Ара Майямен саяхат

Ара Майямен саяхат тақырыбындағы жазғы ойын сауық мектепке дейінгі ұйымдағы балаларға өткізілген.Дәстүрден тыс әдіспен (сабын көпіршіктері арқылы) сурет салу балаларға ұмытылмас әсер сыйлап, көңіл- күйлерін көтеріп, қуанышқа бөледі.
Жазғы ойын – сауық
Тақырыбы: «Ара Майямен саяхат»
Мақсаты: Мультфильм кейіпкері ара Майя арқылы балаларға әртүрлі тапсырмалар орындатып, жаз туралы түсініктерін толықтыру, дәстүрлі емес әдіспен (сабынды көпіршіктер арқылы) сурет салғызу, балаларды ұжымшылдыққа тәрбиелеп, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау.
Керек құралдар: Сұйық сабын, су, гуашь, стакан, коктейль түтікшелері, ақ плакат(ватман), ыдысқа құйылған сұйық желім, қылқалам, сүлгілер, үлестірме құралдар (гүлдер, саңырауқұлақтар, көбелектер), себет, ойыншық саңырауқұлақ, музыкалық аппарат, автобус.
Алдын – ала жүргізілетін жұмыс:
Балабақша алаңын безендіру;
Балаларға сабынды көпіршіктер қалай жасалатыны туралы түсінік беру;
Сабынды көпіршіктерді дайындап, әртүрлі түсті сабынды көпіршіктер жасау;
Балаларға сабынды көпіршіктерді коктейль түтікшелері арқылы дұрыс үруді үйрету.
Барысы:
Балалар таңғы ас ішіп болған кезде есік қағып пошташы хат әкеліп тәрбиешіге береді. Тәрбиеші хатты балаларға оқиды.
Хат мазмұны:
Құрметті балалар, сәлеметсіздер ме! Мен сендерді өзімен бірге қызықты саяхатқа шақырамын. Сендер мені балабақша алаңындағы жаппада күтіндер. Мен сендерге ұшып келе жатырмын. Хат жіберуші сендердің сүйікті ара Майяңыз.
Тәрбиеші: Балалар, ара Майямен саяхатқа барамыз ба?
Балалар: Иә!
Ара Мая ойын сауықТәрбиеші: Кәне бәріміз сыртқа шығайық. Ара Майяға асығайық.
(Бәрі жиналып сыртқа шығады. Алаңдағы жаппаға (беседкаға) барады.
Шаттық шеңберін жасайды)
Шаттық шеңбер:
Арайлап таң атты!
Алтын сәуле таратты.
Қайырлы таң, балалар!
Сәлеметсіз бе, қонақтар!
Жаз мезгіліне байланысты сұрақтар қою:
Қазір қандай жыл мезгілі?
Жаз мезгілінде неше ай бар?
Қандай? Ай атауларын атаңдаршы?
Жаз мезгілінде қандай ерекшеліктер болады?
(Ара Майя әлі көрінбейді)
Тәрбиеші: Балалар, ара Майяны көріп тұрсыз ба?
Балалар: Жоқ!
Тәрбиеші: Ол кешігіп жатыр ма, әлде адасып кетті ме екен. Адасып кеткен болар… Аааа, ал мен білемін не істеу керектігін. Кәне бәріміз «Аралар» тақпағын қатты дауыстап айтайық, сонда ол біздің дауысымызды естіп, бізге тез жетеді.
Ара, ара, аралар,
Гүл қауызын жағалар.
Оны баққан ағалар,
Шелек-шелек бал алар.
Ұшып кірсе үйіне,
Аралардан шошыма.
Сен тимесең, тимейді,
Қастығы жоқ досына!
(Балалар қимылмен жасап айтады. Осы кезде ызылдап ара Майя келеді)
Майя: Сәлеметсіз бе, балалар! Мен сіздердің балабақшаңызды таба алмай адасып кетіппін. Сендердің Ара туралы тақпақтарынды естіп, дауыстарына қарай ұшып келдім. Рахмет сендерге.
Балалар, сендер сурет салғанды ұнатасындар ма? Ұнатасындар ғой, иә!? Мына үстелге қараңдаршы, онда ақ плакат, коктейль түтікшелері және әртүрлі түсті сабын ерітінділері құйылған стакандар бар. Солармен сурет саламыз. Қазір мен сендерге көрсетемін.
(Коктейль түтікшелері арқылы сабынды суға үрлеп, сабынды көпіршіктерді ақ плакатқа төгеді. Балалар қайталайды)
Майя: Мына жазғы алаңқай суретімізге не жетіспейді? Оны қалай әшекейлеуге болады?
Балалар: Көбелектер, гүлдер, саңырауқұлақтар, құстар т.б.жауаптар.
Майя: Дұрыс, ендеше суретімізді әшекейлеу үшін: өздерін айтқан көбелек, гүлдерді жинап келу үшін менімен бірге жазғы алаңқайға саяхатқа барасыз ба?
Балалар: Иә!!!
Майя: Ал саяхатқа немен барамыз? (Әртүрлі балалар жауаптары)
Жазғы алаңқайға бару үшін мына жұмбақты шешіндер? Сонда саяхатқа немен баратынымыз белгілі болады?
Жұмбақ:
Көше бойлап аяңдайды,
Адам тасып аялдайды.
Балалар: Автобус!!!
Майя: Дұрыс, мінекей автобус та дайын тұр.
(Жаз әні қосылып, балалар екі-екіден қол ұстасып,
Майя артынан бәрі автобуспен кетеді)
Майя: Мінекей, жазғы алаңқайға да жеттік. Автобустан түсіп әрі қарай жаяу барайық. Қарандаршы, қандай әсем гүлдер өсіп тұр, олардан гүл сұрап көрейік.
Гүл-гүл, бізге сенен әдемі гүлдер алуға рұқсат етші.
Гүл (аудиожазба қосылады): Мен қатты ауырып тұрмын. Өзімнің, яғни гүлдердің қандай түстері бар екенін білмей қалдым. Егер гүлдердің түстерін атап берсеңдер, мен сендерге гүл сыйлаймын.
Тәрбиеші гүлдердің арасынан қағаздан қиылған гүлдерді алып, бір-бірден балаларға көрсетеді. Балалар түстерін атайды. Қызыл, сары, көк.
Гүл: Рахмет, балалар, өте ақылды екенсіңдер. Осы гүлдерді сіздерге сыйлаймын. Сау болыңдар!
(Бәрі әрі қарай жол жүреді. Ортаңғы топтың құмсалғышына келіп, онда саңырауқұлақты көреді)
Майя: Сәлеметсіз бе, саңырауқұлақ. Біздің балаларға саңырауқұлақтар керек еді. Бересіз бе?
Саңырауқұлақ: Мына құмның үстіне жатып демалайын десем, құмның үстін тастар, қоқыстар жаулап алды. Ал тазартайын десем күшім жетпейді. Егер осы қоқыстар мен тастарды мына көпірдің үстімен өтіп қоқыс шелегіне салып, құмды тазартып берсендер, сендерге көп саңырауқұлақтар беремін.
(Тәрбиеші тазалық туралы шағын әңгімелеп береді)
Тәрбиеші: Балалар, саңырауқұлаққа көмектесеміз бе?
Балалар: Иә!!!
Тәрбиеші: Құмды тазартамыз ба?
Балалар: Иә!!!
Тәрбиеші: Көпірден қорықпай өтеміз бе?
Балалар: Иә!!!
Тәрбиеші: Онда, алға!!!Тазартуды бастайық!!!
(Балалар қоқыстар мен тастарды кішкентай шелектерге салып
көпірден(гимн.орынд.) өтіп, қоқыс шелегіне салады)
Саңырауқұлақ: Рахмет, балалар! Күштерін көп екен, епті екенсіндер! Сіздерге ризамын. Енді осы құмда жақсылап демаламын.
Майя, мына құмсалғыштың жаңында саңырауқұлақтар бар, ала қойшы.
(Балалар қуанып, саңырауқұлақпен қоштасып, әрі қарай жүреді.
Алдарынан көбелек кездеседі)
Көбелек: Ой, біздің алаңқайға кімдер келген?
Тәрбиеші: Балалар көбелекпен амандасайық.
Балалар: Сәлеметсіз бе!
Майя: Көбелек, мына балалар «Балдырған» балабақшасынан. Оларды мен ертіп келдім. Біздің жазғы алаңқайды көріп, салған суретімізге әшекейлер алсын деп келдік.
Көбелек: Мен туралы тақпақ айтып берсе, мен әшекейлеуге көбелектерімді беремін.
«Көбелек»
Көбелек-ау, көбелек,
Әдемісін керемет!
Гүлге келіп қона ғой,
Өзің де гүл бола ғой!
(Балалар «Көбелек» тақпағын қимылдармен көрсетіп айтады)
(Көбелек қуанып, балаларға қағаздан жасалған кішкентай әдемі көбелектерді береді. Балалармен қоштасады)
Майя: Балалар, мына себетіміз толған екен. Енді автобусымызға отырып, балабақша алаңына қайтайық.
(Бәрі «Жаз» әні әуенімен автобуспен қайта жаппаға оралады. Майя себеттегі әшекейлерді балаларға біреуден таратып береді.)
Тәрбиеші: Балалар, қылқаламды желімге батырып, қолдарыңдағы қағаздан жасалған көбелек, гүл, саңырауқұлақтардың артқы жағына жағындар да, мына жазғы алаңқай суретімізге орналастырыңдар. Міне былай(көрсетеді).

