Өнерлі өрендер №8 (балалар шығармашылығынан)


Тәуелсіздік

Бұрын-соңды не көрмеді бұл қазақ,
Қинады ғой қазақ жұртын бір азап.
Отаны үшін жанын қиып ерлерім,
Қыздарың да қалған емес құр қарап.

Тәуелсіздік бабалардың ұлы арманы,
Шықты алаңға қазақтың қаһарманы.
Намысы оттай жанып лапылдаған,
Тайсалмады халқымның батырлары.

Аналарым азат күнді көп аңсаған,
Батырларым жеңіс құшып бір жасаған.
Қазақстан қарыштап алға ұмтылды,
Нұр Астанам, бейбіт қалам, гүл жайнаған.

Ұлыларым қоныстанған ұлы далам,
Өскен өлкем қашаннан ыстық маған.
Үмітіңді ақтасам арман бар ма,
Көркейе бер көріктеніп туған қалам.

Әлихан Айдана
Қызылорда қаласы, Абай ауылы
№138 Абай орта мектебі

Өнеге алам өзіңнен
 (Жамбыл атаға арнау)
Жамбыл ата жырыңмен,
Халқың үшін тер төктің.
Домбыраның үнімен,
Көңілдерді тербеттің.
Екі дәуір шындығын,
Сынға алып қарадың.
Айтыста шағып ел мұңын,
Бақытты өмір қаладың.
Жамбыл ата алыпсың,
Ерлікке толы жырларың
Жүрегінде қалыпсың,
Өзіңе ғашық жандардың.
Бай-болысқа бағынбай,
Көптің сөзін сөйледің.
Өтірік мақтап жағынбай,
Сәулелі сөзге бөледің.
Сұхбаттастым өзіңмен,
Киелі кітап бетінде.
Кешегі сенің көзіңмен,
Қараймын мен де еліме.
Жамбыл ата ізіңмен,
Бәлкім ақын болармын.
Өсиет еткен сөзіңнен ,
Мен өнеге аламын.

Шонжар Ақерке Еркінқызы
Қызылорда қаласы, Абай ауылы
№138 Абай орта мектебі

тақпақтар балалар

Бөбек деп соққан жүрегі
(Сара апайға арнау)

Еліміздің ол алғашқы бас ханымы,
Ұнайды оның өмірлік ұстанымы.
«Өзіңді — өзің таны» деп ой салушы,
Сара апайдың қашаннан мол танымы.

Болашаққа көрсетіп жол, қосты үлес,
Бұл дағы бағындырған болды белес.
«Бөбегім» деп бауырға алды жетімін де,
Бақытты балалық үшін қылды күрес.

Көмек етіп, сәбиіне пана болған,
Арашалап жамандықтан, қара жолдан.
«Өмірді тану -өзіңді тану»деп ұқтырып,
Шуақ нұрға бөлеген Сара болған.

Шонжар Ақерке Еркінқызы
Қызылорда қаласы, Абай ауылы
№138 Абай орта мектебі

Ерке сіңілілерім

Кішкентай балғын балалар,
Өз бетінше істі саралар.
Үйдегі екі сіңілім
Ой менен қырды жағалар.

Мөлдірейді көздері,
Тәтті ғана сөздері.
Еркеліктері ұнайды
Сүп-сүйкімді өздері.

Таңертең ерте тұрады,
Бар екен тағы сұрары.
Түртпектеп мені оятып,
Құлағымды бұрады.

Шонжар Ақбота Еркінқызы
4-сынып
Қызылорда қаласы, Абай ауылы
№138 Абай орта мектебі

Erketai / Дек.21.2016. / комментария 2
smile

  • Сандуғаш

    Мен таң қалып отырмын. Барлық тақпақтарды оқып шықтым тамаша жазылған. Мен өте қуаныштымын елімізде осындай өнерлі балалардың өсіп келе жатқанына. Өнерлерің өрге жүзсін.

  • Талшын

    Шын мәніндеде өте сапалы жазылған өлеңдер екен.Авторларына көп-көп рахмет! Шабыттарыңа шабыт қосыла берсін.