
Тікебаева Гүлмекен Қасенбайқызы
Творческий специалист с образованием в области фольклористики, руководила кружком «Сахна тілі»
- 6произведений
Биография
Родилась 28.10.1980 в селе Сумбе Уйгурского района Алматинской области. В 1997 году с отличием окончила среднюю школу Бирлик Сумбе, затем с отличием — КазГосЖенПИ по специальности «Традиционное искусство — жыр». Также окончила аспирантуру по специальности «Фольклорист» (исследователь литературы) и получила дополнительное образование в бакалавриате УИЯиДК по специальности «Религиоведение».
Творческие способности, проявившиеся ещё в студенческие годы, позволили автору много лет работать копирайтером-фрилансером. Находясь дома с ребёнком, она на заказ написала тысячи постов, стихов и постановок, а также помогала учителям с научными проектами и научными статьями.
Писательницу, которая писала для школьников постановки на заказ и бесплатно давала режиссёрские советы, пригласил на работу руководитель «АйСаф ЖҚМ». Возглавив кружок «Сахна тілі» («Язык сцены»), автор написала для школьной сцены множество стихов, сказок-постановок и небольших спектаклей.
Работы автора под именем Гүлмекен Қасенбай публиковались на bilim-all.kz, Zharar.com, в TikTok и Instagram, а также в детских журналах «Балдырған», «Балалар әлемі» и «Ақбақай».
Произведения (на казахском языке)
Жасасын әкелер
Әке деген - пана тұтар орманың.
Көрінбейтін кейде ұлы істері -
Орны бөлек қасыңдағы сол жанның.
Әкең барда - сезінбейсің жетімдік,
Әкең барда - киімің - көк, қарның - тоқ.
Әкең барда - қорықпайсың ешкімнен,
Еш алаңсыз ойнайсың жас бала боп!
Әкең барда - жүре тыңдап ақылын,
Елемейсің махаббатын, мейірімін.
Жоғалтқанда мәңгілікке әкеңді -
Есіңе алып, өкінесің әр сөзін..
Әкең барда - үйде нағыз патшасың,
Менсінбейсің туысты да, басқасын..
Әкесі жоқ бала жалтақ келеді,
Құдай Өзі, жетімдіктен сақтасын!
Әкең барда - ойламайсың еш нәрсе,
Әкең барда - үйде күнде мереке.
Әкең берген жүз теңгеде хайыр бар,
Әке деген таусылмайтын береке!
Әкесі бар бала батыл келеді,
Қателіктен қорықпайды, себебі..
Құласа да, жыласа да, қолдайтын -
Әкесі бар, ол үшін жан беретін.
Әкелер тек қорғамайды өз ұрпағын,
Әкелердің мойнында ұлт, ел қамы.
Елі үшін қажет кезде жан берер -
Әрбір әке - қаһарман, өр тұлғалы!
Тарататын елге жаңа білімді,
Әкелетін елге алтын жүлдені.
Дамытатын өнердің сан-саласын,
Біздің елдің әкелері үлгілі!
Құрметтейтін ата-анасын, жұбайын,
Еркелеткен ұл мен қызын ұдайы.
Жасай берсін, біздің асыл әкелер,
Әкелерсіз өмір қызық болмайды!
Ғасыр жасап, аман жүрсін әр әке,
Тұтқа болсын бейбіт күнде мына елге.
Әкелермен шын бақытты бұл қоғам,
Тыныш заман жалғассын тек мәңгіге!
Гүлмекен Қасенбайқызы
10.11.2026
Кітап оқы
Кітап оқу - дана етеді баланы.
Кітап оқу - аналарды дамытып,
Гүлдендірер артта қалған қоғамды.
Кітап оқу - өзгертеді әкені,
Оқымайтын ерлер елге қатерлі.
Бос уақытын өлтірмейтін бос іспен,
Көп оқитын елдің жарқын ертеңі!
Естідің бе, елбасының ұранын?!
"Оқымысты ұлт" қолға алды жобасын.
Қағаз кітап оқу мүмкін болмаса,
Аудиомен тыңдай берші, шырағым!
