Тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға арт-терапияларды қолдану

Тірек қимыл аппараты бұзылған балаларға арт-терапияларды қолдану арқылы түзету жұмыстарын жүргізу. Кез келген мемлекеттің өркендеуі онда өмір сүретін халықтың білім деңгейімен және денсаулығымен бағаланады. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050 Стратегиясында-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында даму мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамдық ортаға кіріктіру мәселелеріне зор көңіл бөлу қажет екені көрсетілген.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде мүмкіндігі шектеулі балаларға айрықша орын бөлінген. Қазақстан Республикасының «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» заңы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетудің тиімді жүйесін жасауға, Қ.Р «Білім туралы» заңында белгіленген тәртіппен білім беруге, оларды тәрбиелеуге, еңбекке және кәсіби даярлау ісіне байланысты проблемаларды шешуге, кемтарлықтың алдын алуға бағытталған.
Қазіргі кезде әлеуметтік көмекке мұқтаж болып отырған және түрлі сырқаттарына байланысты әр түрлі кемістіктері бар, созылмалы ауруларға шалдыққан балалардың саны күннен-күнге көбейіп келеді. Бұлардың қатарында тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар да бар. Көптеген жылдар бойы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар арнайы мамандардың, яғни мұғалімдер, психологтар, логопедтер мен дәрігерлердің ерекше назарында болып отыр. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың даму ерекшеліктеріне байланысты білім беруде арнайы мекемелерде оңалту, білім беру мен тәрбиелеу жүйесі құрылды. Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі 138 513 баланың 20 279 (14,6%) тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар санын құрайды.

балаларға арт-терапияларды қолдану
Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың дамуындағы артта қалушылық түрлі кемшіліктердің полиморфтылығымен түсіндіріледі. Көптеген зерттеулер қорытындысы бойынша тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларда жүйке жүйесінің зақымдануы жиі кездеседі.
Тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларда бастапқы кемістік қозғалтқыш ауытқуы болып табылады (қозғалтқыш қызметтерінің жетілмеуі, бұзылуы немесе мүлдем жойылуы). Мұндай ауытқулары бар балалардың арасында көпшілігін балалардың церебральдық сал ауруымен ауыратын балалар құрайды (89%).
Осындай патологиясы бар балалармен жүргізілетін психологиялық-педагогикалық және логопедиялық түзету жұмыстарының негізгі бағыттары мен жолдары бірнеше онжылдықта әзірленіп, әртүрлі мекемелердің тәжірибесінде кеңінен қолданылып жатыр. Тірек- қимыл аппараты бұзылған балалардың психикалық кемшіліктері, жүргізілетін коррекциялық-педагогикалық жұмыстары Л.А.Данилова, И.Ю.Левченко, Е.М.Мастюкова, О.Г.Приходько, Н.В.Симонова, Г.В.Кузнецева, И.В.Смирнова, К.А.Семенованың еңбектерінде толық зерттелген.
Ресейлік ғалымдар Л.А.Данилова, М.В.Ипполитова, Е.М.Мастюкова, Е.Ф.Архипова және басқалары мұндай балаларды өмірінің алғашқы айларынан бастап-ақ арнайы оқыту мен тәрбиелеу қажеттілігін негіздеді. Олар негізгі мақсаттарды көрсетіп, сәбилік, ерте және мектепке дейінгі жаста жүргізілетін түзету жұмыстардың мазмұны мен әдістерін ашып, және оларды ерте бастаған жөн екенін түсіндіріп, дұрыс түзету әрекетінің жағдайлары кезінде аса тиімді екенін дәлелдеді.

арт терапия
Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың 40-50%-да психикалық дамудың тежелуі, 10%-да түрлі дәрежедегі ақыл-ойдың кемістігі көрініс табады. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға түзету жұмыстарын жүргізуде арт-терапияларды қолдануды ұсынуды жөн көрдік.
Арт-терапия- бұл өнермен емдеу дегенді білдіреді. Арт-терапия даму үстіндегі психотерапияның жаңа түрі болып есептеледі. Арт-терапияның мақсаты- жеке тұлғаның қоршаған ортамен үйлесімді дамуы, ортаға әлеуметтік бейімделудің кеңеюіне мүмкіндіктерін жоғарылату.
Өнерді балалардың психикалық дамуы ретінде қарастыру, балалармен жұмыс кезінде өнердің тәсілдерін психотерапевтік және психокоррекциялық құрал ретінде қолдануды негіздеу Х.Рид (1943) және Е.Крамер (1958, 1971) еңбектерінде көрсетілген.
Ресейде бұндай тәжірибені Е.И.Бурно (1989), Г.В.Бурковский, Р.Б.Хаймин (1982), О.А.Карабанов және т.б. еңбектерінен көруге болады.

Арт-терапияларды қолданғанда жұмыс барысында ең бастысы талантын көрсету емес, спонтанды пайда болған өзінің қобалжуларын, қиындықтарын, бұрынғыдан қалған елестерін жеткізу.
Өнердің, мүмкіндігі шектеулі балаларға балаларға, жағымды әсер етуін қазіргі кездегі арнайы психология мен педагогикадағы зерттеулер дәлелдейді.

