Таңертеңгі сапырылыс

 Жаз айының жан сергітер жаңа таңы. Шалғайда—шағын ауыл. Ағаш үйлердің маңайында қыбыр еткен жан жоқ. Өлі тыныштық. Ауыл тұрғындарының ешқайсысы әлі ояна қоймаған. Аулада—үйшіктерінің алдында алтын күн нұрына арқаларын тосып, көсілген иттер. Ерке самал соңында жазғы таңның құлаққа әзер шалынатын сиқырлы сыбдырын қалдырып, жас өскіндердің ара-арасымен жүгіріп өтіп жатыр. Жаңа ғана көзін ашқан алтын күннің сәулесі үйлердің шатырларына баяу жайылып, одан ағаштардың жапырақтарын аймалап, жер бетін қызғылтым түске бояп барады.

Ауылдан қол созым жерде —қалың, жасыл орман. Мұндағы ағаштар ауылдың ішіндегі ағаштарға қарағанда көне, жуан да зәулім. Және де бұтақтары матасып, бір-біріне жақын, иін тіресе өзара өте тату өскен. Аспан айналып жерге түскендей ең ыстық күндердің өзінде күн сәулесі олардың жапырақтарының арасынан әзер өтеді. tauikСондықтан да орман іші тым-тырыс та, салқын. Адамдар болса бұл жерге аяқ аттап басуға қорқады. Орман іші оларға меңіреу түнек болып көрінеді. Ара-арасында жап-жарық, өте әдемі жерлері бар екені естеріне де келмейді. Алтын күн мұндай жерлерге алтын шапағын аямай сеуіп, дүлей орманның ғажайып сұлулығын көз алдыңа жайып салады. Алтын жонды ақ тиіндер бұтадан бұтага қарғып, ұзын құлақ сұр қояндар орманның о шетімен бұ шеті арасында жүйіткіп жүреді. Кімнен, неден қорқатыны белгісіз. Әйтеуір қарап жатпайды, өстіп те болса, тірлік кешеді. Мұндағы, ормандағы, жан-жануарлардың барлығының да қам-қарекетсіз шалжиып жатқаны жоқ. Біреулері зыр жүгіріп жем іздеп, біреулері жаңғақ жинап тыным таппайды. Әрқайсысының өз іс-тірлігі бар. Аңдар адам-дармен көрші тұрып, тіршілік кешіп жатады. Ешкім ешкімге тиіспейді, әркім өзімен өзі. Батылы жеткендерінің бір-біріне, қонаққа барып қайтатын кездері де болады.
Ал, енді сансыз аңдардың ішінде біреуі орманның ит тұмсығы өтпейтін қалың да қараңғы жерлерінен қорықпай, адамы көп ауыл да болсын, кез келген жерде өз үйіндегідей еркін жүрді. Әрбір сүрлеу, әрбір бұтақ, ауылдың әрбір үйіне дейін жақсы білді. Ол кім дерсің, ол — арқа жүні күнге шағылысқан, ұлпа құйрық қызыл түлкі. Түлкі өзінің сыртқы түр-сымбатын мақтан ететін. Шынында да ол орманды мекендейтін жан-жануарлардың ішіндегі ең сұлуы еді. Жан-жануарлар оның мінез-құлқын жақсы білетін, оның әрбір таң қаларлық әрекетіне бас шайқаумен болатын. Ол баршаны асқан қулығымен таңдандырып, сұлулығымен тамсандыратын.
Мінеки, сөйтіп ол әрбір сүрлеуін табаны мен тұмсығы жақсы білетін орман ішімен кеудесін мақтаныш кернеп, қауырсындай қалықтап келе жатып, көз үшынан, байқаусызда иесінің шарбағынан қашып шығып, ауылдан ұзап кеткен, жаңа жауған аппақ қардай мамық жүнді аппақ шөже тауықты көрді. Шөже тауық айналасына қызыға қарап, жолындағы шөптердің басын шоқып жеп, асықпай жүріп келеді. Оған қалай таңданбассың. Айналадарының бәрі —шыршалар да, ағаштар да зәулім, сандық тастар орасан үлкен! Ал, шөже тауық болса тіп-титімдей ғана.
