күтеді.
Үй қамымен жүрген жеңшеміз де жолға қарайды. Жақындағанда әлгі жұртта қалдырып кеткен итті балалардың арқалап келе жатқанын көреді.
Нәзәрәлі көкеміз:
 Әй, мұны неғып әкелдіңдер?  десе, балалардың ересегі Әбілаш:
 Өздерің Серікбай көкеме айтыпсыңдар ғой, үйге жеткізсін деп,  деп екі иығынан дем алады.
Сол кезде ғана түсінген Нәзәрәлі көкеміз:
 Алда, Серікбай-ай! Қулығыңды асырған екенсің,  деп санын соққан екен.

apa-angimeleriПістекүл әпшемнің қонақта болуы
Сонау жетпісінші жылдар. Көрші қыстаудағы Базарбай атамыздың үйі жақтан ебіл-дебіл болып, жылап келе жатқан 10-11 жастағы Пістекүл әпшемізді көкем үйге шақырып алады. Сөйтсе атамыздың балдарымен ойнап жүріп, ұрсысып қалған Пәстекүл әпшеміз тікесінен жылап-еңіреп ауылға тартқан екен. Үстінен бозаның исі шығады. Шаштары қобырап кеткен. Апам ашуын бастырып, үйге ұйықтатады.
Сол мезетте көкем де үйде ет таусылып, қой сойып тастайды. Пістекүл әпшем ұйқыдан тұрғанда, көкем:
 Ал, қарындасым! Саған арнап қой сойып қойдым,  дейді.
Сөйтсе, ұйқыдан жаңа тұрған әпшеміз төрге қарай ойысып, белін тіктеп, бейнебір алыстан келген құрметті қонақтарша түрін келтіре қояды екен.

Атқорадағы кәмпит
Алпысыншы жылдары апамыз атқораға барып, 5-6 биені сауып келе жатады. Жолда Күлсін, Шебер әпшемдер ойнап жүреді. Оларды қызықтап, қастарынан өтіп бара жатып, қалтасынан ұзын-ұзын сорғыш кәмпиттерді береді. Ойынды қыздырып жатқан әпшелеріміз жеңгелерінен:
 Әй, Рәбия! Кәмпитті қайдан алдың?  деп сұрайды.
Апам болса:
 Атқорадағы құлындардың тезегі ылғи кәмпиттен тұрады екен. Қалтама сыйғанын ғана алдым, қалғаны сыймады, — дейді.
Соны есіте сала әпшелеріміз атқораға қарай тартып кетеді. Биелерге қарап жүрген Кенже атамыздың айқайына құлақ аспай, әр құлынның тұсына барып, малақтарын аяқтарымен шашып тексеріп жүреді.
 Мыналарға не болған,  деп, Кенже атамыз аң-таң.
Рәбия жеңгесіне сенген әпкелеріміз аң-таң…

Алма сатушы келгенде
Ауылымыз шөлді аймақта орналасқандықтан көкөніс, бақша дақылдары өспейді. Алпысыншы жылдары апам көршінің үйінен бір шелек алманы алып, үйге келе жатады. Жолда ойнап жүрген Бибіш, Тұрғанкүл, Айсан, Пістекүл әпкелерімізге бір-бір алмадан ұсынады. Олар апамнан алманы қайдан алғанын сұрайды. Апам:
 Нақып аталарыңның есігінің алдында алма сатушы сатып жатыр екен,  дейді.
Сәл уақыттан кейін, шелектерін басына көтеріп алып, Нақып атаның үйіне қарай безіп бара жатқан қыздарды көреді.
Қыздар бір-бір шелектен ұстап, Нақып атамыздың үйіне жүгіріп жетеді. Барысымен кәрі шешесінен алма сұрайды. Ол кісі қыздарды алдына салып, “Қайдағы алма?” деп қуалайды.
Апамыз аяғын жылдам басып үйге кіріп кетеді.

Мақала авторы: Қайрат Серікбайұлы

   
Пікірлер1
  1. Индира

    Осындай жақсы тәрбиеге бастайтын ертегілер керек боп жүр еді.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