ҮШ КӨБЕЛЕК(неміс ертегісі)


Erketai / Авг.10.2013. / комментариев 5

kobeleks

Күн шуақты алаңқайда апалы-сіңлілі үш көбелек тату-тәтті өмір сүріпті. Олардың біреуі-ақ, екіншісі — қызыл, үшіншісі — сап-сары екен.
Көбелектер гүлден-гүлге қуана ұшып-қонып, өмірлерін көңілді өткізіпті.
Бірде тасыр-тұсыр етіп жаңбыр жауып кетеді. Көбелектердің қанаттары дымқылданып,қайда тығыларын білмей дал болады. Ал, себелеп жауған жаңбыр тоқтар емес!
Малмандай су болған көбелектер лалагүлге келіп:
— Лалагүл, лалагүл! Бізді жаңбырдан тасалашы! — деп өтінеді. Лалагүл:
— Жарайды, ақ көбелектің түсі маған ұқсайды екен. Мені саяласын! Ал, қызыл, сары көбелек басқа жерге тығылыңдар! — дейді.
Мұны естіген ақ көбелек:
— Менің әпкелерім су болып жүргенде, жалғыз өзім сенің саяңда қалай жайбарақат отырамын. Оларды да тасаңа тыға алмасаң, онда мен де отырмай-ақ қояйын… — деп ұшып кетеді.
Үшеуі ұшып келеді, ұшып келеді. Жаңбыр да қоятын түрі жоқ. Қараса, үлкен қызыл қызгалдақ өсіп тұр екен.
— Қызғалдақ, қызғалдақ! Мүмкін болса, жаңбыр саябырлағанша біз се¬нің ығыңа тығыла тұрсақ бола ма?
— Қызыл көбелек маған ұқсайды. Соны алайын қалқама. Ал, ақ көбелек пен сары көбелек басқа орын іздесін! — дейді Қызғалдақ.
Бұған ренжіген қызыл көбелек:
— Сен менің әпкелерімді қабылдағың келмесе, маған да көмектеспей-ақ қой. Тоңсақ, бірге тоңайық, — деп ұшып кетеді.
Қызыл көбелек қараса, алдарында үлкен сарғалдақ өсіп тұр. Олар гүл жанына ұшып келіп:
— О, тамаша сарғалдақ! Жаңбыр тоқтағанша сені ықтай тұрайықшы?! -деп өтініш жасайды.
— Жарайды, мен өзім түстес сары көбелекті жаңбырдан қорғай тұрайын. Басқаларың өзге жер іздеңдер, — деп жауап қайырады.
— Жо-жоқ! Сен менің әпкелеріме көмек бере алмасаң, мен де сені паналамаймын! Одан да су болғаным артық, — деп жауап қайырып, ұшып кетеді.
Көбелектердің бұл сөздерін бұлттың ар жағында тығылып тұрған күн естіп қалады. Күн көбелектердің өзара татулығына, ауызбіршілігіне қуанады. Оларға көмектесуге ұйғарады.
Күн бұлттарды ыдыратып жіберіп, аспанға жарқырап шыға келеді. Жылы шуақтарымен көбелектердің су болған қанаттарын кептіріп, алтындай сәу¬лелерімен арқаларынан сипайды.
Қуанған көбелектер қанаттарын шаттана қағып, қайтадан көңілдене бастайды. Алаңқайдың көркін кіргізіп, әрі-бері ұша бастайды. Бірақ, мұнан кейін олар ешқашан лалагүл, қызғалдақ және сарғалдақ гүлдеріне қонбайтын болыпты.
«Шын достар — тек қиындықта сыналады» деген сөз содан
қалса керек.

smile

комментариев 5 Пікір қосу

  • өте жаксы ,бтрақ қысқа

  • Көбелек ертегісі өте қызықты екен маған ұнады.

  • Көрініс ретінде балаларға бимен үйретсем деп ойлаймын

  • ертегі қызықты екен

  • бұл ертегіні қалай алса болады?

Пікір қалдыру

Тек мақалаға байланысты пікіріңізді жазыңыз сұрағыңыз болса мына сілтемені басыңыз!