Түлкі қуанып кетті. Ұзақ ойланып тұрмай, үйреншікті ептілігімен жақын тұрған ағаштың тасасына жасырына қойды да, құлағын тігіп, оның жолын бақты.
Шөже тауық аппақтың аппағы еді, сондықтан алыстан-ақ анық көрініп келе жатты. Уақыт өткен сайын жақындай түсті. Ақыры, міне, түлкі жасырынып жатқан ағашқа қатарласты. Осы кезде:
— Міне, бұл менмін! — деп шаттана шәу етіп, түлкі оның алдына қарғып түсті.
Байғұс шөже тауық қорыққанынан аяқтарынан әл кетіп, құлауға шақ қалды. Сонысына қарамай:
—Ал… Сонша айғайлағаныңа жол болсын! — деді.
— Қалай қуанғанымды сезсең еді! Мынадай таңғажайып таңмен бірге таңертеңгі тамағым аузыма өзі келіп түсіп тұрса, қалай қуанбайын?! Бүгінгі күн қандай керемет еді! Күннің көзі жарқырап тұр! — деді түлкі бұрынғыдан да шаттанып. Шөже тауықтың қорыққанына, тіпті де, на-зар аударар емес. Ал, зәресі зәр түбіне кетіп тұрған жанға күн көзі қанша жарқырағанымен, бұлт басып тұрғандай көрінерін қайдан білсін.
— Сен қуанатындай менің саған ала келген ештеңем жоқ, — деді шөже тауық түлкінің сөзінен ештеңе ұқпағандай сыңай танытып.
— Есіме өзіңді әкеліп тұрсың! — деді түлкі екі алақанын ысқылап.
— Мен саған жемтік бола қормын! — деді шөже тауық ашуланып.
— Жүрегім сазып тұр. Үш күннен бері нәр сызғам жоқ! —деді түлкі тамағын кенеп. Түлкі мен шөже тауықтың айтысы қыза түсті. Ақырында шөже та¬уық тұрып:
— Сен өзіңді менің орныма қойып көрші. Сен мен бол да, мен сен болайын. Сонда сен менің қалай тірі жүргім, өмір сүргім келетінін сезесің!
— Ал сен менің қарнымның қалай ашып тұрғанын сезесің!—деді түлкі оның сөзін әрі қарай сабақтап.
Сөйтіп, түлкі шөже тауыққа, ал шөже тауық түлкіге айналды.
Шөже тауыққа айналған түлкі қарсы алдында тұрған түлкіні, яғни күн нұрына малынған түктерінің жалт-жұлт еткенін көрді. «Өзі қандай сұлу!» деп ойлады. Ойына басқа дәнеңе де келген жоқ. Ал, түлкіге айналған шөже тауық болса дәмді жемі қарсы алдында дайын тұрғанда, оған бас салмай, өртеніп бара жатқан аш өзегінің тілін алмай, өзін-өзі тежеп қалудың қандай қиын екенін ойлады. Бөгеліп қалуға ерік-жігері жетер емес! Осыдан қайтадан шөже тауыққа айналысымен, кішкентай аяқтарының шамасы жеткенше, дереу ауылға қарай бар күшін салып қаша жөнелуден басқа амал жок екенін түсінді.
