Балабақшамен қоштасу ертеңгілігі «Әр бала бір жұлдыз»

Тақырыбы:  «Әр бала  бір  жұлдыз»

Мақсаты:   Балалардың  жыл  бойы  алған  біліктерінің, ой-өрістерінің жемісін, өнерлерін  ортаға  сала  отырып, балаларды  үлкен  өмірге  қадам  басуға  даярлау. Адамгершілікке,достыққа,  бауырмалдыққа, отансүйгіштікке  тәрбиелеу.

Жүргізуші:  Құрметті  ата-аналар, қонақтар, ұстаздар.

Бүгін  біздің  бірнеше  жыл  мәпелеп,күтіп, тәрбиелеп  өсірген  бүлдіршіндерімізді  мектеп  табалдырығына  шығарып  салғалы  отырмыз. Балаларымыз осыдан  4  жыл  бұрын  кішкентай бүлдіршін  еді,  енді  міне, бойлары да, ойлары да  өсіп,  мектепке  қадам  басқалы  тұр. Әрине, бұл да  үлкен  той,  тойларыңыз  құтты  болсын!. Балаларға  «Қадамдарыңа гүл бітсін, талаптарыңа  нұр  жаусын» -дей отырып, «Әр бала  бір  жұлдыз»  атты  ертеңгілігімізді  ашуға  рұқсат  етіңіздер.

(Сахна  сыртында  тәрбиеші сөйлеп тұрады,ортаға патша келіп отырады)

Автор сөзі:

Әлемде  Баланың  Елі  болыпты. Онда  кішкентай, бақытты адамдар-балалар өмір  сүріпті. Олар  күн сайын ойнайды, ән салады, би билейді және сурет  салады, оқиды  және  әлемді  таниды. Сол  әлемде дана  билеуші – патша  билік  құрады.

«Оның  барлық  ісі  ойластырылған, барлық  қол астындағылардың  жақсы  дамуы, тәрбиеленуі мен  білім  алуы  өзіне  байланысты» — депті.

Патшаға  оның  нөкерлері  көмектесіп  тұрады. Сол  жердегі  балғындар  бақытты  әрі  алаңсыз  өмір  сүреді.

Балалық  елмен  көрші  мектеп  елі  бар  екен.  Балалық  елдің  патшасы  мектеп  елінің  билеушісімен  жақсы  дос екен. Ағайындылар  бір-бірімен  тату  тұрыпты. Өйткені  екеуінің  міндеттері  бір  болған. Балалық  елінің  кішкентай  тұрғындары  өсе  келе  жалпы  орта  білім  алу  үшін  өз  елінен  мектеп  еліне  ауысады екен. Сондықтанда балалық елдің  ел билеушісі өздерінің  кішкентай  тұрғындарын  басқа  елге  барғанда  өздерін  сенімді, қолайлы  сезініп,оқуға және  өсуге  дайын  болуы  үшін  қолынан  келгенінің  барлығын  жасайды.

Ел билеушісінің  істері мен  шаруасы  бастан  асып  жатады. Бірде  мынадай  оқиға  болады.

 балабақшамен қоштасу ертеңгілігі, қош бол балабақша сценарий, балабақша сценарий

Бір  тәрбиеші  жүгіріп  келеді:

О, ұлы  әрі  дана  билеуші!  Сен асқан  көрегенсің  және  елімізді  ақылмен  басқарып  отырсың, сен  көп  нәрсе  білесің  және  қолыңнан  көп нәрсе  келеді. Үкіметімізде  туындаған  мына  дауымызды  шешіп  берші. Біздің  елдің  халқы, ата-аналар, қол астындағылар Балалық  Елінде  кім ең  бастысы әрі  маңыздысы  деп,  біздің  кішкентай  бағыныштыларымыздың  тәрбиесі мен  білім  алуының  сапалы  болуы  ең  алдымен  кімге  байланысты  деп  дауласып  жатыр. Одан  сорақысы  ата-аналар  балаларымызды  балабақшаға  бергендеріне  күмәнмен  қарайтын  сияқты. Осылар  балаларға  не  жарытып  үйретіп  жатыр  дейді.