Ыдыс жуып, мал бақсаң да тыңдағын,
Әр кітапта мың идея тұр жаным...
Тіліміздің бар байлығы кітапта,
Сөздік қордың пайдаланғын құнарын.
Кітап - ақша, идеялар табасың,
Кітап - бизнес, сатсаң пайда аласың.
Кітап - құрал, қиындықтан шығарар,
Кітаппенен талай жерге барасың!
"Оқы" деумен түскен көктен Құран да,
Оқитын ел - дамыған ел қашан да.
Автобуста кітап оқу сән болмай,
Барыс болып танылмаймыз жаһанға!
Сен де оқы! Мен де кітап оқиын,
Оқуменен өтсін апта, әр күнім.
Оқыған жан жасамайды жамандық,
Құлы болып кетпесе егер нәпсінің..
Кітап оқып, өзгерейік, кел досым!
Гүлмекен Қасенбайқызы
21.10.2026
Мұғалім асыл мамандық
көзқарасы жып-жылы..
Шәкіртіне таусылмайды мейірімі.
Тентек, қиқар, сотқар, бұзық болсаң да,
Қимастықпен қоштасады ол түбі..
Алыстаса баласынан ата-ана,
Сырласатын оқушымен оңаша.
Бірге жылап, бірге күлген баламен,
Мұғалімдер - адамдар ғой тамаша!
Махаббатын аямайтын баладан,
Ескертетін басқан сайын тың қадам.
Ашатұғын өзің білмес қырыңды,
Талантыңды дәл танитын бойыңнан.
Жігер берер, ұйықтап жатса дарының,
Үрлеп жағар, өшіп қалса жалының.
Ұстаз - ұста, шеберлікпен шыңдайтын,
Жаға білер әр шәкірттің жарығын!
Жантанушы, бала жанын зерттеуші,
Қайғың болса, сөзбен жазар емдеуші.
Жаттықтырар бала жадын күрескер,
Ұстаз - қалып, тезге салып жөндеуші.
Түрлі мінез, сан ұлттың баласын,
Ұйытатын ұйытқы - "Ұстаз-Анашың".
Ұстаз деген - жанашырың, жақының,
Он бір жылда бауыр басып қалатын.
Ел тарихын танытатын тереңнен,
Бәрін оқып, білім жиған кемеңгер.
Ұстаз - дана, ұлт ертеңін ойлайтын,
Кіл озатты дайындайтын шеберлер.
Атансаң да ел бас иген қаһарман,
Патша болғын, бола бергін бай адам.
Ұстаз алдын көрмей өскен мықты жоқ,
Шын мықтылық басталады оқудан.
Әлем түгел мойындаған адам бар,
Білім шыңын бағындырған ұлы бар.
Сол ұлыны құштар еткен білімге -
Қарапайым мектептегі ұстаздар!
Ұстаз деген - тәлім берер тәлімгер,
Шын ұстазды көргің келсе жарыс көр.
Шәкіртіне бар ақшасын шығындап,
Бір жапырақ қағаз үшін төккен тер.
Сыныбының намысы оның беделі,
Оқушыны перзентіндей көреді.
Оқымайтын баланың да әйтеуір,
Жақсы адам боп кетеріне сенеді.
Ең асылы мамандықтың - мұғалім,
Мұғалімнен ғалам сырын ұғамын.
Әр мұғалім дайындаса мың ғалым,
Ел аңсаған бай-шаттықты туар күн!
Гүлмекен Қасенбайқызы
25.04.2026
Адал азамат
(Жолдорба асынған әке мен бала сахнаға шығады. Орындыққа келіп отырып, әкесі баласына ақша береді.)
Әкесі:
- Балам, анау су сатып отырған ападан салқын су алып келші.. Мә, мынадан басқа майда ақша жоқ екен.
Баласы:
- Мақұл, әке! (Ақшаны алып, жүгіріп шығып кетіп, су алып келеді. Әкесіне ақшаның қайтарымын беріп, өзі бір қолына тиындарды жасырып тұрады.)
