Қызылша (корь). Бұл аурумен сырқаттанған баланың халі қатты нашарлайды. Дерт жұққан алғашқы күндері баланың тамаққа зауқы соқпай, мұрнынан су ағып, жөтеледі. Көзі жасаурап, былшықтанады. Температурасы көтеріліп, жөтелі күшейе түседі. Көзі қызарып, жасаурап, жарыққа қарай алмайды. Еріндері кезеріп, тамақ ішкісі келмейді. 3—5 күн өткен соң ұртында ұсақ ақ теңбілдер пайда болады.
Тамағы қызарады. Күннен-күнге баланың жалпы жағдайы нашарлап, денесінің қызуы көтеріле береді. Ауырған күннен бастап арада 6—7 күн өткенде бетіне, құлақтарының сыртына, мойнына қызыл бөртпелер шығады, ал келесі күндері дәл осындай бөртпелер көкірегіне, қарнына, қолдарына, ал сонан соң шаттарына, аяқтарына шыға бастайды.
Егер ауру асқынбаса, баланың көңіл күйі бірте-бірте жақсарып, температурасы төмендейді, тамаққа тәбеті шабады. Ал бөртпелер қалай пайда болса, сол тәртіппен кете бастайды, яғни алдымен беттегі, құлақ сыртындағы, мойнындағы, сонан соң кеудедегі, қолдағы, арқадағы, қарындағы, шаттағы, аяқтағы бөртпелер кете бастайды. Теріде бөртпелердің орнында қоңыр теңбілдер қалады. Бұл теңбілдер 2—3 апта өткен соң барып кетеді.
Қызылшамен ауырған бала айналасындағы сау балалар үшін бірінші күннен бастап қауіпті. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері білінісімен тез арада дәрігерге хабарлап, ауру баланы сау балалардан оқшаулаған жөн. Ауру баламен бірге болған балалар 17 күн бойы бала бақшаға, мектепке жіберілмейді.
Қызылшамен ауырған бала үйде дәрігердің бақылауымен емделеді. Егер баланың жағдайы тіпті нашар болса, онда оны аурухананың оқшауланған бөлмесіне орналастыру керек.
Науқас бала ауырған күннен бастап төсекте жатуға тиіс. Егер ол жас нәресте болса, оны жиі- жиі қолға алып, ал ересек бала болса, төсек-орнын жиі-жиі ауыстырып, өзін әлсін-әлсін аударыстырып жатқызған дұрыс. Бұлай ету баланың өкпесінің қабынбауын қамтамасыз етеді.
Бөлменің ауасын жиі-жиі тазартып, күн сайын еденді, терезені, есікті сулы шүберекпен сүртіп отырады. Терезеден бөлмеге күн сәулесі жақсы түсуі тиіс, бірақ оның баланың бетіне түспегені дұрыс. Сырқаттанған бала шуды жақтырмайды, сондықтан да үйде тыныштық болғаны жөн, сонымен бірге тұмауратқан, гриппен және тағы да басқа сырқаттармен ауырып жүрген адамдардың науқас баланың қасына баруына болмайды. Өйткені ауырып, қорғаныс күші әлсіреген бала басқа ауру жұқтырып, жағдайын бұрынғыдан да нашарлатып алуы мүмкін.
Ауру баланың бетін күн сайын тамақ ішер алдында жуып, гигиеналық тазалықты міндетті түрде сақтау керек. Егер денесінің қызуы 38 градустан аспаса, науқас баланы шомылдыруға болады. Көзінің былшығын жиі-жиі тазартып отырады. Ол үшін 2 проценттік фурациллин ертіндісіне (1 таблетка фурациллинді бір стакан қайнаған суға езу керек) немесе бор қышқылының ертіндісіне (1 шай қасық бор қышқылын 1 стакан қайнаған суға езу керек) малынған мақтамен, таза орамалмен сүртіп отыру қажет. Бұл үшін дәрігер жазып берген көзге тамызатын сұйық дәрілерді де пайдалануға болады.
Баланың жақсы дем алуы үшін мұрнын да тазалап отырады. Алғашқы күндері баланың мұрнынан су жиі ағып, оны сүртіп алуға мүмкіндік болса, ал 2—3 күннен кейін мұрны қатты бітіп дем ала алмай қалады. Мұндайда сода ертіндісінің (жарты шай қасық соданы 1 стакан суға ерітіп) (3—5 тамшысын немесе сәл жылытылған 1—2 тамшы вазелинді (немесе кез келген өсімдік майын) тамызып жібітіп, мақтаны ширатып алып мұрынды тазартуға болады. Сонан соң дәрігердің нұсқауымен берілген сұйық дәріні тамызу қажет.