 

Билеуші: ойланып қалады.

«Шынында да  Балалық  Елінде  ең  бастысы  әрі  маңыздысы  кім? Балалар  не  біледі,

не істеді. Одан да  балалардың  өздерінен  сұрайық. Не тұрыс!  Шақырыңдар  ортаға  балаларды?  Халық  өзі  куә  болсын, шынайы  бағасын  берсін!

Тәрбиеші:  Құп  болады,билеуші!  Айтқаның  орындалады.

(Ортаға  балалар шармен музыка әуенімен келеді).

Би:  «Көңілді шарлар»

Хормен:  Балдай  тәтті  баламыз

Ақылдымыз,данамыз

Ойынменен  өседі,

Ойымыз да санамыз

Қол  ұстассақ  бәріміз

Жарасады сәніміз

Жақсы  болсын  әр кезде

Арайлап атқан таңымыз.

Жүргізуші:   Балабақшам   сүйікті

Ән салдырды  билетті

Шынықтырып  денеңді

Шымырлыққа үйретті

Айгүл:

-Балалар, балабақша  сендерге  ән,би үйретіп,шынықтырып шымыр етті дейді. Қане, денемізді шынықтырып шымыр болсақ  күшімізді көрсетейікші. Жарайсыңдар балалар, сендер шымыр ,мықты,күшті екенсіңдер.

Ал, енді балалар, экраннан   «Қазақстан барысы»  мултьфильмін тамашалайық.

-Балалар, барыс қандай жануар?

Күшті,мықты, қарулы жануар

Міне, мынау тәуелсіздік монументі. Қанатты барыс  мінген алтын жауынгер мүсіні,                                   1996 жылы Алматы қаласында салынған

-Балалар, біз нені көрдік?

-Барысты көрдік.Аңдар күш сынасады. Барыс барлық аңдарды жеңіп жеңімпаз атанады.                                   Мынадай мақал бар ғой «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, барыстың күші білегінде болса, ал сендердің күштерің тек  білекте емес білімде.

Білімді  болсаңдар  ғана, парасатты, ақылды, талапты, зерек, алғыр боласыңдар.Сондықтанда оқуды жақсы оқып, білімді болыңдар.

Жүргізуші: Күн мен қыран қолдап  елін,

Көк байраққа  беріп  төрін

Әнұраны  асқақтаған

Егемен ел  елім менің

Ән:  «Ұландар»  орындайтын: Нұржігіт, Ринат, Нұртөре

Жүргізуші:  Құлпыратын гүл боп  өсіп,

Бақытты біз  баламыз

Өлең айтып, ойын ойнап,

Шынығып  біз  аламыз

Мөлдір: Айгүл қолыңа қапшықты не үшін ұстап алғансың?

Айгүл: Бұл қапшықтың ішінде үлкен құпия жатыр.

Мөлдір: Бұл құпияны қалай білсек болады?

Айгүл: Бұл құпияны  білу  үшін  біз  осы  қапшықпен  ойын  ойнаймыз. Сол кезде  не бар екенін білесіңдер.

-Балалар, бізбен бірге ойын  ойнағыларың келе ме?

-иә

1-ойын: «Көңілді  маскарад»

Мақсаты: Балалардың  мәдени дағдыларын  қалыптастыру, ептілікке,қимылдық әдемілікті дамыту, ойын  ережесіне бағына білу, зейінділігін  арттыру.

Қажетті құралдар: қапшық,түрлі киімдер (галстук,қалпақтар,көзілдірік,шляпа,жакет,

қысқа шалбар, жануарлар атрибуты,т.б)

Мөлдір:

Ойын шарты:  .Музыка ойналады. Балалар билеп жүреді. Тәрбиеші  қолындағы  қапшықты бір балаға  береді, ол келесі балаға беру керек. Музыка тоқтағанда  қапшық  кімнің  қолында  қалса, сол бала қапшықтан  көзін  жұмып бір киімді  алып  кию керек. Барлық бала киініп болғанша, ойын жалғасады.

