Өкпе мен кеуде қуысында пайда болатын деструкцияның түрлері өте көп. Солардың бірі — пиоторакс. Бұл екпе мен кеуде қуысының арасына іріңнің жиналуынан болады. Ірің сұйық немесе қою болады.
Пиоторакс кезінде хирургиялық ем кеуде қуысынан іріңді сорып алып, антибиотиктер енгізумен шектеледі. Бұл емді 2—3 рет қайталауға болады. Егерде сұйық ірің азайып, баланың жағдайы түзелсе, онда емнің нәтижелі болғаны.
Ал алғаш күннен-ақ ірің көп болса, оны инемен жуып тазалау тиімсіз. Сондықтан кеуде қуысына түтікше енгізіп арнайы сорғышпен (насоспен) іріңді сорып алады. Сонда ғана кеуде қуысындағы жиналған іріңді шамамен 2—3 күнде тазалауға болады.
Өкпе деструкциясы мен кеуде қуысының асқынуының көп тараған түрі — пиопневмоторакс. Оның да бірнеше түрлері бар. Алайда солардың бәрінде де бірыңғай емдеу әдісі қолданылады. Пиопневмоторакспен ауырғанда кеуде қуысына арнайы түтікше қойылады, ал түтікшенің жұмыс істеуі әр түрлі болады.
Пиопневмоторакс кезінде арнайы ірің жүретін түтікшенің бір ұшын сұйыққа енгізіп, ұшына басы кесілген резина байлап қояды, ірің өз салмағымен өкпе дем алған сайын төмен қарай ағады, ал кесілген резина клапан секілді ауаны, суды өкпе қуысына қайта жібермейді. Ал кеуде қуысында ірің көп болса, түтікшені іріңді тартып алатын арнайы насосқа қосады.
Пиопневмоторакста өкпе тесіледі, бронхы жолдарына, кеуде қуысына ауа, ірің жиналады. Көбіне ірің бітеп тұрған өкпе тесігі тыныс алуға қатыспайды. Ал өкпе тесігін бітеудің екі жолы бар. Біріншісі, кеуде қуысына операция жасап тесікті тігу, екіншісі, бронхоскоп аппаратымен өкпенің тесік жерін ішінен бітеу.
Операция арқылы кеуде қуысын ашып, өкпенің тесігін тігу, сәби үшін өте күрделі де ауыр операция. Мұндай операциядан өкпе тесігі толығынан жазылып та кете бермейді. Сондықтан да өкпе тесігін арнайы тығынмен бітеу. Өкпе тесігін бронхоскоп аппаратының көмегімен бітеуді поляк ғалымы Рафинский 1956 жылы ұсынған болатын.
Алайда осы тәсілдің медицина саласына кеңінен қолданылуына профессор В. И. Гераськиннің еңбегі ерекше. Ол бронхы тесігін бітеу үшін арнайы дайындалған поролонды пайдалаңды. Поролон өте жұмсақ әрі тұрған жерін зақымдамайды. Поролонды қайнатып, одан соң фурациллин салынған арнайы ыдыста сақтайды.
Пайдаланар алдында иодлиполмен майлайды. Тығындайтын поролонның өкпе бронхысынан 2—3 есе үлкен болғаны дұрыс. Сонда ол орнынан ілгері-кейін жылжымайдыВ. И. Гераськин бұл әдісті қолданғанда өкпенің бөліктерімен (доляларымен) ғана шектелген еді. Бұл тәсілмен өкпе тесігін табу да оңай болмайтын.
Оны бронхы тесігін іздеп-тауып, бітеу тәсілі деп атады. Өкпе тесігін алдымен өкпенің төменгі, содан соң ортаңғы, содан кейін жоғарғы бөлігін бітеу арқылы табатын. Әр бөлікті табу үшін балаға қайта-қайта наркоз беруге тура келетін. Мұның өзі өте ұзақ әрі қауіпті процесс. Қазірде өкпе тесігін тез табатын әдісті қолданып жүрміз.