Осы сәтте түлкі мен шөже тауық өз бейнелеріне қайта ене қалды. Түлкі бірден шөже тауыққа атылды, ал шөже тауық болса бар күшін салып, ауылға, өз ауласына қарай зымырай жөнелді. Түлкі шарбаққа жеткенде де аялдамады. Үй иесінің өзінің ағаш үйінде әлі ұйықтап жатқанын сезді ме, ештеңеден қорықпай, шарбақтан асып түсті де, тауықханаға жетті. Бұл кезде түлкінің таңғы асы болуға сәл-ақ қалған, жүгірсе тірі жанға жеткізбейтін әлгі аппақ қардай ақ шөже тауық тауықханаға ешқандай дабырасыз еніп, ұяластарының ортасына сырыққа қонақтап үлгерген еді. Түлкі оның тауықханаға қай жағынан қалай кіріп, жасырынып қалғанын көрмеген. Тауықтардың көпшілігі әлі аппақ шөже тауықтың қатарында сырғауылда қалғып-мүлгіп отыр еді. Ал таң атпай оянып алған, қызық оқиғаларға құмарлары түлкіге таңдана қарады. Түлкі болса:
— Қайда қашып кеттің?! Тез түс. Сен менің қарнымның қалай ашып тұрғанын білдің ғой!—деп айғайлады.
Сөйтіп ол ұзақ уақыт кетпей, тауықхананы төңіректеп жүріп алды. Ақырында шөже тауық шыдамай:
— Жақсы. Сенің маған өзің келуіңе болады, — деді.
— Сонда қалай барам?! —деді түлкі жаланып-жұқтанып. — Айтшы.
— Мұнда келудің бір ғана жолы бар. Анадай мол денемен, түйедей қалпыңмен тауықханаға кіре алмайсың. Оның үстіне жалт-жұлт еткен ішігіңді былғап аласың!
— Онда не істеуім керек?! — деп, түлкі тұрған орнында қарғып түсті. Дәмді тағамның соншама жақын екеніне сене алар емес!
— Жауын құртына айнал да, тордың астынан жер бауырлап жылжып өт! — деді шөже тауық сабырлы дауыспен.
Түлкі қуанып кетті. Ұзақ ойланып жатпай, жауын құртына айналды да, жер бауырлай жылжып, тауықханаға кірді. Сол кезде барлық тауық, тіпті сырғауылда қонақтап, ұйықтап отырғандары да орындарынан ұшып-ұшып түсіп, жауын құртына тап берді.
—Өтінемін! Мені жей көрмеңдерші! Менің өмір сүргім келеді!—деп айғайлады жауын құрты. Бірақ оның әлсіз даусы еш тауыққа естілген жоқ. Шаңы аспанға көтеріліп, тауықхана іші азан-қазан болды. Жауын құрты бар күшін салып, есікке қарай жылжыды. Әзер дегенде сыртқа шықты. Көкірек кере тыныс алып тұрып:
— Болмас, шөже тауық! Бүгін таңғы ассыз да жан бағармын!— деді. Сөйтіп тұрып ол бүкіл тауықтарды таң-тамаша қалдырып, дереу алтын құйрықты түлкіге айналып, алды-артына қарамай, орманға қарай зыта жөнелді.
— Сірә, біз де таңғы тамақсыз қалдық-ау деймін,—деді шөже тауық қасындағы тауықтарға.
Тауықтардың барлығы ұшып-ұшып төмен түсті. Иттер де ұйқыларынан оянып, керіліп-созылып алып, дауыстарын бірінен бірі асырып үре бастады. Әтештер де кеңірдектерін созып, бар дауыстарымен шақырып жатты. Үй ішіндегілер де оянды. Әйелдер шелектерін көтеріп, сиыр саууға шықты. Шағын ғана ауыл жұртшылығы түгел ұйқыдан тұрып, тіршілік қамына кірісті. Ал, ферманың иесі таңертең ертеңмен, алтын күннің қызғылтым шапағы жер бетін енді қыздыра бастаған кез¬де, өзі жанын жадыратар әдемі түс көріп жатқан кезде, мал қорасында қандай ғажайып оқиғалар болғанынан мүлдем бейхабар еді.

 авторы: Ағила Сауран

Пікірлер1
  1. ГҮЛДЕН

    ӨТе жақсы

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