Тәрбиеші  балаларға  қандай әдемі  болдыңдар. Сендер  қай киімді  қалай  киінуді өте жақсы меңгерген  екенсіңдер.Енді қалай шешінетіндеріңді байқайық. Мен беске дейін санаймын. Киімдеріңді  шешіп,мына қапшыққа  салыңдар-деп тапсырма береді.

-Жарайсыңдар балалар, ойынды  керемет  ойнадыңдар.өте жылдам,ұшқыр екендеріңді  көрсеттіңдер. Рахмет сендерге.Енді мен  басқа балалармен  ойнап келейін. (шығып кетеді)

 

Жүргізуші:  Көріп  тұрып  түлектерді  қаншама,

Жақсы  тілек  білдірейін  баршаңа

Өрендерім  өлең  айтып, би билеп,

Өнерлерін  салсын  бүгін  ортаға

Балаларды өнерлі,

Шақырамыз  ортаға

Тамсандырып  көп  елді,

Би билесін баршаға

Би:  «Хип-хоп» . Орындайтын  Жігіттер тобы

(Қарақшы киімін киіп шығып, музыка  әуенімен  қарақшы қимылдарын  жасайды)

Мөлдір: Осы  жақта мол  қазына  бар  деп  келдім. Соны  қалай  алуға  болады  екен.

Айгүл: Оны  алу  оңай  болмайды. Оданда  епті  қарақшы  ойынын  ойнасақ  оңтайлы  сәт  келетін  шығар. Осы  ойынға  балаларды шақырайық.

2- ойын: «Епті қарақшылар»

Мақсаты: Балаларды  ептілікке, жылдамдыққа, шапшаңдыққа  тәрбиелеу. Өмір құбылыстарына, адамдарға деген ынтасын,қоғамдық мәні бар іс-әрекетке  құштарлығын арттыру.

Қажетті құралдар: түсті  шарлар, балалар  маскалары.

Айгүл:

Ойын шарты:  Қарақшылар  қалталарынан  орамалдарын алып, бастарына тағады. Өздерін ең күшті,мықты екенін көрсетіп, түрлі қимылдар жасайды.

  1. Қолдарын созып,жан-жағына қарайды.
  2. Қарындарын сипайды.
  3. Кез келгенді жеп қояды.
  4. Айқайлайды.
  5. Аяқтарымен тарсылдатады.

Олар келе жатады, көп жүреді,жүреді. Бір кезде алдарынан шашылып жатқан витаминдерді көреді. Бәрін жинап алады. Сонан соң  тәрбиеші қолындағы кәрзеңкеге қолдарындағы «витаминдерді» лақтыру арқылы жинайды.  (ох міне, оңтайлы  сәт  түсті  деп  дәрумендерді  алып  қашып  кету.)

-Жарайсыңдар балалар, сендер күшті,мықты екенсіңдер.

Жүргізуші: Біз байқамай отырған бір әнші бар,

Өнеріне  өзгелер  тәнті  шығар

Ролланды  шақырайық біз ортаға

Жүректі тербеп алар, әнді шырқар

Ән: «Мен мектепке барамын» Орындайтын: Роллан

(ортада  гүл мен  көбелек  макеті  тұрады.)

Мөлдір: Қарашы  мына  гүл  қандай  әдемі.

Айгүл:  Оған  қонған  көбелектің  жарасып  тұрғанын-ай

Мөлдір: Сен  білесің бе  менің  ойын  ойнағым  келіп  тұрғаны

Айгүл:  Олай  болса, «Көбелектер мен гүлдер»  ойынын ойнайық.

