Қазақ тілім – менің ұлттық мәртебем

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі ата заңмен бекітілген соң, ХХІ ғасырдағы ел болашағының жарқын болуына, жаһандану дәуірінде қоғамның барлық салаларында дамушы саяси-экономикалық факторлардың жаршысы болып өз мүмкіндігін мойындатуына байланысты.
Мемлекеттік тіліміздің қолдану кеңістігі барған сайын ұлғайып, қоғамдық қарым-қатынас тіліне айналып келеді. Елбасымыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» – деп айтқан пікірі барша қазақ елінің нақты мақсаты болуға тиіс. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып қабылданғанына көп уақыт өтсе де, жұртшылық жүз пайыз қазақша сөйлеп кете қойған жоқ. Осыдан кейін, ақпарат беттерінде « әлемде әр екі апта сайын бір тіл жойылып кетеді екен. Қазақ тілінде жоғалтып аламыз-ау , » – деп күдіктенген тіл жанашырлары арасында қызу тартыстар әлі күнге дейін жүріп келеді.

Ұшқан құс бір шетінен екінші шетіне қанша мәрте бел суытып, әрең жететін дархан жері бар, жөргегінде Тәңірден бата алған қасиетті ана тілі бар, қазақ елінің иесі де , киесі де сол халық. Халық – құдайдан бір жасы кіші. Қазақ елі қара жаяу халық емес. Қазақ есігі мен жүрегінің тұсына қарауыл қоймайды, қонағын төріне шығарып сыйлайды, өзі төмен отырып тыңдайды. Көмейіне сөз ұялап, көңіліне ой балалаған арғы аталарымыз Әлім Сақтан cөзге шешен болып өскен.

Қазақ тілі, тіл мәртебесі туралы, қазақ тілі жайлыЖыланның көзіндегі мейірімді ,

Қыранның көзіндегі мұңды .

Бұлбұлдың үніндегі сағынышты ,

Аққудың бойындағы қан ішерлікті ,

Қасқырдың жүрегіндегі имандықты түсіну, құстың қанатындағы таңбаны оқып , шыбынның ызыңын ұғу , жұмбақ әлемнен сыр шерту , бұл тек қана осы ұлы даланың киелі Маруанақыра билеріне ғана бұйырған болса , осы тылсым сырларды жеткізген де қазақтың тілі.

Қазақты Қазақ еткен мейірімді тілі,

Мейманды досы, мархаббатты төрі.

Мамыражай көңілі, бейбіт өмірі,

Шексіз пейілі, теңіздей сарқылмас өнері.

Еңбектегі өлермендігі, өшпейтін өсиеті .

Ұмытылмайтын қасиеті , арыстандай аңқаулығы, айбынды азаматтығы, азбайтын ары мен ұяты, тозбайтын жұраты!

Оларды білген Қазақтың асыл болар мұраты ,- деп Қаздауысты Қазыбек би

толғанады. Қазақ тілі – елдің қазынасы. Тіл –көңілдің бұлағы, ой – қоңырауы. Екі сөзінің бірінен мақалы мен өсиеті қалмайды. Қазақ тілінің шырыны – бабалар өсиеті. Өлмейтін өсиетті естіген кеуде еріксіз тулайды. Ол қасиетті қазақ тілінің құдіреті. Суға салса, батпайтын, адуын ағысқа ақпайтын, мәңгілік мағынасы мен бояуын сақтайтын , саналы сүйсіне жаттайын сөз жәннаты. Өсиет – тамырын терең жайған киелі мама ағаш. Отқа жақса сөнбеген, жалынын таптаса, күлі сөйлеген , тасты балқытып, темірді илеген қызыл тіл. Тектілігі тұлғасын сомдаған, қуанышы-қайғысын қара өлеңмен толғаған, көктің сырын ұғып, шөптің тілін білген, шеніне қарай шапан киген ел.

Заманында Ескендір Зұлқарнайын айдаһардай ақырып келгенде, ұлы даланың ұрпақтарын ырқына көндіре алмай, жүні жығылып, қазақтың қарапайым болмысы мен көрегендігіне, қайсарлығы мен ептілігіне еріксіз тәнті болып:

Жыланды екі кессең, өледі,

Қазақты жеті кессең, өседі.

Қиналса да тектілігін сақтайтын,

Қырсаң, қынадай қаптайтын ел екен.

Айтып тауыса алмадым, -деп бекер айтпаған.