Әкесі:
- А, әкелдің бе?! Жарайсың! Тоқта, аш алақаныңды! Не жасырып тұрсың?
(Баласы ыңғайсызданып, кібіртіктеп алақанын ашады. Қолында тиын болады.)
Әкесі:
- Су қанша теңге тұрады екен?
Бала:
- Бес жүз..
Әкесі:
- Сен маған 1500 теңге әкеліп бердің. Қолыңдағы қандай ақша?
(Бала үндемей, төмен қарап тұрады. Әкесі ашуланып көзіне қарайды.)
Әкесі:
- Сатушы шатасып, ақшаны артығымен беріп жіберді ме?
Бала:
- Ия..
Әкесі:
- Неге қайтарып бермедің?
(Бала үндемей жерге қарайды)
Әкесі:
- Балам, ақша адал жолмен келсе - абырой, арам жолмен келсе - ұрлық! Қазір қызығып қолыңа ұстап тұрған 200 теңге, алдыңа қазылған ор! Үнемі осылай оңай келген арам ақшаға бойың үйренсе, өміріңнен қиындық кетпейтін болады! Ауру-сырқау, бәле-жала үйір болады. Қазақ ондай адамды "Құдай ұрған адам!" - дейді. Адал адамның ұйқысы тыныш, өзі бақытты болады.
Бала:
- Әке, кешіріңізші..!
Әкесі:
- Кешірімді менен емес, сатушыдан сұра! Жәй сұрама, кешіргенше сұра!
(Бала қуанып сахнадан шығып кетеді. Сатушымен қайта шығады.)
Сатушы:
- Амансыз ба! Мына бала сіздің ұлыңыз ба?
Әкесі:
- Шүкір! Өзіңіз де сау-сәлемет жүрсіз бе? Ия, менің ұлым.
Сатушы:
- Жаңа байқамай артық беріп жіберген ақшамды қайыра алып келіп, кешірсем де кетпей жатыр.. Не деген адал бала өзі?!
Әкесі:
- Негізі, артық бергеніңізді біліп, әдейі алып кетіпті. Кейін қателігін түсініп, ар-ожданы мазалап жатыр біздің баланы... Расымен кешіресіз бе?
Сатушы:
- Не деген жақсы тәрбие беріп отырсыз?! Сіз секілді әкелер көп болсын! Ұлыңыз екі өмірде абыройыңызды асқақтататын бала болсын! Шын жүрегіммен кешірдім!
Әкесі:
- Сізге де мың рақмет! Саудаңыз берекелі болсын! Мұңсыз болыңыз!
(Сатушы қуанып кетіп қалады. Әкесі баласына күлімдеп қарайды.)
Әкесі:
- Көрдің бе, балам! Жаңағы 200 теңге екі минуттық ләззат сыйлап, өмір бойы санаңнан кетпейтін өкінішке айналар еді.. Ал мына алғыс - көңілге қуаныш, жүрекке қаншама тыныштық сыйлап жатыр?!
Бала:
- Әке, кешіріңізші..?! Сәл болмағанда сізді жаманатты қылар едім.. Мен үшін ұялатын едіңіз..
Әкесі:
- Балам, қателіктен қорықпа! Қателік - жақсылықтың, дамудың басы. Бір қателікті қайталай беруден қорық! Әр қателіктен сабақ ал! Тек жақсылыққа бет бұр!
Баласы:
- Мақұл, әкешім! Бұдан былай нәпсіме ермеуге сөз берем! Сіз секілді әкем болғанына қуанамын, әрі сізді мақтан тұтамын!
Әкесі:
- Жә, балам! Адамды мақтасаң - тәкаппарлығы өседі, амалын мақтасаң - жақсы амалы көбейеді. Бей-берекет мақтай берме! Жүрейік?!
(Екеуі сахнадан кетеді. Кейін үшеуі бірге шығып, көрерменге сәл ғана бастарын иіп, тағзым етеді.)
Соңы.
Гүлмекен Қасенбайқызы
11.11.2026
Дана қыз
(Сахнаға мұғалім оқушы қыздарды ертіп шығады. Бір қыз жыртылған сөмкесін көтеріп, жылап тұрады)
Мұғалім:
- Ал айтыңдар, не болды? Не шу? Неге дәлізді бастарыңа көтеріп, шулап жүрсіңдер?