Ол үшін бриллиант жасылы немесе метиллен көгін суға ерітіп өкпе қуысына түтікше арқылы керегінше жібереміз. Өкпе тесігі бронхының тесігі арқылы өте тез әрі дәл табылады. Содан кейін арнайы қысқаштың көмегімен өкпе тесігін поролонмен бітейді. Поролон тығынды 7— 8 күннен соң алып тастау қажет.
Себебі 7—8 күннің ішінде дем алмай тұрған өкпе тесігі бітеледі. Өкпенің белгілі бір уақытқа дейін дем алмауы, әсіресе, поролон тығынмен тесігін бітеуге, оның нәтижелілігі кейбір ғалымдар тарапынан сенімсіздік тудырды. Алайда, бұл емдеу әдісінің дұрыс екені тәжірибенің өзі дәлелдеп отыр.
Егер өкпенің ішінен оның тесігін бітеу әдісі алғашқы 8—10 күнде қолданылмаса тиімді болмайды. Өкпе және кеуде қуысы деструкциясының ең көп кездесетін түрлерінің бірі — пневмоторакс. Олардың да түрлері көп.
Пневмотораксты емдеу кезінде де кеудені инемен тесіп ауасын шығарады немесе кеуде қуысына түтікше қояды. Бұл әдістерден көмек болмаған жағдайда өкпе тесігін бронхоскоппен бітеу әдісін қолданады. Жоғарыда айтылған емдеу әдістерінен жазылмаған жағдайда ғана операция жасап өкпе тесігін қолмен тігеді.
Созылмалы өкпе деструкциясын хирургиялық жолмен емдеу өте сирек. Жалған киста, яғни булла өкпе қуысында 6 айдан артық тұратын болса хирургиялық емдеу әдісін қолдануға тура келеді. Оның себебі бос қуыстар кеудеде көп тұра берсе олар қайта қабынып ірің қалтасына айналады.
Созылмалы өкпе деструкциясы кезінде операцияны фиброторакс болған жағдайда ғана жасайды. Мұндай өкпенің сыртқы қабаты мен кеуде қуысы қабының арасында кеңістік болмайды, яғни сіңірлі тканьдер болады. Ол тканьдер өкпенің жиырылуына кедергі жасайды. Өкпе дем алмай, қан айналысы нашарлайды. Сондықтан өкпе қабаттарын бір-бірінен ажырату үшін операция жасалады. Сонда ғана өкпе дем алып, өз қызметін дұрыс атқара алады.
Өкпе деструкциясының алдын алу
Өкпе деструкциясын алдын алуға бола ма? Ауырған балаларға қандай күтім жасалынуы керек? Бұл сұрақтардың әрбір ата-ананы толғантары сөзсіз. Жалпы өкпенің қабынуы (пневмония), оның ішінде деструкция балалардың күтім жағдайына, тамақтануына, мезгілінде алған еміне тікелей байланысты десек артық айтқандық болмайды.
Тыныс жолдарына суық тиген баланы таза, кең бөлмеге жатқызады. Оның жастығын биік етіп, жаялықтарын уақытылы ауыстырып отыру қажет. Қолға алып көтеріп жүргенде кеудесін қыспай еркін ұстаған жөн. Өкпе деструкциясының профилактикасы дегеніміз, міне, осы айтқан барлық жайды қамтиды.
Өкпе деструкциясымен ауырған бала көп уақытқа дейін әлсіз, тез сырқаттанғыш келеді. Сондықтан да ол баланы мүмкіндігінше басқа балалармен, үлкендермен көп жақындата бермеу қажет. Баланы таза, ауасы кең, жылы бөлмеге жатқызған жөн. Ауруханада сақтаған режимді үйде де ұстаған дұрыс. Баланы күндіз 2—3 сағат ұйықтатқан пайдалы. Тамақтану режимін де 6 айға дейін сақтау ләзім.
Өкпе деструкциясын хирургиялық жолмен емдеу тәсілі.
Медиастенит ауруын емдеудің қандай тәсілдері бар.
Өкпе деструкциясын аурудың басқа түрлерінен ажырату.