Кешегі киіз үйде туып, жез самаурынның исі сіңген, қаймақ қатқан шайын ішіп, таңдап тұлпар мінген қазақтың бүгінгі ұрпағы, ұясын ұшпаққа салғаны анық. Маңдайына жаһандану дәуірінің бағы бұйырып, жайлы жатын, қарыны тоқ, киімі бүтін, ұйқысы тыныш, жоқшылықтың дәмін сезбеген, білімді тегін алса да, аяғының астынан арыны көрмейтін, өткенін біле бермейтін буын қалыптасты. Бірақ, бойында ұлттық рух, таза қаны бар ұрпаққа үрке қарап, кінә арту әбестік. Бұл өзіміз жіберген ұлттық тәрбиенің осалдығы екенін мойындауымыз керек. Әр бір дүниеге келген қазақ баласы- қазақша сөйлеп бел тіктемей, өзге ұлттың өкілдері мемлекеттік тілдің қадірін ұғынбай , ішкен судың, татқан дәмнің , туған жердің салмағын ұғына алмайды.

Абылай хан:

Жүктің ауырын тіл көтерер ,

Ынтымағы жоқ елде.

Дуалы ауызды пір көтерер .

Жаман биенің атын ,

Тұяғы желді кер көтерер .

Өшкен өсиетті ,

Оралмас қасиетті ,

Әруағы отты тіл көтерер ,-депті. Қазақтың тіліндей әлемде бай тіл жоқ.

Оның терең астары мен құндылығына қаныққан көңіл марқайып қалады.

Қазақтың тілі – шексіз мұхит секілді, күллі әлемді қамтыса да бояуы өңбейді, әлемдік тілдермен теңестіре қалса, ноқтасын бермейтін ұлы тіл. Қазақ тілі- ұлтымыздың мақтанышы, елдің айнасы. Ұлтымыздың асыл қасиеті мен тектілігін дәріптеп, жеткізуші де ана тілі. Тілдің беделі бір күнде қалыптаспайды. Тіл беделі –ұлт мерейі. Қазақ елі-әлемде жалғыз ғана ел. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: « Ана тілінен артық қазақ үшін, бұл дүние де қымбат не бар екен!»-деген болатын. Қандай тауып айтылған ұлағат ! Ел басыны Алла тарыдай етіп жаратады, таудай етіп алу халқының қолында, қайтпас бақ, атан тарта алмас әруақ, ердің еріне қонады. Әр бір от басы – өз алдына бір кіші мемлекет. Адам өз ұрпағы үшін өмір сүреді, ұрпағымен мың жасайды. Әр жас тұлға тәрбиені алдымен от басынан алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің » деп ұлағатты ой саптау да, уыз тәрбиенің ықпалының құнын байыптап береді. Жас бөбектер кеудесін тіктемей жатып , туған тілімен сусындаса , сол тілдің арқасында елдің тарихын, шежіресін ,сөз киесін түсініп, ұлттық құндылықтардың бәрін есітіп, көңіліне тоқып өседі. Сондай ортада есейген тұлға , өз тілінің де, өзге тілдің де бағын аша біледі. Өзін жарылқаған ұрпақтың өзегі талмайды, сүйегі қатқанда алған тәрбиенің сіңімі болмайды.

Қазақтың тілі –тектіліктің тұғыры, ол ұлттық намыс пен рухтың қайнар көзі. Өз тілін білмеген ұрпақ , алыстан бақыт тапқанмен , түптің түбінде өз кемшілігі үшін өкінетін болады. Өйткені, көп нәрсенің байыбына барып зерделей алмайды.

«Ана тілін ұмытқан, ана сүтімен аяқ жуар.

Туған еліңді тастама, алтын бесігіңді аттама.

Қандай бір елге барсаң да,

опасызға орын жоқ, төрін сыйлап кім береді? – десе, енді бір сөзінде :

Әділін сұраса , ақиқатын айт,

Дініңді сұраса , шариғатын айт.

Еліңді сұраса, тарихатын айт. Бұл үшеуін білмесең, тамыры жоқ тас екенсің , әркімнің аузынан қалған қағидасын айт!-деп сыпыра шежіреші Байғұтұлы Әлиасқар атамыз