Інжу:
- Апай, Нұрай Асылымды итеріп, Асылым құлап қала жаздады.
Мереке:
- Інжу, Нұрай әдейі итермеді. Аяғы шалынып қалды ғой... Апай, Асылым Айзеренің сөмкесін жыртып алды. Содан шу шықты.
Мұғалім:
- Әдейі жыртты ма?
Асылым:
- Әдейі жыртпадым! Абайсыз тұрғанда артымнан әлдекім итеріп қалып, құлап бара жатып Айзеренің сөмкесінен ұстап, жыртып алдым, апай...
Мұғалім:
— Итерген кім?
Асылым:
— Нұрай!
Мұғалім:
— Неге итердің?
Нұрай:
— Апай мен әдейі істемедім. Кешіріңдерші қыздар! Абайсызда аяғым әлденеге шалынып, Асылымды иығыммен қағып жібердім. Енді байқап жүремін!
Асылым:
— Сен кеше де солай істедің? Күніге шалына беруің мүмкін емес!
Айкөркем:
— Апай, рұқсат етсеңіз бұл дауды мен шешсем бола ма?
Мұғалім:
- Шеше ғой! Рұқсат.
Айкөркем:
- Уа, құрбылар! «Балалық - бассыздық!» - дейді үлкендер. Нұрай тентектігі ұстап, жәй тұрған Асылымды итермесе, ешкім құламас еді. Асылым да қызық! «Жығылғанды жер көтереді!» Сөмке - зат. Зат - көп, ақша - қат! «Кісі киімі - кіршең, заты - бүлінгіш» келетінін білмеген бе? Жаратқанның жеріне қос қолын тірей құласа, қақ жарылмас еді ғой?! Айзерені де жақтамаймын. Сөмке - дүние! Дүние - адамнан құнды емес! Бірден көз жасына ерік бергенше, неге кешіріп, сабыр етпейді?!
Айзере:
- Жай сөз ешнәрсені шешпейді! Ақшасын төлесін! Анама не деймін? Ұрсады ғой?
Айкөркем: (сөмкені қолына алып, асықпай қарап шығып):
- Мына сөмке ары кетсе қара базарда бес мың теңге тұрады. Жыртығы тігістен кетіпті. Демек тігуге болады. Асылым үйіне ала кетіп, тігіп берсін. Анасы көмектесер. Ал Нұрай екі құрбысына екі шоколад алып берсін. Тәтті - көңілді көтереді, осылай араздық өтеледі! Келесі жолы ешкімді итермейді, ешкімге тимейді! Енді тисе жаза күшейеді. Құн - молаяды! Жалғыз Нұрай ғана емес, бұл сөз барлығымызға тиесілі. Не дейсіңдер?
Мұғалім:
- Тамаша төрелік, Айкөркем, қандай ақылдысың! Қыздар, шешімге разысыңдар ма?
Айзере:
- Әділ шешім! Мен разымын!
Асылым:
- Мен де!
Нұрай:
- Жарайды. Бірақ тәттіні ертең алып берейін?
Бүгін ақшамды жұмсап қойдым.
Асылым:
— Айзере, сөмкеңді босатып бер! Әдемілеп тігіп әкелейін?!
Айкөркем:
— Қыздар, шешімге расымен де барлығың разысыңдар ғой? Ешкімде реніш жоқ па?!
Барлығы бірдей:
— Реніш жоқ, разымыз! - дейді.
Інжу:
- Айкөркем, сені біздің сыныптың "әділқазысы" десек болады екен!
Мереке:
- Айтпа, баяғы замандағы Данагүл секілді! Бізге де осылай шешен сөйлеуді үйретші?!
Мұғалім:
— Ақылды оқушыларым менің! Қолынан шешендік өнер кітабы түспейтін ақылды Айкөркемім! Дау шешкен ақылыңнан айналдым! (Қыздарға қарап):
Аналарыңа мың алғыс, сендер секілді сөзге тоқтайтын текті қыздарды тәрбиелегеніне! Мен бүгін барлығыңа риза болып тұрмын! Қандай жақсы ұрпақ өсіп келеді?!
