Бала шақтан болашаққа

Шашын қатырып өріп, ақ бантик таққан сары, томпақ қыздың ешкіммен ісі болмайтын. Қоңырау соғылған сәтте орнынан табылатын. Ал мына қағылез, шашы қысқа қыз сыныпқа мұғалімнің келгенін аңғармай да қалатын. Осылайша сыныптағы әрбір ұл мен қыздың жеке ерекшелігін тізе беріп тауыса алсақшы..

Мектепті бітіргенімізге 24 жыл! Сол балауса балғын кездеріміздің бәрі артта қалып, қимас сәттерді сағынышпен еске алдық. Адамның кезеңдерін бөліп қарайтын болсақ, соның ішіндегі ең қымбаттысы- оқушы кез екені анық.Уайымның, қайғының не екенін білмей, киім көк, тамақ тоқ, алаңсыз өткен оқушылық кезең әрбір адамның қызық пен қуанышқа толы бір сәті екен.

Қызық..Кешегі «мұғалім болмаймын» деп Шахима апайға қыңыраятын қызымыз дәл осы мектепте мұғалім болса, дәрігер болуды қаламайтын қызымыз қалада білікті дәрігер. Әр жерге сепкен дәндей сыныптастарымыз — әр мамандық иелері.Әңгімеміз амандық-есендіктен соң оқушы кезеңге бұрыла берді. Оқушылық кездегі әңгімеміз таусылар емес. Қыздарға қырғидай тиетін ұлдар-салмақты әкелер. Шіркін сол кез қайта оралса ғой дейміз… Сол кезде жіберген қателіктердің де орнын түзетер едік дейміз…

Бала шақтан болашаққа

Заңғар таулар алыптықты, кең дала дархандықты, теңіздер шексіздікті бейнелегені сияқты, адамның балалық шағы-пәктіктің, таза адами көзқарастың көрсеткіші іспетті. Өйткені ол кез жасандылықтан, қулық, арамдықтан ада кез емес пе? Бүгінде мен сыныптастарымды әр жерге туын тігіп, шаңырақ көтерген, рухани қуатын балаларының болашағына жұмсайтын жандар деп бағаласам артық болмас.

Осындай әр баланың қоғамдық көзқарастарының қалыптасуына атсалысқан, дұрыс бағыт сілтеген ата-анадан кейінгі тәрбиеші-ұстаздарға мың алғыс! Әр ұстаздан бойымызға сол кісілерге ұқсауға тырысып, үлгі етерлік бір-бір жақсылық сіңірдік. Оқушылық қимас сәттермен қоса, ұстаздарды да еске ала отырып, балалығымыздың да алыстап бара жатқанына өкінетіндейміз…

Бұрынғы кез болса сағынышқа толы хаттар келетін еді. Ал қазір электронды поштамызға әзілге толы хаттар келетінін айтамыз. Қырықтың қырқасынан шыққан әкелер мен аналар енді балаларымыздың бақытты ғұмыр кешкенін қалап, жүрекжарды тілегіміздің қабыл болуын тілейміз! Ақын Қазыбек Исаның мына бір өлең жолдарын еске түсіріп, «шіркін, біздің бал балалығымыз!» деп сағынышпен айтамыз.

Балалығым алыстап қалды-ау менің,
Бал күндерім қияға самғау ма едің?..
Жүйке бұзар тірліктен жүдегенде,
Сен есіме түсесің Балдәуренім.
Барлық істі бір сәтке доғарайық,
Балалықты ұмыту болар айып.
Сол күндердің соғып тұр қоңырауы,
Алтын ұя мектепке оралайық!- дей келе алыста жүрген сыныптастарымды мамырда болатын «Туған жерге тағзым» атты үлкен шараға шақырамын.

Райгүл Искакова «Өкпеті» орта мектебінің мұғалімі Тарбағатай ауданы Үштөбе ауылы

Пікірлер1
  1. Гулзира

    Мақаланың тәрбиелік мәні зор. Бала шақтан болашақ туралы ойланып , кім боламын? нені қалаймын? не жақсы? не жаман ? деген сұрақ төңірегінде ойлауға іс әрекетін саралап,и талдап үйрету шарт.

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