Ақылбек Шаяхмет (өлеңдер жинағы)

Ақылбек Шаяхмет (өлеңдер жинағы)

Ақылбек Шаяхмет

Көбелек және гүл 

Көбелекке бұл маңда

Ұқсас гүл көп, не керек.

Шөп үстіне қонғанда

Гүлге ұқсайды көбелек.

Көбелектің, алайда

Жұпар иісі болмайды.

Қызыл гүлдер далада

Жанған оттай лаулайды.

 

Қоңыр аю мен ақ аю

Қарап тұрсаң кітаптағы

Суреттері тартымды

Қоңып аю, ақ аюдың

Түр мен түсі әртүрлі.

Қоңыр аю ыстық жазда

Мекен қылған орманды.

Оның жүні сондықтан да

Ағаш түстес болғанды.

Назар салсаң осы тұста

Ақ аюдың сеп-семіз

Жүрген жері кәрлі қыста

Қалың қар мен көкше мұз.

Көрсең ұсақ, ірісін де,

Еске сақтап қал мұны.

Туған жердің түр-түсіне

Ұқсайды екен барлығы.

Құрт түспейді

Жария қыл бар жұртқа,

Жақсы көрген бар бала,

Құрт түседі алмұртқа,

Шабдалы мен алмаға.

Ел үңіліп қарай ма,

Көре алмайды ізін де.

Ешқашан да, алайда,

Құрт түспейді жүзімге.

Біз де қатты қалдық таң,

Оның үлкен мәні бар.

Балақай, сен сондықтан

Осы жайды танып ал!

 

Шортан

Балықшы деп біледі

Біздің ауыл көкемді.

Қыстың күні ол өзі

Шортан ұстап әкелді.

Шабақты көп асайтын

Шортанды біз аш дедік.

Сұрақ қойдым басы айқын;

«Шортан неше жаста еді?»

«Шортанның әр жасына

Сәйкес аты бар тағы.

Шортанды бір жасында

Кілегей деп айтады.

Екі жаста – қылағай,

Үш жасында – шорағай,

Ал шынтақтан асқанда

Нағыз шортан қомағай.»

Осылай деп көкеміз

Айтып берді барлығын.

Сол шортанның  етінен

Дәм татамыз ал бүгін.

Қолдайды

«Торғай неге тонбайды?»

Білмек болып бұл жайды,

Сауал қойсам, деді атам:

«Жаратушы қолдайды!»

Соның бәрін өзіме

Көрсеткенде көзіме,

Намаз оқып жүретін

Сендім ата сөзіне.

Балықты да судағы,

Жәндікті те құмдағы,

Аспандағы құсты да

Жаратушы қолдады.

Бүркіт көкте самғайды,

Үркек қоян заулайды.

Адамды да жердегі

Жаратушы қолдайды.

 

Қолғап 

Бүгін қатты тонғаным,

Мұз боп кетті қолдарым.

Киінгенде асығып,

Үйде қапты қолғабым.

Тепкен кезде сырғанақ,

Қолғабыңды ал, бірақ.

Қолың тоңса денең де

Кетеді екен қалтырап.

 

Тез солады

Гүл үйімде әлі тұр,

Бірнеше күн солмайды.

Жазық жерде бәрібір

Өскен гүлдей болмайды.

Қанша күнге шыдайды,

Тез солады ол неге?

Маған, бірақ, ұнайды

Өскен гүлдер бөлмеде.

 

Орманда 

Жапырағы көк теректің

Сарғаяды күз күні.

Сырын біліп көп деректің,

Байқап жүрміз біз мұны.

Сол теректің бұтақтары

Жалаңаш боп қалғанда,

Жабар қыстың ақша қары,

Қайта оралсақ сол маңға.

 

Неге жасыл?

«Қарағайлар қыс күнінде, –

Дейсің, – неге жап-жасыл?»

Біреу келіп деді ме әлде:

«Жаздың қалпын сақтасын!»

Менің қатты сүйінгенім,

Жазға жетіп тұрса да,

Үстіндегі киімдерін

Шешпейді екен шырша да.

 

Шағып едім

Шағып едім жаңғақты,

Іште дәні қалмапты.

Сырты әдемі, іші бос,

Жаныма да сол батты.

Оған қыңбай тағы мен

Басқа жаңғақ жарып ем.

Дәнегі оның топ-толық,

Артық екен бәрінен.

Күн мен Ай

Алып Күн от болып жанып тұр,

Жарығы ғаламат – анық бұл.

Ай болса тек түнде жарқырап,

Қуатты жарықтан алып тұр.

Менің атам

Мейірманды жүрегі

Атамды ел біледі.

Кездескеннің барлығы

Сәлем беріп жүреді.

Ауылдағы төбені

Атам жақсы көреді.

