Тәуелсіздікке 25 жыл


Erketai / Дек.2.2016. / Пікірлер жоқ

Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізді. Бұл қасиетті арманға жету жолында небір қазақтың марқасқа азаматтары, қанша ару қыздары құрбан болды. Бұл тәуелсіздік бізге бабаларымыздың қасық қанымен, маңдай терімен келді. Ел болып қалыптасу барысында Керей мен Жәнібек шаңырағын көтеріп кеткен ұлы алаштың ұрпақтары бүгін сол құдіретті Тәуелсіздіктің ширек ғасырға толуын тойлап отыр. Бұл біз үшін ұлы мереке, әрбіріміз жан дүниемізбен сезініп, қадірін біліп, аялайтын айбынды мереке.

Тәуелсіздікке 25 жыл

Артымызға бұрылып қарасақ осы ширек ғасырлық қымбат Тәуелсіздікке жету жолы әріден тым әрідегі тарихтан бастау алғанын көргендей боламыз. Қазақ тарихы күреске толы болғаны жасырын емес. Сол күрестің барлығы дерлік қазақ қолына қылыш алып, найза ұстап елін-жерін қорғаумен өтті. Қазақ тарихында ұлты үшін ұран салған көптеген батырдың атты алтын әріптермен жазылып қалды. Солардың қай-қайсысы болмасын ұлтының жолында кеудесін жауға тосқандар.

Арыға бармай-ақ жиырмасыншы ғасырдың өзі қазақ халқының басына небір зобалаң шақтарды туындатты. Иә, небір қиын кезеңдер өтті бұл қазақтың басынан. Он алтыншы жылғы көтеріліс, жиырмасыншы жылдары туындаған ашаршылық, отызыншы жылдардағы жаппай қуғын-сүргіннің кесірі небір аптал азаматымыздың өмірін қиды. Ұлы Отан соғысындағы қан майданда қаншама ұлт боздағы опат болды. Одан кейін сексен алтының аязында Алматының алаңындағы қазақ боздақтары тағы бар. Міне, біз осы ұлы тәуелсіздікке қаншама тартыс, қаншама күрестің, төгілген қанмен, тамған тердің, жылаған жүректің арқасында жеттік. Сондықтан біз үшін бұл тәуелсіздіктің, еркіндіктің құдіреті мықты, қасиеті жоғары.

желтоқсан

Тәуелсіз Қазақстандай ел бар екенін бүкіл әлем мойындап, оның дамуы мен өркендеуіне әлем көз тікті. Ел болып етек-жеңімізді жию барысында тек жетістіктер ғана емес, қиындықтар да болды. Біз соның барлығын жеңіп бүгінгі күн ел егемендігінің 25 жылдық мерейтойына да келіп жеттік. Осы аралықта ел болып еңсе түзедік. Өзге елдерде елшіліктерміз ашылып, көптеген елдермен саяси-экономикалық қарым-қатынасымызды жолға қойдық. Бірнеше рет әлемге келген дағдарыстардан елдігімізді шайқалтпай аман алып өте алдық. Қазіргі кезде еліміз әлемдік деңгейде аяғын нық басып, өзге елдердің көпшілігі санасатын алып мемлекетке айнала алдық.Осындай дәрежеге жету барысында көптеген істер мен өзгерістер керек болды. Оның барлығына ел дайын емес еді. Осыны халыққа түсіндіріп, ұлы жолда еңбек етіп, еліміздің бағыт-бағдарын айқындап, оның болашағы үшін алаңдап ұлтының ұйысуы үшін аянбай еңбек еткен Елбасымыз екені айдан анық. Ширак ғасыр ішінде ел болып еңсеміз түзелді. Осы аралықта артымызға бұрылып қарасақ қаншама жетістіктер мен жеңістерге ол жеткіздік. Бұл бақытты жолға ұлт көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында жете алдық.

Елбасы

Сан түрлі өзгерістер мен түрлі тәжірибелер арқылы Елбасымыздың ең басты ұстанған саясаты ол ашық нарықтық экономикаға көшу еді. Осы жолда шетелдік инвестицияны тарту арқылы ел экономикасын көркейтуді алға мақсат етіп қойды. Осы мақсатта түрлі келіс сөздер мен жұмыстар жүргізілді. Және сол еңбектің арқасында нәтижелерге қол жеткіздік. Тарихымыз түгенделіп, тіліміз бен діліміз өзімізге қайта оралды. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, қорғалды. Сонымен қатар өз қазба байлықтарымыз өз игілігімізге қызмет ететін дәрежеге жеттік. Міне, Тәуелсіздік жемісі – дегеніміз осы.

Ұлы Абайдың 150 жылдығын “ЮНЕСКО” шеңберінде тойладық. Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихын қандай үлкен дүрмекті тоймен өткізе алдық. Одан өзге де талай тарихи құндылықтарымыз дәріптеліп жатыр. Астана қаласында бүкіл әлемді өзіне қаратып тұнғыш рет әлемдік діндер жетекшілерінің съезін өткізумен еліміздің аты тарихта жазылды.

Тарих шежіресінде Қазақстанның спорттық мансабы да үлкен серпінмен алға жылжыды. Қазақтың қаракөздері мұхит асып, елдің елдігін білдіріп, ән ұранымызды әлем алдында асқақтатып, көк туымызды желбіретті. Қазақстандай айбынды елмен өзге елдер санасып қана қоймай қызыға қарайтындай Ұлы мемлекетке айналдық. Экономикалық, әлеуметтік дамуымызбен қатар архитектуралық тұрғыда да өстік, өркендедік. Бұған дәлел айбынды Астананың салынуы.

Астана

«Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін ол – білім!» деп ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай білім саласында да көптеген жетістіктерге жеттік. Жаппай жабылып қалған балабақшалар, қазақ тілді мектептер қайта жанданып күре тамырына қан жүргендей әсер алды. Бүгінде еліміздің тіпті ауыл-ауылдарының өзінде бөбектерге арналған балабақшалар жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі тәуелсіздіктің жарқын жемістері. Еліміздің жастары әр түрлі елдерде білім алып, сол алған білімдерін елдің дамуына жұмсау үстінде. Сонымен қатар көптеген олимпиадалық интелектуалдық сайыстарда елдің көк байрағын биіктен көрсетіп желбіретіп келеміз. Мәдени тұрғыдан жеткен жетістіктеріміздің өз қаншама. Мәдениетті қолдау жылында көптеген құнды жәдігерлеріміз қалпына келтіріліп, мемлекеттің қорғауына алынып, жоғалып кетпеудің амалдары жасалды.

2011 жылы қысқы Азиада ойындарының жалауын желбіретіп, спорттық деңгейіміздің де өскендігін дәлелдей алдық. Биыл тәуелсіздікке 25 жыл толған тарихи маңызы бар үлкен мерекені атып өтудеміз. Одан ары алдымызда тағы бір тарихта алтын әріптермен жазылатын 100-ге жуық елдің басын қосатын халықаралық “ЭКСПО-2017” көрмесін өткізбекшіміз. Міне мұның барлығы ширек ғасырлық тарихы бар Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері. Біз осының бәрімен мақтана аламыз. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның дұрыс, айқын жолда келе жатқанының айшықты дәлелдері іспетті. Тәуелсіздік маңдайымызда мәңгілік жарқырасын!

Мақала авторы: Нұрсұлу Базарбай 

smile

Пікір қалдыру

Тек мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз сұрағыңыз болса мына сілтемені басыңыз!