Дидактикалық ойындар жинағы

Алғы сөз
Әр баланың өмірге қадам басқандағы алғашқы әрекеті бұл – ойын. Ойын арқылы бала өзінің күш-жігерін жұмсап, сезініп, білдіруге мүмкіндік алып, айналасындағылармен қарым-қатынас жасауға үйренеді. Оқыту барысында балалардың жеке басының қасиеттерін, мінез-құлқын, ойлау қабілеттерін ойын арқылы түзетуге, дамытуға болады. Сондықтан кез-келген сабақты өткізу үшін дидактикалық ойындарды қолдана білу керек.
Дидактикалық ойындар тәрбиелеудің аса маңызды құралының бірі болғандықтан, ол балалар меңгерген дағдыларды бекіту немесе үйрету үшін ғана емес, сол алған білімдерін іс-әрекетте пайдалана білуге, жұмыс барысындағы икемділік дағдыларымен қарулануға, ақыл-ойының дамуына, танымдық белсенділігінің арттыруына, өз бетінше әрекет етуіне жәрдемдеседі.
Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық ойынның танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады.
Төменде арнайы түзету мектебінің бастауыш сынып оқушыларына арналған дидактикалық ойындардың мазмұны, ойынды ұйымдастырудың әдіс–тәсілдері көрсетілген. Дидактикалық ойындар балалардың қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай жас шамасына лайықты түрде, жүйемен топтастырылды. Әр пән бойынша ойын түрлері көрсетілді.
Дидактикалық ойындардың жинағы оқыту нәтижесі ұтымды болуы үшін және балалардың сабаққа қызығушылықтарын арттырып, танымдық қабілеттерін жетілдіру мақсатында жинақталды.

балаларға дидактикалық ойындар

Қазақ тілі

«Жаңа сөз ойла»
Мақсаты:«А» дыбысы бар сөз ойлату, сөздік қорын молайту.
Көрнекіліктер: қоржын, асықтар.
Ойынның барысы: Балалар «А» дыбысынан басталатын сөздер ойлайды. «А» дыбысынан басталатын сөздерді кім көп ойласа, соған
асық беріледі. Асығы көп бала жеңімпаз атанады.
***
«Орамал тастамақ»
Мақсаты: өткен дыбыстарды қайталау, сөздік қорын молайту, ойлау қабілетін, қиялын дамыту.
Көрнекіліктер: орамал, кеспе әріптер.
Ойынның барысы: Ойын кезінде өтілген дыбысты айтып, балаға орамал лақтырады. Бала сөз ойлап, қайта мұғалімге лақтыру керек. Осы дыбыстардан сөз құрап, тақтаға кеспе әріптер арқылы жаздырады.
***
«Қай буынды жоғалттым?»
Мақсаты: буын туралы түсінік беру, сөздерді буынға бөлуге үйрету, ойын дамыту.
Көрнекіліктер: ойыншықтар, суреттер.
Ойынның барысы: Тақтаға ойыншықтардың суреттері ілінеді. Мұғалім бір ойыншықтың бастапқы буынын айтады, оқушылар қай ойыншық екенін айтады.

«Сөз ойла, тез ойла»
Мақсаты: өтілген дыбыстар туралы балалардың білімдерін бекіту, ойлау қабілетін, қиялын дамыту.
Көрнекіліктер:суреттер, ойыншықтар.
Ойынның барысы: Мұғалім өтілген дыбыстардың біреуін атайды, балалар сол дыбысқа сөз ойлайды. Сөзді дұрыс айтқан балаға ұсақ ойыншықтардан бір-бірлеп беріп тұрады. Сөзді көп әрі дұрыс ойлаған болса, көп ойыншыққа ие болады. Кімнің ойыншықтарының саны артық болса, сол бала ұтады. Балалар осы сөздерге сөйлем құрап, әңгімелейді.
***
«Балықшы»
Мақсаты: алған білімдерін тиянақтау, ойлау қабілеттерін дамыту.
Көрнекіліктер: аквариумнің суреті, балықтар.
Ойынның барысы: Балалар суреттегі аквариумнан балықтарды аулап алады да, балықтың артындағы қандай әріп екенін тауып, сол әріпке сөз құрау қажет.
***
«Жоғалған әріптер» ойыны
Ойынның мақсаты: оқушыларды сауатты жазуғадағдыландыру. Қазақ тіліне тән дыбыстарды қайталау, сабаққа қызығушылықтарын арттыру.
Ойынның шарты: Сынып екі топқа бөлінеді. Тақтаға 10 сөз жазу.
Мысалы: к…гершін, балдыр…ан, ән…ран, к…тап, к…ктем, …же, …ңгіме, о…ушы, айда…ар, а…
Қай топ керекті әріптерді дұрыс құрастырса, сол топ жеңіп шығады.