Ауыздың іші мен тіл қабынбас үшін, бала тамақтанып болған соң аузын қайнатылған таза сумен немесе марганцовкамен, фурацнллинмен немесе сода ертіндісімен шаю керек. Ал ересек балалар тістерін күн сайын щеткамен тазалап отырулары тиіс. Жас нәрестелерге қайнаған су, лимон қосылған шай, немесе минералды су ішкізген пайдалы. Еріндері кезеріп жарылса, вазелин, сары май немесе кез келген өсімдік майын жағуға болады.
Науқас баланың тамаққа тәбеті болмай, ас ішуден бас тартса, онда аз-аздан әрі жиі-жиі тамақтандырып отыру керек. Тамақтың сұйықтау болғаны дұрыс. Алманы және көкөністерді ауру балаға майдалап береді. Сырқат балаға сүт, әр түрлі жеміс-жидектердің шырындарын, көже, сорпа, булап пісірілген балық немесе басқа де еттер (құс, сиыр еттері) пайдалы.
Балаға жиі-жиі 3 проценттік глюкоза ертіндісін, рингер ертіндісін, жеміс-жидек шырындарын, минералды сулар берген дұрыс. Ал температурасы басылып, жағдайы жақсара бастағаннан кейін балаға бұрын ішкізіп жүрген тамақтарын біртіндеп бере бастауға болады.
Бала науқасынан айыққаннан кейін де үш-төрт апта бойына, кейде 2—3 айға дейін әл жиып, бұрынғы қалпына келе алмайды. Осы кезде баланың күтімі жақсы болуға тиіс. Тамағын мезгілінде беріп, түсте ұйқтауына көңіл бөлу және таза ауада жиі серуендеуіне, ойнауына назар аударған жөн. Баланың тамақ рационында әр түрлі көкөніс, жеміс-жидек және шырындар, шағын мөлшерде бал да пайдаланған дұрыс.
Біздің елімізде қызылшаға қарсы егу жаппай қолға алынған. Балаға алдын ала қызылшаға қарсы егу жұмысы дұрыс жүргізілсе, онда ол ауырмауға тиіс. 15 айлық балаға бір-ақ рет егеді. Егудің нәтижелі болуы үшін оны бала сау кезде жүзеге асыру керек. Егу баланың көңіл-күйіне айтарлықтай әсер етпейді, кейде 7—11 күн өткеннен кейін аздап денесінің қызуы көтеріліп, мұрнынан су ағады, аздап жөтеледі, денесіне қызылшаға ұқсас қызғылтым бөртпелер шығуы мүмкін. Бірақ, бұл жағдай көпке созылмайды, тез өтеді.
Қызылша — вирустан тарайтын жұқпалы ауру. Негізінен 1—7 жастағы балалар ауырады. Ауру қоздырғыш вирустар түкірік, қақырық немесе балалардың ойыншығына жабысқан шаң-тозаң арқылы жұғады.
Ауру қабынудан басталады: дене қызуы көтеріледі, тұмау мен құрғақ жөтел пайда болып, даусы қарлығады, көзден жас ағып, ауру бала жарыққа қарай алмайды. Ауру басталғаннан кейін төртінші күні баланың маңдайында, құлақ түбінде, бүкіл бетінде, денесінде және аяқ-қолында бөртпе пайда болады.
Бөртпе шыққаннан кейін науқас баланың жағдайы ауыр болуы мүмкін. Бұл кезде оның дене қызуы көтеріліп, беті ісінеді. Ал 4—5 күн өткен соң бөртпе бозғылттанып, қабыршақтана бастайды. Мұны айығу кезеңі деп атайды.
Қызылша қауіпті ауру емес. Бірақ, дұрыс емдемей, ауру асқынып кетсе, өкпе немесе ортаңғы құлақтың қабынуына әкеледі. Қызылшамен бір рет ауырған адамда иммунитет пайда болады да, ол екінші қайталап ауырмайды.
Қызылша ауруы жайлы қосымша ақпарат
Қызылша — балаларда жиі кездесетін өте жұқпалы ауру. Егер қызылшамен бала жас кезінде ауырмаса, онымен адам үлкейгенде де ауыра береді. Бұл ауруды вирус қоздырады, ол ауру баладан сау балаға ауа арқылы жұғады. Вирус ауамен араласып, қатардағы бөлмелерге, коридорларға тез өтіп шығады. Сондықтан дені сау бала ауру баламен бір бөлмеде болмаса да қызылшаны жұқтырып алуы мүмкін.
