Көзіңді сақта!

      Балалар, қазір біздің өмірімізді компьютерсіз елестету мүмкін емес. Сендердің де көпшіліктерің компьютерге бауыр басып кеттіңдер. Одан қалса, теледидардың алдынан шықпайсыңдар. Бірақ монитордың алдында көп отыру
денсаулыққа зиян екенін ескере бермейсіңдер. Оның әсіресе көзге көп әсер ететіндігін дәрігерлер жиі айтып жүр. Көз дәрігерлерінің өздеріңе арналған көз гимнастикасы.Ол сендер үшін өте пайдалы. Сондай-ақ оған арнаулы жаттығу құралы да керек емес. Уақытың да көп кетпейді. Енді дәрігердің кеңесіне құлақ асыңдар:

     koz-aurulariБалаларға күніне компьютердің алдында 15-20 минуттан артық отыруға болмайды. Соның өзінде монитор көзден кем дегенде 60 сантиметр қашықтықта тұруы керек.
Қараңғы бөлмеде компьютердің алдында отырып жұмыс істеу тіпті қауіпті. Мұндай жағдайда оның кері әсері бірнеше есе көбейіп кетеді. Сонымен қатар компьютер тұрған бөлмені күніне бір рет ылғал шүберекпен сүртіп отырған абзал. Компьютермен жұмыс істеген кезде әрбір 15 минут сайын төмендегі жаттығуларды міндетті түрде орындаңдар.

Көз айналдыру
Бастарыңды қозғалтпастан көздеріңді алдымен сағат тілімен,
сонан соң кері бағытта он реттен айналдырыңдар. Енді осы жаттығуды жұмулы көздеріңмен қайталап шығыңдар.
Төрт бағытқа қарау
Бастарыңды бұрмастан көздеріңді жоғары-төмен, оңға-солға қозғалтыңдар. Әр жаттығуды 10-15 рет қайталаңдар.
Саусақ
Сұқ саусақтарыңды екі көздің арасына қойып, соған қараңдар. Сонан соң көздеріңді саусақтан айырмай, оны ақырындап өздеріңнен алыстата беріңдер. Бұл жаттығуды да бірнеше рет қайталау керек.
Көз жұму
Екі көздеріңді бірдей қатты жұмыңдар. Сонан соң бір нәрсеге таңқалғандай көздеріңді қатты ашыңдар. Мұны да бірнеше рет қайталаңдар.
Жыпылықтату
Көздеріңді қатты әрі тез-тез ашып-жұмыңдар. Бұл жаттығуды тез және көбірек істеген пайдалы.
Ұйқы
Ал енді көздеріңді жұмып, ұйқыға жатқандай өздеріңді бос ұстандар. Жағымды, қуанышты нәрселер туралы ой ойландар.
Дәрігердің осы кеңестерін күн сайын орындасаңдар, өздеріңді әлдеқайда жақсы сезінетін боласыңдар.

ErKeTai.KZ