Айкөркем:
- Менің кішкене ғана ісіме үлкен мағына беріп, көтермелеп жатқандарыңызға ризамын! Рақмет апай! Рақмет қыздар! Атам қазақ "Аузында сөзі жоқтың, қойнында шоқпары жүреді" - деген. Әр нәрсені байыппен, ұрыс-керіссіз шешуді үйренгеніміз дұрыс!
Мұғалім:
- Өте дұрыс айтасың Көркем! Әр қазақ кез-келген дау-жанжалды ақылмен, сабырмен шеше білсе, ешкім-ешкіммен жауласпайды. Дауласпайды, соттаспайды! Ал енді бара қойыңдар! Ата-аналарың іздеп қалмасын!
Айкөркем:
- Сау болыңыз, апай! Жүріңдер қыздар..
(Қыздар кетеді. Мұғалім телефонына қарап)
Мұғалім:
- Қап, жаңа телефонға түсіріп алмаппын-ау! Инстаграмды жаратын контент болар еді... Кім, қыздар, Айкөркем, тоқтаңдаршы.. (Сахнадан кетеді)
Гүлмекен Қасенбай
12.09.2023
«Тосын сый»
Айша:
— Айым, әкеге тосын сый жасайықшы? Біздің әкеміз ең керемет әке болғаны үшін!
Айым:
— Айша, сен расында біздің әкемізді «ең керемет әке» - деп ойлайсың ба? Біздің үйіміз де, көлігіміз де, тіпті ақшамыз да жоқ қой?!
Айша:
— Солай-ақ болсын! Бұл уақытша ғой? Есесіне бізде әлемдегі ең мейірімді, ең күшті, ең еңбексүйгіш әке бар емес пе?
Айым:
—Ия.. Енді ол жағы рас. Бірақ...
Айша:
— Ешқандай «бірағы жоқ». Сабыр етсек бізде әлі сен армандаған нәрсенің барлығы болғанын көресің! Біз жоқ нәрселерге емес, бар нәрселерге назар аударайықшы..?! Санайықшы бізде не бар?
Айым:
— Әкеміз бен анамыз бар!
Айша:
— Денсаулығымыз бар!
Айым:
— Үйде татулық, тыныштық, мейірім бар!
Айша:
— Ата-анамыздың жұмысы бар!
Айым:
— Жейтін асымыз, таза, мөп-мөлдір суымыз, паналайтын үйіміз, тұрмыстық заттарымыз бар.
Біз қазір санай берсек, кешке дейін отырамыз. Одан да әкеге қандай тосын сый жасамақшы едің? Сол туралы айтшы?
Айша:
— Мен әкеме арнап өлең шығардым. Қазір келгенде оқып берейік? Соны айтқым келген...
Айым:
— Керемет! Әкелші, оқып көрейін..?
(Айша ұялып қағазға жазылған өлеңді береді. Айым жылдам оқып шығып, сіңлісін құшақтайды.)
Айым:
— Айша, сен қандай мейірімді, ақылды қызсың! Мен сені мақтан тұтам!
Айша:
— Рақмет, әпке! Мен де сізді жақсы көрем, мақтан тұтам! (Есік жаққа қарап):
— Әкем келе жатыр! Ас дайындайық? - деп, стол үстіндегі беті сүлгімен жабылған шыны-шәйнектерді ашып, қасықтарды қоя бастайды.
(Осы кезде сахнаға әкесі шығады.)
Әкесі:
— Ассаляму алейкум! Қалайсыңдар қыздарым? Аналарың әлі келмеген бе?
Қыздар:
— Уағалейкумуссалям әкетайым! Анашым жұмыстан енді шығыпты. Шаршамай келдіңіз бе?- деп, Айша әкесінің қолындағы заттарын алады. Айым леген мен құман әкеліп, әкесінің қолына су құяды. Қолын жуып, Айымның берген сүлгісіне қолын сүрткен әкесі:
— Бақытты бол! Көп жасаңдар, алтын қыздарым менің! - деп, екеуінің маңдайларынан сүйеді.