3-ойын: «Көбелектер мен гүлдер»

Мақсаты: Балалардың  ақыл-ойын ұстартуды, дене қимылын жақсартуды, қоршаған ортаны тануды қалыптастыру.

Қажетті құралдар: Гүлдер, көбелек қанаттары, көбелек  аулайтын ау.

Мөлдір:

Ойын шарты: Музыка ойналады. Балалар көбелек болып билеп  жүреді. Музыка  тоқтағанда  жердегі  гүлдерді  басына  ұстайды. Кім  үлгірмесе, көбелек  аулаушы  ұстап  алады. Ұсталған бала  ойыннан  шыға  береді.Соңында  бір бала қалады. Сол бала жеңіске жетеді.

-Жарайсыңдар балалар, ойынды  жақсы  ойнадыңдар.

Жүргізуші: Екі ішектің бірін тартта

Бірін  сәл-сәл  жай бұра

Нағыз қазақ қазақ емес,

Нағыз қазақ  домбыра

Би:  «Қасиетті домбыра»  Орындайтын: Қыздар тобы

Айгүл:

Балалар шаршаған  боларсыңдар, сергіту жаттығуын жасап сергіп алайық.

(сергіту жаттығуын  қимылмен орындайды)

Мөлдір:  Маған Түймедақ  резеңкені  беріп  жіберді

Айгүл:  Бұл  кәдімгі  резеңке ғой, бұны  әр түрлі  құрал ретінде пайдалануға болады.

Тіпті  ойында  ойнауға  болады.

Мөлдір:  Балалар, біз  осы  резеңкемен  қызықты  ойын  ойнайықшы?

4-ойын: «Жұлдызды дискі»

Мақсаты: Балалардың  ойлау  қабілетін  дамыту, эстетикалық  тәрбие  беру, қимыл  қозғалыс  жасауға  машықтандыру.

Қажетті  құралдар: резеңке жіп  5м.

Айгүл:

Ойын шарты:  Балалар  байланған  резеңке  жіп  бойымен  көңілді  музыкаға  билеп  жүреді. Музыка  тоқтағанда, резеңке  жіптен  аттап  шығып  үлгіру  керек. Үлгірмеген  бала  айыпты  болады. Оған  сұрақтар  беріледі. Ойын  осылай  жалғаса  береді.

Сұрақтар: 1.Туған елді, туған жерді,қандай сөзбен атаймыз?

2. Саған жаным, күнім, ботам, құлыншағым  дейтін кім?

3. Балабақшада  сендерді кімдер күтеді?

4.Екі қоянның неше құлағы бар?

5. Ешкінің мүйізі нешеу?

6. Кемпірқосақ неше түстен тұрады?

7. Жұлдызшаның  неше  бұрышы бар?

8. Дөңгелектің  неше бұрышы бар?

Жүргізуші: Мерекеде  сызылтып  ән  салады

Ән  айтып  би  де  билеп  жан  салады

Бұл  ұлы  мерекеде  ән  салғанда

Бүкіл ел  шапалақтап  қарсы алады.

Ән:  «Жас дәуірдің түлегіміз»  орындайтын: Нұржігіт

Мөлдір:  Мен саған  бір  сөзді  айтсам, сен  соны  қимылмен қалай  түсіндіріп  бересің, мысалы  дүрбі  деген  сөзді

Айгүл:  қимылмен  көрсетеді.

Мөлдір:  Ендеше  осы  ойынды  балалармен  ойнайық.

5-ойын: «Жұмбақ әлем»

Мақсаты: Балаларға ойын мазмұнын  түсінікті етіп  жеткізуге  тырысу,өзара қарым-қатынасты  қалыптастыру, адамгершілікке тәрбиелеу.