айтқан . Ана тілді жетік меңгермеген ұрпақ, қазақы мінездің қадірін аяқ асты етеді. Мұның өзі ел ішіндегі мысық тілеулес топтардың бел алуына ықпал етеді. Өз ағасын ағаламаған , кісі ағасын бағаламайды. Ұрпақтың өмірлік танымы түбегейлі өзгеріп, адасқанын аңғармай қалатын тұсы осы. Туған елінің , өскен ортаның тектілігіне көзін жеткізе білген жан, ешқашан аңғалдыққа жол бермеген болар еді. Ата тарихты айызы қанып жетік білген қаны таза әр қазақ , « Мен қазақ болып туғаныма қуанамын »,-деп мақтанышпен жар салып жатса, шіркін! Қазақ тілі дәл сондай сезімге лайықты тіл! Менің жүрегім үнемі осындай мақтанышпен соғады. Әр қазақ жалғызым деп ана тілін аяласа, елдің мәртебесі асқақтап, өсері көбейеді, ұрпақтың жұлдызы биікте маздамайды. « Аруана ботасын ерітеді, ботасы өскен соң , анасын ерітеді»,-деп анасы көкжал, алмас қылыш Әйтеке би бабам бекер айтпаған. Келер ұрпақ туған тілінің мерейін көтеру үшін, алдымен қоғам мектептегі оқулықтардың құндылығын арттыру қажет. Бір ғана қазақ тілі оқулығын ғана алайық. Кеңес дәуіріндегі оқулықтың сапасымен, қазіргі қазақ тілін салыстырсақ, оқулықтар да тіл ережелері толық емес, оқушының қабылдауына да ауыр тиеді. Сынақ хаттар , шығармалар жазуға да сағаттар аз беріледі. Төл тілін білмеген, өз ойын еркін жаза алмаған оқушы , басқа пәндерді жақсы қабылдай қоюы екі талай. Сондықтан , бәрін мектеп партасынан бастау , ата-ананың балаға деген жауапкершілігін арттыру , ұстаздың статусын көтеру мәселесін қайта қарайтын уақыт жеткен сыңайлы. Біздегі бір кемшілік, жас ұрпаққа берілетін патриоттық тәрбиеде бір жүйеге түспеген. Осы саланы қайта ширату арқылы жастардың патриоттық рухын көтеруге болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауында Үкімет «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді, – деп айтылған болатын. Көп ұлтты қазақ елінде бұл ұрпақ болашағы үшін аса қажетті бастама. Мәңгілік ел болуды мұрат еткен елбасымыз келер күнге көрегендікпен болжам жасайды. Ұрпақтың сауаттылығы мен парасаттылығы , қазақ елінің ертеңіне шексіз пайдасын тигізетінін күмән келтірмейді. Бұл қазақ тілінің әлемдік қарым –қатынас тіліне айналуына себепші болса игі. Осы орайда, көреген атамыз Әлиасқар болжамында : « Болашақ Қазақ елі – мәңгілік елге, қазақтың тілі- әлемдік тілге айналады. Қазақтың елін жау ала алмайды. Аспаннан біздің далаға үш киелі жұлдыздың сәулесі түсіп тұрады. Сол сәуледен жер бетіндегі тірілер түгілі, әруақтарда жылынып жатады. Көкте сол үш жұлдыз тұрғанда , туған далаға Тәңір мейірін төгеді. Қазақты жау ала алмайды. Ойы ұшқыр қазақты тек қана көз алады »,- деген екен. Болжамды ойды –болашақ көрсетеді. Тегіміздің тегін еместігі, тіліміздің өшпейтіні ақиқат.

Тіл өшеді демеңдер, тіл өлмейді,

Көштен қалмай у жұтып жүрер мейлі.

Тілім бар да дария кеуделердің,

Көмейінен төгілген жыр өлмейді.

Білесің де, қадірін сүйесің де,

Куә болған ғасырлар күресінде.

Ана тілім иесі бұл даланың,

Келе жатқан көтеріп киесінде.

Жоғалмаған талай жұт бас сұққанда,

Аман қалған топан су, аштықтан да.

Айдаудан да оралды ерлік жасап,

Қайраттыны қиындық жасытқан ба?

Кіндігінен ел өрген аналарым,

Туған тілге табынтқан балаларын.

Қарашықтай қастерлеп қанша ғасыр,

Бізге қорғап жеткізді бабаларым.

Тіл өледі демеңдер, ол өлмейді,

Олқы тұсын болашақ түгелдейді.

Тілеулесі даламның әруақтар,

Туған тілді құрдымға жібермейді.

Қанат сыйлар ойы кең армандыға,

Тұғырына қондырар тарланды да.

Тәубасына келтіріп тойғанды да,

Омырауына от құяр толғандыра.

Тектілердің намысын қайрамасын,

Желіккеннің жығады сайға басын.

Мынау ұлы даланың қазынасы ,

Киелі тілмен ешкім ойнамасын.

Пікірлер6
  1. Айдана

    Өте керемет мақала?

  2. Анель

    Керемет мақала патриоттық сезімді жоғарлатады!!!! Сізге жұмыстарыңызда тек шығармашылық табыс!

  3. Назерке

    Осы мақаладан керегімді алдым.Сөз саптауы өте керемет

  4. Бахтыгуль

    Мақала өте жақсы жазылған. Өзіме керекті деген жерін алдым. Рақмет.

  5. Айгуль

    мақала өте тамаша жазылған

  6. Айгуль

    ote keremet

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