Өкпе деструкциясының түрлерін анықтау үшін ренттенге түсіру керек. Егер ауру түрі екі-үш күн ішінде толық анықталмаса, оны жан-жақты тексеру қажет. Сол үшін ауырған баланың кеудесін рентгенге түсіреді.
Өкпе деструкциясының алғашқы фазасы — өкпенің белгілі бір бөлігінің тұтас қабынуы. Мұны да рентген арқылы тексергенде өкпенің белгілі бір бөлігі тұтас ағарып, яғни ауасызданып тұрғаны байқалады.
Сол ағарып ауасызданып тұрган бөліктен шекарасы өте анық емес, бірте-бірте өкпенің ауасы бар тканьдеріне ұласып кетеді. Қаншама байыптап қарағанмен өкпенің ауасыз бөлігінде өкпенің бүлінгенін білдіретін белгілер болмайды.
Қабынған өкпе тұсында, көбінесе әр түрлі абсцесстер пайда болады. Деструкциядан өршіген абсцестер өкпенің қабынған жерінде пайда болады, ол іріңдеген сіңірлі тканьдер қабатынан тұрады. Мұндай жағдайда рентген суретінде ішінде іріңі мен ауасы бар түрлі дөңгелекшелер пайда болады.
Өкпе деструкциясының тағы бір түрі ол буллалар. Булла дегеніміз ішінде ауасы бар өкпе ішіне орналасқан түрлі кеңістіктер. Олардың пайда болу жолын жоғарыда айттық. Булла өкпе деструкциясының жеңіл түрі. Рентгенге түсірген кезде бұл кезде өкпенің қабынудан жазылған жерінде жұқа қабатты дөңгелекшелердің пайда болғанын байқаймыз. Бұл дөңгелекшелер кейде өте тез үлкейіп өкпені қысуы да мүмкін, көбіне олар бірнеше күннен немесе айдан соң өздері қалай пайда болса, солай жоқ болып кетеді.
Рентген пленкасына түсірілген пиоторакстың негізгі белгісі қабынған жердің ағарып көрінуі, яғни ол жердегі іріңнің әсерінен рентген сәулесінің жақсы өтпей орны пленкаға ағарып түседі. Мұнымен бірге жүрек және оның тамырлары ауырмаған өкпе қуысына қарай ығысады.
Өкпенің қысылуы кеуде қуысындағы сары судың немесе іріңнің ұлғаюына тікелей байланысты. Ірің көп болмаса жүректе өз орнынан өте көп ауытқымайды. Рентген пленкасына түсірілген кеуде қуысының бұрыштарына баса көңіл аударған жөн. Пиоторакс немесе плеврит кезінде бұл бұрыштардың бәрі тұтасымен сұйыққа толып рентген пленкасында ағарып көрінеді.
Пиопневмоторакс — өкпеге ауа мен іріңнің жиналуы. Өкпенің ірің және ауа әсерінен қысылуын ғылыми тілде «коллапс» дейді. Яғни өкпе коллапсының ұзақтығы тесілген өкпе бронхысында қақпақшаның бар-жоғына тікелей байланысты.
Сондықтан да рентген пленкасында кеуденің ауру жағында қысылған өкпе, кеуденің төменгі жағындағы сұйықтық, үстінде мөп-мөлдір ауа көрінеді. Пиопневмоторакс рентген пленкасында жүрек және қолқа қан тамырларының кеуденің ауырмаған жағына қарай ығысуынан, өкпенің орынын ауаның басуы, кеуде қабырғаларының арасының кеңеюіненде білінеді.
Өкпе деструкциясына рентгеннің көмегімен диагноз қоюға болады, бірақ оның жалпы ағзаға әсерін ескеріп, басқа да жолдармен тексерген пайдалы. Ол жолдардың бірі қанның анализін алу. Өкпе деструкциясы кезінде қызыл қан түйіршіктері жылдам ыдырап, оның саны тым азайып кетеді. Оның үстіне қанның қызыл түйіршіктерінде түрі уланудың белгісі бар эритроциттердің жаңа түрлері пайда болады.
Қанның ақ түйіршіктері қалыпты санынан екі-үш есе артады, оның үстіне ақ қан түйіршіктерінің (лейкоциттердің) сапасында да ерекше өзгерістер болады. Мәселен, лейкоциттердің жаңа түрлері пайда болып құрамы солға қарай жылжиды.
Организмдегі қабыну салдарынан эритроциттердің электрондық қабаттарында да өзіндік бір өзгешеліктер пайда болады. Сондықтанда өкпенің деструкция түрінде қабынуында СОЭ-ның көрсеткіші шамадан тыс жоғары болады.
Зәр анализінің де өзіндік ерекшеліктері болады. Онда алғашқы күндері белоктардың саны көбейіп, әртүрлі эпителий клеткалары пайда болады. Осы өзгерістердің өзі улы заттардың, яғни нефротоксиннің бүйрекке тікелей әсерінен байқалады. Емделе келе бұл өзгерістер тез жойылады.
Қанның анализдерінен — организмдегі белоктардың жалпы санының азайғанын, ал оның ішінде өте нәзік бөліктерінің (альбуминдердің) тым көп өзгеріске ұшырағанын көруге болады. Мұнымен бірге организмдегі микроэлементтердің де мөлшері едәуір өзгеріске ұшырайды. Денедегі натрийдің мөлшері шамадан тыс көбейіп, ал калийдің мөлшері керісінше азайып кететінін анализден айқын көруге болады.
Өкпе деструкциясын хирургиялық жолмен емдеу тәсілі.
Өкпе деструкциясының түрлері және оны анықтау.
Өкпе мен кеуде қуысының деструкциясы және оның алдын-алу.
Өкпе деструкциясы дегеніміз не және ол қандай ауру ?