Бала біткен жиналып,

Соңына оның ереді.

Сол төбеде кіл «бұзық»

Күресеміз шын қызып.

«Итжығыс!» – деп атамыз

Жібереді тұрғызып.

Ал жүлдеден әдемі

Барлық бала дәмелі.

Жеңілсе де, жеңсе де

Атамкәмпитбереді.

 

Менің әкем 

Менің әкем мұғалім,

Өнегесі күнде көп.

Айтқан сөзін ұғамын,

Шәкірті де мүлде көп.

Үйретуге ол дайын,

Танытады әріпті.

Үлгісімен әрдайым

Ырза қылар халықты.

 

Менің ағам 

Менің ағам керемет,

Тұрған бойы – бір сурет.

Созса қолын түрекеп,

Бұлтылдайды бұлшық ет.

Айтқан сөзді тыңдайды,

Жүрмейді бос сенделіп.

Жалғыз өзі бір тайды

Әкетеді өңгеріп.

 

Менің көкем

Менің көкем жылқының

Құлағында ойнайды.

Алмаса да бір тыным,

Қызығына тоймайды.

Тұла бойын билеген

Әдеті осы қашанғы.

Жүген-құрық тимеген

Үйретеді асауды.

 

Менің қарындасым

Қарындасым кішкентай

Қалды ма әлде қалжырап?

Асықпайды шықса күн,

Бақшаға да ол, бірақ.

Жақсы көрем күлкісін,

Еркелесе – ұнайды.

Қимай ма екен ұйқысын,

Бармаймын деп жылайды.

 

Менің әпкем

Менің әпкем ақылды,

Күнде сабақ оқиды.

Қолы босап қалса егер,

Бізбен шілтер тоқиды.

Оның сырын сеземіз,

Текке отыру жақпайды.

Сондықтан да әжеміз

Өнерлі деп мақтайды.

 

Менің інім

Менің інім желаяқ,

Жарыстан еш қалмайды.

Оң аяқ пен сол аяқ

Алма-кезек заулайды.

Шебер еді не деген?

Ілесе алар емеспін.

Қарап тұрсам, бұл жерде

Оған жетер жоқ ешкім.

 

Ұстаз және ұста 

Сыйлап жүрген көп кісі.

Дала сынды кең ойы,

Ұстаз – ұлттың ұйтқысы.

Ұста – елдің мерейі,

 

Атамның  ақылы

Дау-дамайсыз бола ма?

Таяқ жедім далада.

Атам айтты:

«Әзәзіл

Кірген ғой деп араға»

Шамасы, оңбай құладым,

Келіп отыр жылағым.

«Қайдан келген Әзәзіл!» –

Деп атамнан сұрадым.

Атам айтты:

«Ақыл – дос,

Ақылыңа ақыл қос!

Сабыр сақтай білмесең,

Өмірің де өтер бос.

Ата-анаңның тілін ал,

Жолдасыңның сырын ал.

Әзәзіл мен әдептің

Ара жігін біліп ал!

Жамандыққа бастама,

Тамақты ашық тастама.

Ашық қалған асыңды

Шайтан ішсе – масқара!

Таза киін, таза жүр,

Ойыңды айқын жаза біл.

Адал болып, ақ жүрсең,

Жоламайды Әзәзіл».

Ұқтым сөзін атамның.

Білдім сырын қатамның.

Әзәзілді жолатпа

Шетіне де Отанның.

Ұмтыл дәйім алға!

Жеңіл киін жазда,

Жылы киін қыста.

Қыран құстай самға,

Ат тізгінін ұста!

Бу беліңді бекем,

Қатарыңнан қалма.

Ауыр жүкті көтер,

Ұмтыл дәйім алға!

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер4
  1. Аяжан

    нағыз керек өлеңдер екен мағынасы жақсы

  2. Нәзира

    Қандай керемет өлеңдер ! Көптен іздеп, ренжіп жүр едім, балалардың жас ерекшеліктеріне орай, сөзі жеңіл, күнделікті қолданып жүрген сөздермен, айтатын ойды балаларға түсінікті етіп жеткізетін өлеңдер жоқтың қасы ,деп, міне, Ақылбек ағамыздың мына өлеңдер топтамасын тауып қуанып отырмын(немерелер өсіп келе жатыр) . Енді ағаның балаларға арналған кітаптары дүкен сөрелерінен іздеп табу -міндетім! Ағаға творсестволық табыс, балаларға тамаша өлеңдер жинағын тілеймін!

  3. Ainur

    балаларға жаттауға оңай, керемет өлеңдер!

  4. Жанар

    Балаларға арналған өлеңдері керемет! «Наурыз көже» деген өлеңі бар еді, осы жерден іздеп таппадым.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