баламен жұмыс
Мүмкіндігі шектеулі балалармен балалармен өнер арқылы жүргізілетін түзету жұмысының әлеуметтік-педагогикалық бағыты екі жолмен жүзеге асады:
• болмысты өмірде және өнер шығармалары арқылы эстетикалы қабілеттілігін тәрбиелеу;
• өнермен байланысты іс-әрекетін (көркем-сөйлеу, әуен, бейнелеу, театрлы-ойын, катарсистикалық (тазару))дамыту.
Өнер көркемдік дамудың маңызды факторы болып, баланың эмоциялық аумағына үлкен психотерапевтік әсерін тигізеді, сонымен қоса коммуникативтік, реттеуші қызметін атқарады. Мүмкіндігі шектеулі баланың құрдастарымен және үлкендермен көркемдік іс-әрекетке қатысуы, оның әлеуметтік тәжірибесін кеңейтеді, бірлескен іс-әрекетте өзара әрекеттесуге және қарым-қатынасқа түсуге көмектеседі. Бала ұжымда жеке ерекшеліктерін көрсетеді, бұл мүмкіндігі шектеулі баланың ішкі дүниесінің қалыптасуына, ондағы әлеуметтік маңыздылығы сезімінің бекітілуін қамтиды.
Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі баланың айналысатын өнердің барлық түрлері оның тәртібіне, мінез-құлқына әсер етеді, ұжымда, жанұяда байқалынатын эмоциялық ерекшеліктерін реттеуге, оларды түзетуге көмектеседі.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға өнердің психокоррекциялық әсер етуі балаға жағымсыз, теріс уайымдардан, қылықтардан арылуға (тазартуға) және қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсуге мүмкіндік береді.
Арнайы мекемелерде психокоррекциялық көмек беру жүйесінде арттерапияның түрлері қолданылуда. Олар: музыкотерапия, изотерапия (бейнелеу терапия), вокалотерапия, сказкотерапия (ертегітерапия), кинезитерапия, библиотерапия және басқалары. Әр арттерапия әдістемелерін қолдану баладағы бұзылыстың сипаттамасымен белгіленеді. И.Ю.Левченконың айтуы бойынша тірек-қимыл аппратары бұзылған балаларға көбінесе бейнелеу терапия, музыкотерапия және ертегі терапияларын қолдану тиімді нәтиже береді.
Мектепке дейінгі жастағы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалармен психокоррекциялық жұмыстар барысында изотерапия (бейнелеутерапия) (сурет, илеу) мен ертегі терапия кеңінен таралған түрі болып табылады. Мектепке дейінгі жастағы балалармен арттерапевттік әдістемелерді қолдануда сензитивті (сезімталды) кезең болып 6-7 жас саналады, кейде 5 жастанда басталады. Бұл жаста балада сөйлеу тілі, қимыл-қозғалыс дағдылары, көркем іс-әрекеттегі қарапайым іскерліктері қалыптасады, санасы дамиды, бұл арттерапевттік әдістемелерді қолданудың негізі болып саналады.

баланы қызықтыру
Зиятында ауытқуы бар тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларда кіші мектеп жасы көбіне мектепке дейінгі жастың ерекшеліктерін сақтайды, сондықтан да бұл жерде ересек мектепке дейінгі балалармен жұмыс жасауда қолданылатын нақты әдістер қолданылады.
Мектеп жасындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға психокоррекциялық жұмыстарды жүргізуде арттерапевттік әдістемелердің рөлі азаймайды, керісінше жоғарлай түседі, баланың психикалық дамуымен бірге терапевттік техника мен міндеттердің шеңбері кеңейеді. Әр психокоррекциялық әдістеме белгілеген міндеттерді шешуге бағытталған және бала жасына және оның психикалық даму ерекшеліктеріне байланысты өзінің қолдану шекараларына ие.
Тірек-қимыл аппараты бұзылған балалармен психокоррекциялық түзету жұмыстарын жүргізу барысында пайдаланылатын құралдарды таңдауда екі негізгі фактор есепке алынуы қажет: ақыл-ой деңгейі мен сөйлеу тілі деңгейінің дамуы. Неғұрлым баланың сөйлеу тілі мен ойлау қабілеті жақсы дамыған болса, соғұрлым қолданылатын құралдар жинағы кең болады.
Қорыта айтқанда, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға түзету жұмыстарын жүргізу кезінде арт-терапияларды қолдану бұл балалардағы эмоционалды қысым төмендетеді, теріс мінез-құлықтардан арылуға көмектеседі. Сонымен қатар, шығармашылық өзара әрекетке түсудің тиімді жақтарын қарастырады, яғни өзара келісе алмаушылық, өзгеге жол беру, жалпы іске өз үлесін қоса білу, өз беделін бағдарлай алу секілді жекелік құндылықтар түзетіледі. Егер арт-терапиялар қолданылып түзету жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырса балалардың дамуында келесі білімдері мен дағдылары қалыптасады: өз ойларын баяндай біледі, қоршаған ортаға деген түсініктері қалыптасып, кеңейеді, елестету, қиялдау қабілеттері дамиды, танымдық белсенділігі және ойлау қабілеті артады және т.б. Балалармен жүргізілетін коррекциялық жұмыстарды, соның ішінде психокоррекциялық жұмыстар ерте кезден бастап ұйымдастырылса, баланың келешектегі әлеуметтік бейімделуі мен реабилитациясы дұрыс жүзеге асатынына сеніммен қарауға болады.

Пікірлер4
  1. Казна

    Иә, мұндай жағдай маған таныс және осы құнды ақпаратқа рақмет

  2. Балжан

    Өте жақсы жазылған рахмет?

  3. Уміт

    Өте құнды материял.Бұл тақырып қазір сондай маңызды

  4. Гулжаухар

    Өте орынды жазылған мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмысты көбірек жасап өз ортасына қосу біздің міндетіміз

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