Қажетті құралдар: Орындық

Мөлдір:

Ойын шарты: Балаларды  айналдыра  отырғызады. Тәрбиеші  бір  баланы  ортаға  шақырып, құлағына  бір  сөзді  сыбырлайды. Бала  сол  сөзді  қимыл — әрекет  ету  арқылы  отырған  балаларға  түсіндіреді. Балалар оны табу керек. Дұрыс  сөзді  тапқанша  түсіндіре  береді. Тапқан  бала  ортаға  шығады. Ойын  жалағаса береді. (Мысалы: фотоаппарат,қолшатыр,кесе, үстел,сыбызғы, т.б)

-Жарайсыңдар балалар, тапқыр, білімді, өнерлі екенсіңдер. Ойынды  жақсы көңіл-күймен ойнадыңдар. Сендерге рахмет.

Жүргізуші: Ұшқыр ойға серік болсын шеберлік,

Сөз кезегін  математикаға  берелік

Арамызда  тапқыр  достар  көп  екен,

Солардың  енді  жауаптарын  көрелік

Мөлдір:

-Балалар, сендер қандай көлік түрлерін білесіңдер.

-камаз, кран, автобус, трактор, т.б

-Дұрыс балалар, көліктердің түрлері өте көп, мысалы: жедел жәрдем, балмұздақ таситын  машина, өрт сөндіргіш машина,т.б көліктер бар.

Ал,енді балалар  біз «Дара»  мультфильмін  тамашалайық.

(Балалар 1-ден 10-ға дейінгі сандарды ағылшынша санауды, геометриялық пішінді, достарға көмектесуді біледі)

Балалар, балмұздақ машинесі сендерге  балмұздақ беріп жіберіпті. Балмұздақты  ертеңгілігіміз аяқталған соң  топқа барып жейміз.

Жүргізуші: Билеушім, бұл балалар қандай білімді,тәртіпті еді.

Билеуші: Дұрыс  айтасың  бұл балалардың  мектепте үлгілі,білімді бала болып  өсетініне  сенемін.

Жүргізуші:   Енді, құрметті қонақтар бітіруші бүлдіршіндеріміздің өздерінің жолын басатын, өздерінен кейінгі бүлдіршіндерге білім кілтін тапсыру салтанатын жасауға рұқсат етіңіздер.

Бітіруші  «Айгөлек» тобының  өнерге құштар, білімге деген талпынысы зор алғыр да, ақылды бүлдіршініміз Манарбекұлы  Роллан  өз тобының білім кілтін, алғыр да зерек Ортаңғы  «Балапан» тобының бүлдіршіні Қуанышбек Досымжанға  аманат етіп тапсырады.

Роллан

Қош «Балдырған» бақшамыз

Естен кетпес есімің

Қош балдырған бақшамыз

Алғаш ашқан есігім

Еткен еңбек жемісі

Аяқталды деп санаңыз

Білім әлем көгінде

Қанат қағып ұшамыз

Тәрбие берген ұямыз

Тәртіпті бала боламыз

Қоштасып балабақшамен

Біріншіге барамыз

Досымжан:      Біз ғой әлі бүлдіршін

Мектепке әлі бармаймыз

Ақ жол тілеп сендерге

Ақ тілекті арнаймыз.

Жақсы оқып мектепте

Тәртіпті боп жүріңдер

Жаман қылық  көрсетпей

Ден қойыңдар білімге

Роллан

«Айгөлектің»білім кілтін

Ұстап өзім қолыма

Тапсырамын аманат қып

«Балапандар» тобына

Досымжан   Қабыл алам аманатын

«Айгөлектің» тапсырған

Жақсы оқуға ант етеміз

«Балапандар»  атынан

Жүргізуші:

Құрметті қонақтар, ата-аналар, бүлдіршіндер Ересек топтар өздерінің білім кілтін аманат  етіп тапсырды.  Ортаңғы топ бүлдіршіндері осы балалардың аманаттарын биіктерден көрсете береді деп сенеміз.           .