(Балалар қызыға жұмыстанады. Жұмыс соңында Майя мен тәрбиеші балаларды мадақтайды, сұрақтар қояды)
Майя: Балалар, мен үйіме кетуім керек. Сендерге өте ризамын. Саяхатқа жақсы барып келдік. Сендерге алып келген сыйлығым бар.
(Бәріне сабынды көпіршіктер сыйлайды, қоштасып кетеді).

Тәрбиеші: Балалар, сендерге саяхат ұнады ма? Немен ұнады? Келесіде тағы шығасыңдар ма? (Балалар жауаптары)
Қонақтарға сау болыңыз айтайық.
(Қонақтармен қоштасып, тәрбиеші әуен қосып, балаларға
сабынды көпіршіктермен ойнауды ұсынады)
Бізде, балалардың ұжымдық жұмысы нәтижесінде осындай жазғы алаңқай шықты.
Бұл ойын-сауық балаларға қуанышқа толы, керемет мейрам болды.
Ал суретімізді ата – аналар бұрышына іліп қойдық. Ата-аналар риза болды.

Батыс Қазақстан облысы
Тасқала ауданы Тасқала ауылы
МКҚК «Балдырған» балабақшасының
ІІ санатты тәрбиешісі Тасмуханова Жанна Мұратқызы

Добавить комментарий


ErKeTai.KZ