Мәңгілік еліміздің мәңгілік тілі

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат,бақ, ардың –
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі,сен, қалдың!
(Мағжан Жұмабаев)

Мен Қазақстанда тұрамын. Осы елдің азаматы ретінде болып жатқан барлық жаңалықтар мен өзгерістерге бей-жай қарай алмаймын. Айналамдағы адамдармен араласа отырып, қоғаммен байланысқа түсу арқылы мен өзімді үздіксіз дамытып отырамын. Себебі, бұл менің болашағымның жарқын болуына сара да дара жол нұсқайды. Мен өмір сүретін орта – дархан дастарқанымен әйгілі қонақжай халықтың кеңпейілділігімен және көп ұлтты бір шаңырақ астында табыстырып, ұлы достық мекеніне айналдырған мейірімділігімен көпке үлгі болған, қазақ мәдениетінің исі аңқыған ордалы ошақ.

Бұл орта маған ерекше жайлылық сыйлайды. Себебі, мен өзімді осы ортада жақсы сезінемін. Әр қазақты бауырым деп санаймын. Менің әкем – орыс, анам – қазақ. Мен екі тілде де сөйлесемін. Қазақ халқының мінезі, адамгершілігі,қарапайымдылығы құрметтеуге лайық. Менің байқағаным,олардың көңілі қандай ашық, таза болса, тілдері де сондай таза, көркем. Тіліндегі шұрайлылық, құнарлылық тіл арқылы бойларына осындай адами қасиеттерді дарытқан деп ойлаймын.

Қазақтар өз ана тілінде сөйлесе, еріксіз,үнсіз тыңдап отыра бергің келеді,өйткені, дауыстары қоңыр, ашық, анық естіледі. Әр қазақ отбасына барсаң, қонақ етіп, шай беріп, дастарқан басында арқа-жарқа әңгімеге тартады. Сонда олар сөйлеп отырғанда тамсанамын. Қазақ тілі менің ана тілім болса да, менің құрбы-құрдастарым, өскен ортам, мектебім орыс тілінде. Әрине, мен қазақша қазақтар арасында жүргендіктен білемін, олардың айтқандарын түсінемін, бірақ өте жақсы, жоғары деңгейде сөйлей алмаймын. Туған тілімді еркін меңгеру үшін анам маған Абай өлеңдерін жаттатқызады.

ана тілі туралы шығарма

«Қазақ тілі – мемлекеттік тіл.Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі тиіс». Ата Заңда көрсетілген бұл бап отаншылдық сезімді тудырып, жауапкершілік міндетті жүктейді. Менің қазақ тілге деген қызығушылығым мына бір жағдайдан кейін пайда болды. Бір күні апай бізге сабақта он тоғызыншы ғасырдағы орыс ғалымдары қазақ жеріне келіп, қазақ тұрмысы туралы зерттеу жасағандарын айтты. Сонда ұлы орыс ақыны Пушкиннің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын ұнатып, жазып алғанын білдім. Ал тағы бір атақты ғалым В.В.Радлов мынадай таңқаларлық пікір айтыпты: «Қазақтар тамаша шешен сөйлеп, әңгіме айтуды ұнатады,аса бай поэзияға ие», — деп жазған екен. Иә, мен қатты таңқалдым. Қазақ тілі туралы ұлы адамдар осындай пікір айтқандарына. Демек, бұл – тілдің күштілігі.

Мен осы елдің саналы, білімді азаматы ретінде президентіміздің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан- 2050» атты Жолдауымен таныстым. Осында Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясын негіздеді. «Бұл – болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсатқа жетелейтін жол». Мәңгілік елдің тілі де мәңгілік болу керек. Елбасымыз: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар!

Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге мәңгілік тіл болды. Көпұлтты Қазақстан жағдайында ұсынылған үш тұғырлы тіл жобасы да қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды факторына айналып отыр» — дейді. «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасында көрсетілгендей, мемлекеттік тіл ретінде тізгінді қазақ тілі бастап тұр. Бұл басым айқындылықтың өзіндік мәні бар. Өйткені, бұл жер – сөздің балын тамызып, тілдің майын ағызып жырлап өткен шешен-дүлдүлдердің,ел қамы үшін ерінбей қызмет етіп жылап өткен ұлт зиялыларының ана тілі ел төрінде салтанат құрған төл мекені. Сондықтан да, қазақ елінде туған тілдің мерейі үстем, мәртебесі жоғары болу керек.