Айым әкесіне шай құйып береді. Айша ақырын әкесінің жанына келіп:
— Әкешім, біз сізге арнап өлең шығардық! Оқып берейік пе?- деп, еркелей қарайды.
Әкесі:
— Мәссаған, менің құлыншақтарым тек ақылды, аналарына көмекші ғана емес, әрі талантты, дарынды қыздар екен ғой...?! Қане, балапаным! Оқи ғойшы..?
Айша:
— Екеуміз кезекпен оқиық әпке? Мен жаттап алдым. (қағазды Айымға береді)
Айым:
— Баста!-деп Айшаға қарайды.
Айша:
— Әке, сізді жақсы көрем..
Мен үшін сіз ғажапсыз!
Мен туғалы еркелетіп,
Барын берген жомартсыз!
Айым:
— Не айтсам да орындайтын,
Берекенің көзісіз..
Әлі күнге арқалайтын,
Алып жанның өзісіз!
Айша:
— Ассақ-тағы тоғыз жастан,
«Бөбегім» деп ойлайсыз.
Әлемдегі бар жақсыны,
Бізге ғана сыйлайсыз!
Айым:
— Әке, сізді, жақсы көрем,
Мейірімдісіз нұр жүзді.
Тәтті әкеліп қуандырған,
Ұмытпаспын әр күнді.
Айша:
— Бізге қылған жақсылығың,
Мың есе боп қайтса екен.
Ұлы арманым: ізгі ұрпақ боп,
Жемісімді жегізсем...
Айым:
— Әке сіздің атыңызды,
Танытып кең әлемге.
Қуандырсам шаттандырып,
Болып елге өнеге!
Айша:
— Бізді ылғи мақтан тұтып,
«Құлыным» - деп жүресіз.
Біз үшін сіз әлемдегі —
Қымбат жансыз, білсеңіз...?!!
(Әкесі толқып, көзіне жас алып отырып қалады. Қыздары қасына жүгіріп келіп:
Айша:
— Әке, ұнамай қалды ма? Неге жылайсыз?
Айым:
—Әкешім, дұрыс емес бір сөз айтып қойдық па?
Әкесі қыздарын құшақтап, кезекпен маңдайларынан иіскеп:
— Жоқ, күндерім! Мен қуаныштан, бақыттан жылап отырмын. Жаратқанның маған сендер секілді ең жақсы ботақандарды сыйға тартқанына қуанып жылап отырмын!- дейді.
(Қыздар қуанып, күліп жібереді)
Айша:
— Әкетайым, анашым екеуіңіз аман болсаңыздар болды. Басқасы өз уақытымен бола береді. Біз сіздердің осы тату-тәтті қарым-қатынастарыңыздың мәңгі болғанын қалаймыз!
(Әкесі қалтасынан ақша алып, екі қызына береді.)
Әкесі:
- Міне, мына ақшаға балмұздақ алып жеңдер! Бүгіннен бастап әкелеріңнің табысы елу пайызға өсті!
(Екі қыз "алақайлап" қуанып, сахнадан шығып кетеді. Қыздарының соңынан қарап қалған әке, дауыстап алғыс айтады.)
Әкесі:
- Е, Жаратқан Ием! "Ұл бермедің" - деп өкпелегенімді кешіре гөр! Қызықты ұлдан көремін бе, әлде қыздан көремін бе, білмеймін...! Бірақ... маған өте саналы ұрпақ бергеніңе шексіз разымын! Бұл жалғанда әкеге перзенті алғыс айтып, құрмет көрсетіп, дұрыс бала болғанынан артық нәрсе жоқ екен..! Мен бақыттымын!
(Сахнаға қыздар шығып, үшеуі көрермендерге ілтипат білдіріп, бастарын сәл изеп, сахнадан кетеді.)
Гүлмекен Қасенбай
07.09.2023 жыл
Статьи автора
Статьи автора опубликованы на казахском языке.
Открыть на казахской версии