«Заттың атын ата»
Мақсаты: заттарды көріп сипаттау арқылы балалардың сезімталдығын дамыту, қоршаған орта жайлы танымдарын кеңейту, сөздік қорын дамыту. Заттарды сипаттау барысында сөздерді орынды қолданып, дыбыстарды дұрыс айту арқылы баланың тілін жетілдіру.
Көрнекілік: ыдыс, суреттер (көкөністер, жемістер) мульяж, қоржын.
Ойын шарты: Әр түрлі жемістер, немесе көкөністер суреттері, мульяждары салынған ыдыстан бала бір затты алады. Сонан соң сол затты жан-жақты сипаттайды және заттың атын атап, түр-түсін ажыратады. Мысалы, бала ыдыстан немесе қоржыннан алманы алып, пішінін, түсін, дәмін және қасиеттерін айтады. Немесе баланың көзін байлап қойып, қоржыннан бір затты алғызады. Ол оны сипалап, не екенін ажыратады да, сипаттайды, атын айтады.
***
«Зообаққа орналастыр»
Мақсаты: заттың көлеміне қарап, салыстырып, талдау жасауға үйрету. Жабайы аңдар мен жануарлары, құстардың дене бітіміне қарап зообаққа орналастырып, оларға қамқоршы болуға тәрбиелеу. Сөздік қорын молайту, ауыз екі сөйлеуін жетілдіру.
Көрнекіліктер: зообақ торлары, әр түрлі жануарлар, аңдар, құстар.
Ойын шарты: Зообаққа әкелінген аңдар мен құстар, үй жануарларын торларға орналастыру қажет. Балалар пілді, түйені үлкен торға, қоян, тиін, т.б. кіші торға орналастыруы керек. Бала неліктен олай орналастырғанын, яғни піл үлкен, қоян кіші, сондықтан үлкен торға пілді, қоянды кіші торға орналастырғанын айтады.

Оқу және тіл дамыту

«Сөзге сөз қос»
Мақсаты: басталған сөзге сөз қосып, сөйлем құрастырып айта білуге шапшандыққа, зейінділікке баулу. Балалардың шығармашылық тілдік қызметін дамыту.
Көрнекілік: шар, алма, ойыншықтар.
Ойын шарты: Балалармен жеке немесе екі топқа бөлініп өткізуге болады. Мұғалім сөзді айтады, балалар сөйлемді тез аяқтайды. Мысалы:
Алма .
Сәуле .
Шар .
Ойын соңында жеңімпаз бала немесе жеңімпаз топ анықталып аяқталады.

***
«Сұрақ – жауап» ойыны
Ойынның мақсаты: сұрақтарға дұрыс, әрі тез жауап беруге дағдыландыру.
Ойынның шарты: Сыныпты екі топқа бөлу. Әр топқа сұрақтардың суретті жауаптары жазылған карточкалар тарату. Сұрақ оқылғаннан кейін оқушылар дұрыс жауабын көрсетеді. Қай топтың дұрыс жауаптары көп болса, сол топ жеңеді.
Сұрақтар:
1. Сөмкеде не жатыр?
2. Біраптаданешекүн бар?
3. Асханадакім бар?
4. Сыныптанешетерезе бар?
5. Бір қолда неше саусақ бар?
6. Жазда ауа райы қандай?
7. Мектеп неше қабатты?
8. Күзде не сарғаяды?
Керекті суреттер: қалам, жеті, аспаз, екі, бес, ыстық, үш, жапырақ.

Математика

І. Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастырудан дидактикалық ойындар.
«Үй құрастырайық»
Мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін, қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту.
Құрал-жабдықтары: баланың саны бойынша әртүрлі түсті жолақтар, пішіндер, үй суретінің үлгісі.
Мазмұны: Балаларға үйдің суретінің үлгісін көрсету. Балаларға әртүрлі жолақшаларды, пішіндерді таратып беру. Үлгіге қарап осы пішіндерден үйді құрастыруды ұсыну.
***
«Өз үйіңді тап»
Мақсаты: түстерді ажыратуға жаттықтыру; қабылдауын дамыту; ойынның ережесін сақтауға үйрету.
Құрал-жабдықтары: түрлі-түсті дөңгелектер.
Мазмұны: Балаларға түрлі-тісті дөңгелектер тарату, түсін атау. Үйлерін көрсету. Белгі бойынша балалар дөңгелектерінің түсі бойынша үлкен шеңберлерге тұра қалады.
***
«Сиқырлы қапшық»
Ойынның мақсаты: заттарды белгілі бір қасиеттері бойынша салыстыруға, топтастыруға үйрету.
Ойынның құрал-жабдықтары: түсі, өлшемі, пішіні бойынша әр түрлі ойыншықтар.
Ойынның мазмұны: Балалар «Сиқырлы қапшықтың» ішіндегі затты ұстап көріп, пішінін анықтайды, ойыншықты алған соң атын атап, түсін айтады.

Пікірлер3
  1. Дилбар

    Дидақтикалық ойындарды сабақта қолдану арқылы балалардың қызығушылығын арттыруға жақсы екен

  2. Мадина

    Өте керемет,жақсы жасалған! Сабақтарда қолдануға ыңғайлы әрі ең құнды дүниелер. Тамаша!

  3. Арай

    Балалардың ойынның ұшқырлығын дамыту үшін осындай дидактикалық ойындарды жие өткізу керек. Өте тамаша.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