Қызылша 9—17 (егілген балаларда 21—28) күн шамасындай жасырын жүреді де, кейін оның белгілері біліне бастайды. Қызылшамен ауырғанда алдымен көз, ауыз және жоғары тыныс жолдарының кілегей қабықтары қабынады. Баланың ыстығы көтеріліп, денесі ауырлайды, жөтеледі, түшкіреді, екі көзі жасаурап, жарыққа қарай алмайтын болады. Ауыздың ішкі кілегей қабығында ақ түсті ұсақ теңбілдер пайда болғаны байқалады. Бұл қызылшаның денеге бөртпе шықпай тұрғандағы айқын белгілерінің бірі.
Аурудың екінші кезеңінде (ауру басталған күннен бастап санағанда 3—4 күн өткеннен кейін) баланың жалпы халі ауырлайды, дене қызуы онан әрі көтеріліп, 39—40 градусқа жетеді, денесіне ірі қызыл бөртпелер шыға бастайды. Алғашқыда қызыл бөрткен баланың бетіне, тамақ астына, құлақ сыртына, екінші күні кеудесіне, қолына шығады. Үшінші күні бөртпе іштің төменгі жағына және аяғына шығады.
Бөртпе шыққан кезде бала өте мазасызданып, жөтелі күшейеді, дауысы қарлығады. Егер бала қызылшаның ауыр түрімен ауырса, онда ес- түсін білмей, сандырақтап жатады. Бала мұндай халде 4—5 күнге созылады. Содан кейін денедегі бөртпелер бірте-бірте жоғалып, денеде қоңыр дақтар қалады. Мұны қызылшаның пигментациясы деп атайды. Баланың температурасы төмендеп, жөтелі азаяды, сөйтіп ол жазылуға бет алады. Бөртпелер басылғаннан кейін баланың терісі қауыз сияқтанып түлей бастайды.
Қызылша асқынбаса, арнаулы емді керек етпейді. Бірақ ауырған баланың өзіне лайықты күтімі болуы керек. Ал қалай күту керек екенін емдеп жүрген дәрігерден сұрап, оның айтқандарының бәрін орындап отырған жөн.
Баланың киімін, төсек-орнын таза ұстап, жатқан бөлмесінің ауасын мезгіл-мезгіл желдетіп отыру керек. Кейбір аналар баланың көзіне жарық түспесін деп терезені қараңғылайды. Бұл дұрыс емес, өйткені күн сәулесі де ауру балаға өте пайдалы. Тек күннің көзі немесе шамның жарығы ауырып жатқан баланың көзіне тура түспейтін болсын.
Баланың көзін бор қышқылының 2% ертіндісімен немесе салқындатылған қайнаған сумен жуып тұрған жақсы. Ал баланың әрбір көзін өз алдына бөлек мақтамен жуған дұрыс. Көзді жуғанда дәріге батырып алған мақтаны мұрынға қарай жүргізе жуу керек.
Ауру балаға көбінесе жеміс, көкөніс және сүттен пісірілген жеңіл тағамдар берген пайдалы, ыстығы көтерілген кезде әлсін-әлсін қайнаған салқын суды немесе жеміс шырынын ішкізу керек. Жас баланы қызылшамен ауырған кезде емшектен шығаруға болмайды, өйткені ана сүтінде әр түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін күшейтетін заттар бар.
Қызылшаны жеңіл ауру, емдемей-ақ бала жазылып кетеді деп есептеу дұрыс емес. Қызылшадан кейін ауру асқынбаса да, бұл организмнің қорғану күшін әлсіретеді. Сондықтан бала басқа ауруларға тез шалдыққыш келеді. Әсіресе бұрыннан денсаулығы нашар және бір жасқа толмаған жас балалар қызылшамен қатты ауырады. Басқалардан гөрі мұндай балалардың өкпесі жиі қабынады.
Өкпе қабынуының клиникалық ерекшеліктерін және ауырған баланы емдеп күтудің әдісін «жас баланың өкпе қабынуы» деген кітапшаны оқуға болады.
Қызылшамен ауырып әлсізденген балалардың ауызы жиі уылатын болады (стоматит). Аузы уылғанда тістің еті, тіл, таңдай, кейде жұтқыншақтың, әр жері күлбіреп ағарады. Күлбіреген жерлер кейін жараға айналып кетеді, баланың ыстығы көтеріліп, жалпы көңіл- күйі нашарлайды, ұйқысы бұзылады, тамақ іше алмайтын болады.
