Мойын, көмей және кеңірдек

Адамның мойыны

Адамның басын кеудесімен байластыратын бөлігін — мойын деп атайды. Оның алдыңғы және артқы жағы бар. Мойынның алдыңғы жағында тыныс алу жүйесіне жататын көмекей мен кеңірдек, олардан кейін жұтқыншақ пен асқазан орналасады. Мойынның алдыңғы бүйір жағында жуан және қатты соғып тұратын екі тамырды қолмен басып көруге болады. Бұл — ұйқы артериясы, олар арқылы қолқадан шыққан қан адамның басына барады. Сонымен қатар мойында қалқанша және қалқанша маңы бездері орналасқан. Бұл бездер ішкі секреция бездеріне жатады және олар қанға гормондар бөліп шығарады. Мойынның арт жағында мойын омыртқалары орналасқан. Омыртқаның жанынан оларды бойлай өте мықты бұлшық еттер өтеді. Осы бұлшық еттердің арқасында адам басын бұрып, еңкейте алады және олар басты тік ұстауға да көмектеседі.

Көмей

Мойынның алдыңғы жағынан көмекейдің қалқан тәрізді шеміршегін — жұтқыншақ немесе қыдықты оңай қолмен басып көруге болады. Осы шеміршек, оған тағы үш шеміршек және дауыс желбезегі қосылып көмейді құрайды. Көмей тыныс алу және сөйлеу үшін керек. Оның ішкі қабаты қоймалжың қабықпен жабылған. Бұл қабат ауру тудыратын микробтарға өте сезімтал келеді, сондықтан адамдарда (әсіресе балаларда) көмейдің қабынуы жиі байқалады. Көмей жоғарғы жағынан жұтқын- шақпен жалғасады, соның нәтижесінде тамақ асқазанға өтеді. Жеген тамағымыз көмейге және тыныс алу жолдарына түсіп кетпеу үшін, көмейде шеміршекті тілшік — бөбешік орналасқан. Бөбешік тілмен жалғасқан, ауыздағы тамақты жұтқан кезде тілдің ұшы көтеріледі де, бөбешік көмейді жауып қалады, соның нәтижесінде тамақ көмейге өтпейді. Сондықтан тамақ ішіп отырған кезде сөйлемеу керек. Өйткені, ондай уақытта бөбешік көмейді толық жаппайды, соның салдарынан тамақтың бір бөлігі көмейге кетіп қалады да, оны тітіркендіреді. Міне адамның тамаққа шашалатыны осыдан болады. Себебі, бірден адамның тамағы жыбырлап, жөтел қысып, көмейге кеткен тамақтан құтылғысы келеді.

Кеңірдек

Жұтқан ауа өкпе тіндеріне ерекше түтікті мүше — кеңірдек және кеңірдек тарамдары арқылы жетеді. Кеңірдек көмейдің жалғасы болып саналады, ол мойынның алдыңғы бөлігі арқылы өтіп, кеуде қуысына енеді. Осы жерде кеңірдек өкпеге ауа жеткізетін екі басты кеңірдек тарамына бөлінеді. Кеңірдек пен басты кеңірдек тарамдары мықты және серпімді түтікшелер.

Бұлардың мұндай қасиеті — қабырғаларындағы сақиналы шеміршекке байланысты. Басты кеңірдек тарамдары өкпеге енгенде, ұсақ кеңірдек тарамдары мен ауа тамыршаларына (бронхиолаларға) бөлініп, өкпе көпіршіктерімен (альвеоламен) аяқталады.

Кеңірдек пен кеңірдек тарамдарының ішкі беті қоймалжың қабықпен жабылған, олардың қабырғаларында шырыш бөлетін өте көп бездер орналасады. Егер кеңірдек пен кеңірдек тарамдарына көз тоқтатып қарасақ, олар ағашқа ұқсайды, кеңірдек ағаштың діңгегі, ал кеңірдек тарамдары бұтақтары.Сондықтан кейде оларды кеңірдек тарамды ағаш деп атайды.

Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:

Жұтқыншақ жайлы не білесіз?

Қалқанша безінің ағзада атқаратын қызметі.

Адам денесінің жоғарғы кеуде бөлігі көкрек туралы.

Тыныс алу туралы не білесіз?

   
Пікірлер4
  1. Айдана

    Мақала үшін көп рахмет! Керек материалдарды таптым.

  2. үміт

    енбегиниз елене берсини рахмет

  3. Зульфия

    адам ағзасына қатысты мақалалар жақсы жазылған

  4. Баян Жақсылыққызы

    мақалаңаздың мағынасы зор екен пайдалануға болады.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