Жүргізуші:                    

«Әр сөзінің  түйінін

Жақсылыққа тірейтін,

Қадап айтып ақылын,

Көпке бақыт  тілейтін»

деп №13 «Балдырған» ясли-бақшасының меңгерушісі  Қалдыгүл Дәулетқызына сөз кезегін берейік.   (Мадақтама, сыйлықтарын  тапсыру рәсімі)

Жүргізуші: Билеуші  балаларға  ақ жол  тілеп, ақ батаңызды беріңіз.

Билеуші:

Айналайын балғындар

Алға бағыт алдыңдар

Мен бір бата берейін

Қол жайып қабыл алыңдар

Адам болар баланың

Қайтармайық талабын

Мектепке енді барасың!

Құтты болсын қадамың

Сәбиліктен марқайып

Өскендігі  санаңның

Әріптерден сөз құрап

Жорғаласын қадамың

Үміттерін ақтай біл

Әкең менен анаңның

 Жүрегіңе сақтай біл

Жақсы сөзін дананың

Бастарыңа бермесін

қиыншылық азабын

Жастарыма қонса екен

Даналығы бабамның

Орындалсын ойларың

Құтты болсын тойларың!   Әумин

Жүргізуші:

Оқу-білім ордасы

Ұстаз оның арнасы

Ұстаздық деген-ұлы іс,

Адамдықтың айнасы    демекші    келесі сөзді бүлдіршіндерімізге мектеп табалдырығын аттатып, әрі қарай  білім нәрін сусындататын  алғашқы ұстазы болғалы отырған  Ұлжан  апайды  ортаға шақырып, өзінің  балаларға деген ақ лебізін  тыңдайық.

 Хор:    №13 «Балдырған»   балабақшасының  әнұраны  «Балдырған» әні

Жүргізуші:  

Айналайын, балғындар,

Алға бағыт алдыңдар.

Ертең өсіп толыңдар
Ел мақтаны болыңдар!
Орындалсын ойларың,

 Ашық болсын жолдарың

Жүргізуші:   Ал, балалар сендерге  сәт сапар  тілейміз!   Жолдарың  ақ болсын. Қош,сау болыңдар!  Ақжол  ақтығының  үстімен  жұптасып  балаларды  жүргізіп, шығарып  салу.

Жүргізуші:  Қош,балалар,сәт сапар,

Үлгілі бәрің  болыңдар

Жақсы оқып  әрқашан,

Тек 5-тікті алыңдар –дей  отырып,  бүгінгі «Әр бала бір жұлдыз»  атты  ертеңгілік  кешімізді жабық  деп жариялаймыз.

   
Пікірлер7
  1. Асел

    Керемет құрылған ертеңгілік, бірақ мектепке баратын балаларға мектепке байланысты 1-2 ойын қосу керек еді деп ойлаймын.
    Сайт жұмысына сәттілік тілеймін!

  2. Мулдир

    Ар бала жулдыз .жулдызды жаркыратып жагу тарбиешиге байланысты.баланын тарбиели болуында балабакшанын алатын орны ерек.

  3. Загира

    Негизи сценарий жаксы жалпы. Бирак дегенменен де аттеген ай деген жерлери де жок емес. Мына жерде кобнесе логикалык ойындар болган жаксыма еди, мектепке катысты ойындар болу керек еди. Балалардын мектепке деген кызыгушылыгын арттырып дегендей.

  4. Камшат Шаяхметова Кенжеканкызы

    Сайттағы «Әр бала бір жұлдыз» атты балабақшадағы қоштасу ертеңгілігі маған ұнады. Бұл сайттан керекті материалдың барлығын да табуға болады екен. Кейде жас мамандар болсын тіпті үлкен ұстаздардың өзі де ертеңгіліктің сценариін құруда біраз әбігерге түсіп ойланып қалады. Қаншама уақыттарын кетіріп жатады. Сондықтан бізге «Еркетай» сайтының бізге тигізер көмегі көп деп ойлаймын. Сайт жұмысына сәттілік тілеймін!

  5. Молдир

    тамаша екен

  6. Айгүл

    Өте керемет

  7. Айнұр

    ТАМАША

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