Қазақ тілі – ынтымағы жарасқан елдің бірлігін нығайта түсетін көпір. Қазіргі кезде Қазақстан Ассамблеясының құрамындағы әртүрлі ұлт өкілдері қазақ тілін өз ана тіліндей меңгеруі қуантатын жағдай. Мысалы, атақты неміс жазушысы Герольд Бельгер қазақ жерінде өсіп ержеткендіктен, өз шығармаларын қазақ тілінде жазған. Ол кісіні қазақ десе де болғандай. Көк жәшіктен күнде көріп жүрген тілшілер Майя Веронская, Оксана Петерс, Игорь Сахар, Оксана Лоскутова, кәріс қызы Ирина Тен қазақша сайрағанда қатардағы қазақтан артық. Тек тілші қауымы емес, өзге сала иегерлерінің де тілге ынтасы ерекше. Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских, зілтемірші Александр Зайчиков, еркін күрестен әлем чемпионы Ислам Байрамуков, боксшы қыз Марина Вольнова сияқты адамдар мемлекеттік тілдің мерейін көтеріп жүр. Бұл, әрине, тілге деген құрмет – елге деген құрметтің белгісі.

Қазіргі кезде барлық жерде қазақ тілі қолданысқа еніп, қажеттілік тудырып жатыр. Қазақ жастары мемлекеттік тіліміздің мәртебесін жоғары ұстап, шетелдіктердің де туған тілімізге деген қызығушылығын арттырып жүр. Мысалы, Синди Макнеел, Крис Триккет секілді америкалықтар таза қазақша еркін көсіліп сөйлеп, домбырада күмбірлетіп күй тартады. Бұл біздер үшін мақтаныш сезімін ұялататын қуанышты жағдай. Біздің тілімізді шетелдіктер үйреніп жатса, нұр үстіне нұр.

Мен өз ана тілімді әр жерде қолдануға тырысамын. Жанымда жүрген орыс тілді достарыма түсінбеген сәттерінде көмегімді беремін, себебі, бұл менің елімнің гүлденуіне қосқан үлесім деп білемін. Елбасымыздың тіл туралы айтқан нақыл сөздерін есте сақтап, қазақ тілін мәңгілік тіл ету жолында білімімді жетілдіремін. Мәңгі Ел болу өзіміздің қолымызда! Біздіңдамуымызға даңғыл жол ашып, барлық жағдай жасап отырған Елбасымызды қолдаймын.Туған тілім – қазақ тілінің күні әрқашан биікте тұрсын!
Жақсы ауданы. Сарыгина Диана, Рентабельный орта мектебінің
9-сынып оқушысы

Дайындаған: Бактыбаева Молдир Балгабаевна

 

Балабақшаның аттестациядан өткен құжаттары бар:

3 жылдық Әдіскер құжаттары

3 жылдық Меңгеруші құжаттары

3жылдық Тәрбиеші(барлық топтар)құжаттары

3 жылдық Психолог құжаттары

Сұрақтар бойынша осы сілтемені басыңыз!

 
Пікірлер11
  1. Молдир

    Жақсы жазылған ақпарат! керек дуние коп!

  2. Асем

    Ана тілін қадірлеуді отбасынан бастау керек. Тәрбиелік мәні бар.

  3. Ирода

    Мәліметтерді пайдалы болды

  4. Оразамбаева Айжан

    Тілдің жайын бар жанымен ұғыпты,
    Ана тілі — перзенті үшін тұнық-ты.
    Сол перзенттің тіл деп соққан жүрегі
    Қуаныштан сонда егіліп тұрыпты.

  5. Алмагул

    Тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы. Ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,– деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Тіліңді сүйгенің дұрыс. Жарайсың

  6. САМАЛ

    Ана тілім — аруақ қойған ар тілім,

    Тілімменен өркен жаяр қарқыным.

    Тілім барда атағы да өшпейді

    Қазақ деген қасиетті халқымның,-

    деп С.Ыбырайқызы жырлағандай, Тіл — тіршіліктің бастауы.Тіл- қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат, өйткені өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуге басты себепкер — ана тілі.

  7. Айтбуби Нусипова

    Тіліміз -ертеңгі болашағымыз. Ана тілімізді сақтап қадірелу парызымыз.

  8. Гүлнұр

    Балаларға да, ата-анаға да, мұғалімге де өте қажетті керемет сайт екен. Тапқаныма қуанып отырмын

  9. Салиха

    Рақмет.Диана. Сендей ұлтжанды перзенттің болғаны қуантарлық. Ана тілін қадірлеген жан ғана еліне адал қызмет етіп, Отанын шынайы сүйе алады. Сен сияқты ұрпақтарамыз көбейе берсін деп тілейміз

  10. Анель Рамазанова

    Жақсы жазылған ақпараттар, нағыз болашақ жастарға керектісі екен…

  11. Анель

    Өте жақсы жазылған мәлімет!

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