Ауызы уылған балаға С витамині көбірек жұмсақ тағамдарды жылытып сұйық етіп берген пайдалы.
Ауруды емдеу әдісін дәрігер белгілейді. Тағайындалған дәрі-дәрмекті ішкізумен қатар баланың аузын түрлі дәрілермен, атап айтқанда марганец қышқылды калий, ривакол, таннин, ерітінділерімен шаяды.
Ауыздың уылуын болдыртпаудың басты шарты — қызылшамен ауырған баланың ауыз кілегей қабықтарын ұқыпты күту.
Қызылшада болатын асқынудың түрі — жоғарғы тыныс жолы кілегей қабықтарының қабынуы. Мұның өзі баланың өміріне өте қауіпті.Жас баланың тамағы бітіп тынысы тарылып, демалысын қиындатып, өміріне қауіп төндіреді.
Қызылшадан кейін баланың организмі дифтерия ауруына да шалдыққыш келеді. Сондықтан егер қызылшадан жазылып келе жатқан кезде баланың тыныс тарылғаны байқалса, оның не себептен болғанын анықтау қиынға соғады. Баланы тезірек дәрігерге көрсетіп сақтық ретінде дифтерия ауруын емдеуде қолданатын шараларды істеу қажет.
Қызылшамен ауырған балада былақ ауруы да (құлақ ішінің қабынуы) кездесіп қалады.
Былақ болған баланың құлағы шаншып, солқылдап ауырады, дене қызуы көтеріледі, ұйқысы қашады. Ол басын шайқап, жылай береді. Егер құлағы іріңдеп, жиналған ірің тұрып калса, бала қатты азап шегеді.
Ауруды емдеу әдісін мұндайда дәрігердің өзі белгілейді. Ол тиісті дәрі-дәрмекті қолданумен қатар қажет болса құлақ ішіндегі дабыл жарғақты тесіп, тұрып қалған іріңнің ағып кетуіне жол ашады. Осыдан кейін ауру бәсеңдейді. Аяғына дейін мұқият емделмесе былақ созылмалы түрге айналып кетуі ықтимал. Мұндайда құлақтан ірің аздап ағып жүреді. Ауру бірде бәсеңдеп, бірде күшейіп кетеді. Ауырған құлақ бара-бара шала еститін болып қалуы да мүмкін.
Былақтың асқынуынан бас сүйектің іріңдеуі немесе құлақ ішіне жиналған іріңнің миға шабуы бала өміріне өте қауіпті. Соңғы жылдарда әр түрлі антибиотиктердің арқасында бұл аурулар сирек кездесетін болып жүр.
Сонымен былақ ауруына жеңіл қарауға болмайды. Құлағы ауырған баланы уақытын өткізіп алмай, дер кезінде дәрігерге көрсетіп емдеу керек.
Қызылшамен ауырғаннан кейін білінбей жүрген дизентерия, туберкулез ауруларының да өршіп кететінін естен шығармау керек.
Асқынып кетеді-ау деген жағдайда дереу дәрігерді шақырып, үйде емдеуге мүмкіншілік болмаса, баланы ауруханаға орналастырған жөн.
Дәрігердің белгілеуі бойынша жұмсалған антибиотиктер қызылшаның әр түрлі асқынуларын емдеуде жақсы нәтиже береді.
Қызылшамен ауырған баламен араласып жүрген 4 жасқа дейінгі сау балаларды қызылшаға қарсы еккізу керек. Балаларды 21 күнге дейін сау балаларға қосуға, балалар мекемелеріне жіберуге болмайды. Мұндай сақтық шаралары тек медицина қызметкерлері арқылы ғана жүргізіледі. Сондықтан қызылшамен ауырған баланы дереу дәрігерге көрсету керек.
Баланы кызылшадан алдын ала сақтау үшін ектірудің пайдасы зор. Егілген бала қызылшамен ауыра қалған күннің өзінде де оның ауруы егілмеген балаларға қарағанда жеңіл өтеді. Сондықтан бұл шараны ата-аналар күнілгері қолданулары керек.
Мына жазбаларды да оқуға кеңес береміз:
Құлақтың қабынуы Отит ауруының негізгі белгісі.
Тонзиллит ауруының негізгі белгілері себебі мен салдары.
Кризис термині медицинада қандай мағына береді?
Өкпенің қабынуы сипаттамасы және негізгі белгілері.
Кызылша ауруы неден пайда болатынын билдим
Қызылша ауруы қанша күн денеде жүретінін білдім.